Ұлттық драматургияға жаңа есімдердің келуі – театр өнерінің дамуына тыныс, өзгеше бір философиялық ағым әкелді. Жас режиссерлердің ізденіс кеңістігін ұлғайтып, көркемдік деңгейін тереңдетуге мүмкіндік берген шығармалардың бірі – Мерей Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» атты пьесасы. Бұл драма адамның санасында қалып қойған мың сан естелік сурет пен ішкі арпалыс арқылы экзистенциалды ізденістерін айшықтайды.
Пьесаның орталық кейіпкері уақыт пен кеңістіктің шекарасынан шығып, басқа бір әлемге енеді де, өз болмысын біреудің көз ішіндегі естелік бейнелер арқылы тануға тырысады. Мұндағы символизм – көз ішінде сақталған суреттердің тек көрініс емес, адам жанының тереңдігін, ішкі драмасын бейнелейтінін көрсетеді. Жансыз бейнелермен тілдесетін кейіпкер жалаң сезімдер мен рухсыз денелердің қатарына қосылып кетуден қашады, адамның бастапқы, таза болмысын іздейді. Бұл оның рухани жаңғыру мен болмысын іздеу жолындағы рәміздік сапары ретінде көрініс табады.
Осындай терең философиялық астарға бай драматургиялық шығарма қазіргі жас режиссерлер арасында ерекше қызығушылық туғызып, олардың сахналық қойылымға жаңа көзқараспен қарауына түрткі болып отыр. Бұл пьеса режиссерлердің креатив шешімдері арқылы сахнада жаңа интерпретация тауып, көрерменге адам психологиясы мен сана тереңдігін ашатын ерекше көркемдік әлем ұсынады.
Жақында Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында Мерей Қосынның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» пьесасының желісімен қойылған моноспектакльдің премьерасы өтті. Қойылымның режиссері – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Елік Нұрсолтан шеберханасының «Музыкалық театр режиссурасы» мамандығының 4-курс студенті Ақерке Жаңабай. Жас режиссер үшін бұл шығармашылық жетілудің маңызды кезеңі болса, ұйғыр театры үшін де жаңа бағыттағы ізденісті көрсету мүмкіндігін ашты.
Режиссер Ақерке Жаңабай пьесаны жаңаша қырынан оқып, оған ерекше бір тыныс пен семиотикалық тереңдік берді. Пьесаның сахналық нұсқасын моно жанрына сәйкес трансформациялаған – Гүлім Қалимат. Шығарманы ықшамдап, оны моноспектакль түрінде ұсынуы – қызықты әрі батыл шешім. Ұйғыр театрының талантты актрисасы Аминам Усенова көрерменді қырық бес минут бойы тапжылтпай ұстауымен өз шеберлігінің шыңын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сахнаның алғашқы көрінісінде курьерлік сөмке арқалаған қыз кіріп келеді. Оның бағытын анықтай алмауы – көрерменді дерексіз әлемге жетелеп, белгісіздік пен жадтың күңгірт кеңістігінен өткенін сездіреді. Есінде қалған жеті жолақтың алтауынан өткенін анық білсе де, жетіншісіне жеткен-жетпегенін түсінбеген кейіпкер арпалысы сахнаның жоғарғы жағында ілініп тұрған қоңыраулардың қимылы арқылы көрініс табады. Бұл шешім бейсананың терең қабаттарын ашуға ұмтылған режиссерлік символизмді көрсетеді.
Қыздың ішкі дауысымен сөйлесуі, телефон қоңыраулары арқылы бейнеленеді. Ал телефонның символикасы – сөмкесіндегі туфли арқылы беріледі, бұл жерде туфли кейіпкердің үзіліп қалған өткенін, із-түссіз жоғалған болашағын меңзейді. Қыздың жолы – көпірдің жоғарғы жағында тұрған есікпен шектеледі. Бұл есік, оның санасындағы шынайы өмір мен қиял арасындағы шекаралық жағдайды білдіреді (кеңесші суретші Рустам Мусаев). Қыз қанша тырысса да, есіктің ашылмауы – оның өміріндегі қорқыныш пен түсініксіздік алдындағы дәрменсіздігін, адасқан болмысын бейнелейді. Осындай рәміздік элементтер арқылы режиссер пьесаның экзистенциалды қырын тереңдетіп, сахна мен көрермен арасында шынайы эмоциялық байланыс орнатады.
Аминам Усенова сахнада тамшылаған тамшыны санап, өз болмысының бағыт-бағдарын жоғалтып, белгісіздікке бой алдыруын психофизикалық тереңдікте шынайы әрі әсерлі жеткізе білді. Ол әрбір тамшыны санап қана қоймай, көрерменді өмірдің мәні мен адами болмыстың түпкі сұрауларына бойлауға шақырады. Актрисаның ойыны арқылы кейіпкерге өткен өміріндегі жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен кемшілікті таразылауға мүмкіндік берілгендей. Бұл сахналық шешім адам рухының тереңінен сұранып жатқан мәселелерді қозғап, әрбір тамшы уақыттың өтіп бара жатқанын еске салып тұрғандай әсер қалдырады.
Кейіпкердің әрбір көрерменнің көзіне үңіле қарап, бүкіл адамзат баласының санасында жауабын таппай тұрған сұрақтарды қоюы – оның жалғыздығын ғана емес, әрбір адамның жеке ойымен үнсіз диалогке түсуін білдіреді. Бұл нәзік әрі шынайы байланыс көрермен мен кейіпкер арасында ерекше психологиялық жақындықты қалыптастырып, адам болмысының сан қырлы және терең қабаттарын ашып, көрерменді өз ішкі сұрақтарына жауап іздеуге итермелейді.
Пьесадағы қыздың қабырғада ілулі суреттермен тілдесуі қойылымда жаңа символдық шешім тапқан. Спектакльде қыз беймәлім, жер астынан шығып, есіктен еніп жүрген тылсым кейіпкерлердің ықпалына түседі. Қара түнекке малынған, бет-жүздерінде ешқандай эмоциясы жоқ, жаңғырыққа ұқсас дауыспен сөйлейтін бұл бейнелер – «Рухсара» би ансамблінің актерлері арқылы пластикалық қимыл-қозғалыспен көрініс табады (кеңесші хореограф Гүлниса Садықова). Олар қыздың жан-дүниесін тартқандай, оны өз әлемдеріне ертіп кетуге келгендей әсер қалдырады.
Бұл сахналар қыздың тірі мен өлі дүниенің, болмыс пен белгісіздік арасындағы өткелде қалғанын айқын көрсетіп, оқиғаның мистикалық және метафизикалық мәнін тереңдете түседі. Актерлердің синхронды, көлеңке тәріздес қимылдары арқылы қыздың санасындағы арпалыс көрініс табады; бұл оның еркіндігін шектейтін, шынайы өмірдегі өткінші сезімдері мен бейсаналық қорқыныштарының көркем көрінісі іспеттес. Осылайша, режиссерлік шешім қыздың рухани болмысының екіұдай күйін, оның жаратылысының нәзіктігі мен өмірлік күреске деген төзімділігін бейнелейді.
Пьесадағы финал қыздың жұмаққа жетіп, қуанышпен алма ағашынан қызыл алманы жұлып жеген сәтімен тәмамдалады. Бұл сахна – оның Хауа Ананың қателігін қайталап, қайтадан жер бетіне түсуін емеурін етеді.
Ал қойылымда режиссер қыздың рухани сапарының соңы ретінде үміт отының сөнбегенін бейнелейді. Қыз көпірдің басындағы есікті ашуға тырысса да, есік құлыптаулы қалып, оның қайта төменге түсуімен, кірген есігінен қайта шығуымен аяқталады. Яғни қыздың екі әлемнің, тірі мен өлі дүние арасындағы болмысының әлі де толық ашылмағанын, оның үзілмейтін үмітін меңзейді. Есіктің жабықтығы – қыздың белгісіздікке деген тосын қорқынышы мен адамдық мәнін іздеу жолындағы тынымсыз күресін білдіреді. Осылайша, режиссердің интерпретациясында бұл шешім қыздың өткен өмірімен, мәңгілікті іздеумен жасалған күрделі философиялық жолын сипаттап, көрерменді адамның жерге, бүгінгі болмысымызға қайта оралуы туралы терең толғаныстарға жетелейді.
Анар ЕРКЕБАЙ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры