• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Желтоқсан, 2024

Халықаралық қаржы институттары «Самұрық-Қазынаның» сатып алу жүйесіне сенім білдірді

68 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазына» АҚ басшысы Нұрлан Жақыпов Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) басшылығымен кездесті. Тараптар серіктестік пен Қордағы компаниялар тобының инвестициялық жобаларын қолдау мәселесін талқылады.

«KEGOC» АҚ мен ЕҚДБ арасындағы кездесуде 141 млрд теңгеге дейінгі сомаға несиелік келісімге қол қойылды. Оның ішінде Қазақстанның Даму банкімен 32 млрд теңге сомасына келісім бар.

«Қаражат ұзындығы шамамен 600 ша­қырым 500 кВ электр желісі инфра­құрылымын салуға жұмсалады. «Атырау – Ақтөбе» тасжолының бо­йында «Қарабатан – Өлке» желісі, 500 кВ Қарабатан қосалқы стансасы салынады. Сондай-ақ Қарабатан (220 кВ), Өлке (500 кВ) қосалқы стансаларындағы тарату құрылғыларын кеңейтуге жұмсалады. Бұл Батыс Қазақстанның энергетика жүйесін елдің Бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Батыс аймақтың өткізу қабілеті 500 МВт-ға дейін артады», деді құжатқа қол қою рәсімінде «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов.

Сарапшылардың пікірінше, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде:

– электрмен жабдықтаудың сенімділігі күшейеді;

– электр энергиясы мен қуат теңгерім­сіздігін өтеуге маневрлік генерация пайдаланылады;

– батыс аймақтардың энергетика қауіпсіздігі артады.

«Даму жөніндегі қаржы институттарымен келісімдерге қол қою қордың сатып алу рәсімдерінің ашық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл оларды «KEGOC» АҚ жобасында қолдануға мүмкіндік берді», деді Нұрлан Жақыпов.

Қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚДБ президенті Одил Рено-Бассомен кездесу өткізгені белгілі. Қаржы ұйымының басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу рәсімдеріне оң бағасын берді. Оның айтуынша, несие беруші компаниялар сатып алу рәсімдерін қордың ережелеріне сәйкес жүзеге асырады. Ал бұл «Самұрық-Қазына» тобының сатып алу рәсімдеріне, олардың ашықтығына деген сенімді білдіреді.

Еуропа қайта құру және даму банкі қордың портфельдік компанияларының энергетика, тау-кен, мұнай-газ, көлік саласындағы жобаларына қатысады.

ЕҚДБ әрі қарай да «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобымен стра­тегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тығыз серік­тестікті жалғастырмақ.