Қазақ поэзиясы үнемі даму үстіндегі мызғымас мұнара іспетті. Алып мұнараға әр талантты ақын өз кірпішін қалап, биіктеуіне үлес қосады. Ұлт поэзиясына жаңа бетбұрыс әкелген сондай сирек реформатор ақынның бірі Темірхан Медетбек биыл «Халық жазушысы» мәртебесіне ие болды.
Темірхан Медетбек поэзияға қадам басқан алғашқы ізденісімен-ақ көзге түсті. Иә, Мұқағали айтқандай, «егер поэзия түлемесе, жаңарып отырмаса, Пушкиндер мен Абайлардан кейін ол есікті қағудың өзі ақымақтық болар еді». Жас ақын ә дегеннен жаңашыл атанды. Маңызды әлеуметтік тақырыптарға дер шағында үн қатып, заманның бұлқынысын танытуға тырысты. Абыз Әбіш Кекілбайұлы ақын туралы сөзінде: «Ол көптің мүддесін сөз арасында емес, өз мұңын шетке ысырып қойып, бәрінен бұрын мұңдап, бұрын жырлап келе жатқан әлеуметшіл ақын. Әмбенің қиналған шерін толғап, әмбенің тебіренген сырын айтып келе жатқан ұлт жоқшысы, ұлт жыршысы» деген болатын. Ақын жырында ғана емес, қайбір ұлт басына төнген қилы жағдайда да халықтың атынан сөз сөйлеп, ел тағдырына қатысты кесек пікір өрбітті. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай тік жүрді, не нәрсені де бүкпей айтты. «Жауларым – алты қырдың астынан, күшігімнің үргенін естіп, безіп қашатын. Төріме шықпақ түгілі, төбеме шықпақ түгілі – қаңсыған тулағымды, оюлы етіктерін шешіп басатын».
Түрік ақыны Мехмет Акиф Ерсой айтқандай, Темірхан Медетбек қалай өмір сүрсе, солай жазды, қалай жазса, солай өмір сүрді. Ақынның поэзияға жасаған үлкен бетбұрысы ретінде «Көк түріктер сарыны» жинағын айтар едік. «Көк түріктер сарыны» – қылышы ерлікке қанған, намысы тасты тураған батыр түркілік рухтың бірегей көрінісі, заманауи үлгіде оянып, уақытқа тіл қатуы. Еңбегі еленіп, ел тілегі орындалып, мерейлі биікке көтерілген ақынның биылғы қуанышы – өлең мерейіне айналып отыр.