Шығыста «қуаныш деген – рух саулығы, бұл сезім неғұрлым көбірек болған сайын кеңістіктен қуатты соғұрлым көбірек тартады» деген түсінік бар. Албырт шағында оқуға ден қойып, жігіт шағында армандаған асуларына беттеп, отызда орда бұзып, қырықта қамал алған бұл адамды Жетісу өңірінде көш басында жүргендер жақсы біледі.
Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша үздік аяқтайды. Мұнан кейін туған ауылына оралып «Үшарал» кеңшарының қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженерінен «Ынталы» кеңшарының директорына дейін сатылап көтерілген. Осында бірінші болып шаруашылық есеп-тәсіл енгізілді. Жаңашыл басшының ойлағаны орындалып, аз уақытта «Ынталы» өзге шаруашылықтардан оқ бойы озық көрінді. Аудан басшылары жас маманның іскерлігіне риза болып, Алакөл аудандық ауылшаруашылық басқармасының төрағасы лауазымына ұсынғаны сондықтан.
1985 жылдан бастап партия және мемлекеттік атқарушы органдарда жауапты қызметтерге араласқан Тұрсынбай Шантуұлы жас та болса біліктілігімен төңірегіне танылып, Қазақстан компартиясы Талдықорған облыстық комитетінің инспекторы, Қаратал аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Қараталда атқару комитетін басқарып жүрген жылдары қабылдауына ауданның беделді ақсақалдары келіп, Ескелді, Балпық бабаларының басына тас қойып, кесенелерін жаңғырту туралы ойларын ортаға салғаны бар. Олардың ұсынысын орынды деп санап, аудандық партия комитетінің бірінші басшысын құлағдар етеді. Басшы ақсақалдар ұсынысын аяқсыз қалдырғанды жөн көреді. Тұрсынбай Шантуұлы бірінші басшының кезекті еңбек демалысына кеткенін пайдаланып, аудандық атқару комитетінің сессиясында бабалардың есімін жаңғырту мақсатында қор құруға шешім қабылдайды. Кейін осы қор қаржысы көпшіліктің қолдауымен еселеніп, көне кесенелер жаңғыртылып қана қоймай, баба мұралары жарыққа шыға бастады.
Қараталдан соң мемлекеттік мүлік жөніндегі Талдықорған аймақтық комитеті төрағасының орынбасары, жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызмет жөніндегі Талдықорған облыстық комитетінің төрағасы, Президент Аппараты және Министрлер кабинетінің ұйымдастыру бөлімінің бас инспекторы, Талдықорған облысы әкімінің орынбасары, Баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттің Талдықорған облысы бойынша төрағасы, Бөрлітөбе, Алакөл, Сарқан аудандарының әкімі болып қызмет істеді. Кейінгі жылдары Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің директоры лауазымдарында болған ол қазір «Газ» шаруашылығының арнайы жинақтау-жөндеу басқармасы» ЖШС-ын басқарып келеді.
Тұрсынбай Ғалиновты Бөрлітөбе ауданының әкімі болып тағайындалған 1995 жылдан бері білемін. Жетпіс жыл кеңес өкіметіне еті өлген пәрменсіз парламентті, дәрменсіз үкіметті, қауқарсыз қоғамды, әлжуаз заңды көрдік. Балабақшалар жабылды, кітапханалар құлыпталды, руханиятымыз құлдырады. Миллиондаған мал басы, мыңдаған техникамыз көзден бұлбұл ұшты. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осындай өліарада онсыз да кежегесі кейін кетіп бара жатқан ауданды басқару оңай емес-ті. Өтпелі кезеңнің өкпек желінде дірдектеген жұртқа пана болуға тырысты.
Аудан тізгінін жаңадан алғанда қарауындағыларын «ұзын арқан, кең тұсаумен» ұстайтыны талай әңгімеге арқау болатын. Берген тапсырманың мұқият орындалуын қадағалаусыз қалдырмайтын. Еңбек адамдарының хал-жағдайларын біліп, істі ілгерілетудегі білгірлігін көз көргендер әлі күнге айтады.
Бөрлітөбе ауданы экономикасының ауқымды бөлігі Лепсі металл бұйымдары зауытының өніміне қатысты болатын. Тұрсынбай аудан тізгінін алғанда сонау қырқыншы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт шикізаттың, жанар-жағар майдың жоқтығынан шатқаяқтап тұрды. Аудан басшысы білікті мамандармен ақылдасып, Қарағандымен байланыс жасап, зауыт цехтарына азды-көпті жан бітірді. Кейінгі басшылық осы тізгіннен айырылып қалды.
Тұрсынбай Ғалиновтың кезінде Қарашыған өңіріндегі көкөніс, бақша дақылдарын өсіру үрдісін жалғастыру мақсатында платина құрылысы қолға алынды. Қажетті жұмыстар қуатты техникалардың көмегімен жүзеге асырыла бастаған кезде әкім орынтағы басқа азаматқа бұйырып, жұмыс жалғасын таппады. Сонымен қатар аудан орталығы Лепсіде мешіт салуға демеушілердің көмегімен қызыл кірпіш жеткізіліп, іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріле бастағанына да куә болғанбыз. Бастамашы басшы қызмет ауыстырған соң осынау шарапатты іс те аяқсыз қалды.
1996 жылы Тұрсынбай ағамыз өзі туып-өскен Алакөл ауданының әкімі болып тағайындалды. Осы ауданда жоғары оқу орнынан кейін мамандығына сай еңбек жолын бастап, шаруашылық басқарған тәжірибелі азамат айдынды Алакөлдің адымын ашуға бір адамдай еңбек сіңірді. Ауданға тұңғыш Президент жұмыс сапарымен келгенде аудан басшысы көкейкесті мәселелерді көтерді. Достық кентіне су тарту, кедендік бақылау жұмыстарын, кедендік баж салығын жүйеге келтіру, Үшарал-Ақтоғай аралығына жоғары кернеулі электр желісін тарту жүзеге асырылғаны көпке аян. Сондай-ақ ел қорғаны Қабанбай батырға аудан аумағында еңселі ескерткіш орнату үшін қор құрылып, әкім бастамасымен елдің атын шығарған ер есімін ұлықтау жүзеге асып жатты. Сондай-ақ шекаралас аудан әкімдерінің қатарында Қазақстан-Қытай арасындағы шекараны бекітуге тікелей қатысқанын ағамыз әңгімесіне арқау етіп отырады.
Біздің буынның «облыс, аудандарды бір-біріне қоссақ, байып шыға келеді» деп жағасын түзеп, етегін қымтап келе жатқан қалың елді сапырылыстырып жіберген жылдарды бастан өткергені бүгінде тарихқа айналды. Осы эксперименттен толымды нәтиже шықпағаны көпке аян. Билік шешім қабылдарда өздерімен санаспаған шерменде жұрт өз жерінде шетқақпай болып қалды. Бір парақ анықтама үшін шалғайдағы елден аудан орталығына жету көпшілікке мұң болды. Бөрлітөбе ауданы тарап, Сарқан ауданына қызмет бабымен ауысқан біз аумалы-төкпелі кезеңді де, біз білетін Тұрсынбай Ғалиновтың 1998 жылы іріленген ауданға басшы болып келгенін де көзіміз көрді. Алымды да шалымды іс-қимылы арқылы аудан тынысына өзгеріс енгізуге ұмтылған әкімнің жекеменшікке негізделген ауыл шаруашылығын ыдыратпай, өнімді еселеуге ұмтылған талпынысы текке кеткен жоқ. Шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігінен «Джон-Дир» маркалы америкалық 30 комбайн жеткізіліп, сол бір жылдарды диқандар нәтижелі аяқтап, қамбаға дән толды. Бұған дейін Ақсу ауданына беріліп кеткен Қарашыған ауылдық округін облыс әкімінің қолдауымен Сарқан ауданының құрамына қайтарып, шалғайда қалған шарасыз елдің еңсесін көтеруді ойластырды.
Сарқан ауданының тізгінін ұстаған кезде Тұрсынбай Шантуұлы ауыл әкімдерінің, учаскелік полиция өкілдерінің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беруін жұмыс тәртібіне енгізді. Кейіннен ел алдындағы жауапкершілік республика бойынша қолға алынғанын ағамыздың көрегендігі демеске лажымыз жоқ.
Мемлекеттік қызметтегі жемісті жылдарының айғағындай өңірінде «Құрмет» ордені жарқырады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Қаратал, Алакөл, Сарқан, Ескелді аудандарының құрметті азаматы атанды, «Қазақстан Республикасының табиғи монополияларға қарсы қызметінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Елдік мүдде, ұлт намысын ойлайтын ақсақалдарымыздың сапы нығая бергей.
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі