Абай облысының орталығында Қазақ күресінен Азияның абсолютті чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Салықбаев Қуаныш Жұмабекұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өткізілді. Қазақтың теңдесі жоқ мұрасы, көнеден аманат болып жеткен бүгінгі қазақ күресінің көрнекті тұлғасына арналған байқау биыл екінші мәрте жалауын желбіретті.
Спорт саласындағы ең танымал күрестің үш түрінен үлкен дәрежеге көтеріліп, абыройы асқақтаған Қуаныш Салықбаев 1971 жылы 8 шілдеде, бұрынғы Семей облысы Мақаншы ауданы Қызылбұлақ ауылында дүниеге келген. Күреске деген құлшынысы ерте оянған ол 1983 жылы «Қайрат» қоғамының спортзалына барып, Төлеубек Шәкенов, Асқар Теміржанов сынды бапкерлерден самбо және қазақ күресінің әдіс-тәсілдеріне қаныға бастайды. 1987 жылы жасындай жарқ етіп самбодан өткен Семей облысының біріншілігінде II орын, 1989 жылы наурызда облыстық кеңестің біріншілігінде I орынды иленді. Осылайша сол кездегі Семей өңіріне танымал бапкерлер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Серік Тоқтарғазин мен Серік Қоржыкеновтің назарына ілігіп, спорт жолында көптеген биіктерді бағындырды.
Ол самбодан төрт дүркін Қазақстан кубогының иегері, бес дүркін Қазақстанның чемпионы. IX Азия чемпионатының күміс жүлдегері болып, Азия және Әлем чемпионы атанды. Қазақ күресінен отызға тарта республикалық және халықаралық турнирлердің абсолюттік чемпионы, Қазақстанның бес дүркін абсолюттік чемпионы, Қазақстан кубогының төрт мәрте иегері және Азияның үш мәрте абсолюттік чемпионы болды.
Ал дзюдо күресінен бірнеше мәрте республикалық, халықаралық турнирлердің жүлдегері, Қазақстан біріншілігінің күміс жүлдегері ретінде тұғыр биігіне шықты. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде күрестің үш түрін еркін меңгеріп, спорт шебері және самбо мен қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып, өңір спортының өрістеуіне ғана емес, қазақ күресінің көкжиегін кеңейтуге барын салды.
Адам баласы қай салада болмасын өзінің артынан шәкірт ертуі парыз. Бұл тұрғыдан алғанда Қуаныш Жұмабекұлы бапкерлік жолды бастаған 2016 жылдан соңғы демі үзілген 2019 жылға дейінгі аралықта Шығыс Қазақстан облысындағы бойында оты бар қаншама жастың жалындап жануына, Семейдегі спортқа бейім балалар мен жасөспірімдер өз білетін спорт түріне терең баулыды. Спортшының тәлім-тәрбиесін көрген, көптеген байрақты бәсекелердің жүлдегерлері Мэлсов Нұржан, Нұрахметов Ерасыл сияқты шәкірттерін атауға болады.
Аталған турнирге Астана, Алматы, Шымкент, Жамбыл, Түркістан сияқты қалалардан 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Жалпы жиыны 164 сопртшы, 18 команда бақ сынап, сынға түсті. Бұл турнир Абай облыстық мамандандырылған балалар жасөспірімдер олимпиадалық резервтік спорт мектебініңбастамасына орай Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтіп отыр. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған спортшының аяулы жары Гауһар Сләмбекқызы ер есімін ел есінде сақтап, республика көлемінде жоғары дәрежеде жарыс ұйымдастырып отырған ұйымдастыру комитетіне зор алғысын білдірді.
«Қуаныш Салықбаевтың спорттағы жолын үлгі етіп отырған оның спорттағы бапкерлеріне, достары мен шәкірттеріне, ізін басқан бауырларын алғысым шексіз. Қай кезде де бізге қолдау білдіріп отыратын жандарға ризашылығымыз зор. Осы жарыстың өтуіне демеушілік көрсеткен Серік Тоқтарғазин, Серік Қоржыкенов, Қайрат Чармұхамедов, Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров, Думан Қыздарбеков, Қайрат Кунсафин, Асхат Оспанов, Аман Шәріпов сияқты азаматтарға, достары Қуат пен Бекжанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы турнир келешекте еліміздің атын айдай әлемге танытан спортшылардың өсіп-шығуына жол ашары анық», дейді спортшының жары Гауһар Салықбаева.
Екі күнге созылған турнир қорытындысына сәйкес 70 келі салмақ дәрежесінде І орынды Дастан Қазыханов, ІІ орынды Бекарыс Сайлау, ІІІ орынды Темірлан Мақсатов, Ернұр Қабдрахман иеленсе, ал 76 келіде І орын Алмас Рысбековке, ІІ орын Досжан Рахымбаевқа, ІІІ орын Нұрдос Қайратовқа және Ислам Медетқалиға бұйырды. Жарыстағы жанкүйерлер мен қолдаушылардың рухын аспандатқан, жарыстың көрігін қыздырушы бәсекелердің бірі жоғары салмақтағы белдесулер де көрермен көзайымына айналды. 82 келі салмақ дәрежесінде Сұлтан-Бейбарыс Қайратұлы І орын, Айвар Бейсенбек ІІ орын иеленсе, Қуатбек Қажыбек пен Арнұр Аманов ІІІ орынды өзара бөлісті. 82 келіден жоғары салмақта сайысқа түскен Нұрболат Жамбыл І орын, Сағият Серікқали ІІ орын, Ахмет Қапен мен Нұрланбек Талғатұлы ІІІ орын иеленіп жеңіс тұғырына шықты.
Кейінгі жылдары Абай облысында республикалық турнирлерді өткізу жиілегені айтылады. Бұл жергілікті жастардың ішінен шын мықтыны анықтауға үлкен мүмкіндік беретіні анық. Сондай турнирлердің бірі Қуаныш Салықбаев атындағы спорт бәсекесінің аясын кеңейту мақсаты бар дейді ұйымдастырушылар.