• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Тамыз, 2023

Мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға 326,9 млрд теңге жәрдемақы төленді

156 рет
көрсетілді

Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 326,9 млрд теңге төленді, деп жазады Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері мүгедек жандар мен асыраушысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу мақсатында республикалық бюджеттен 291 млрд теңге жұмсалды. Одан бөлек Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 35,9 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 536,9 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 186,7 мың адамды құрайды.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

«Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5%-ға өсті. ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуіне байланысты 2023 жылғы 1 шілдеден бастап МӘЖ мөлшері орта есеппен қосымша 14,5%-ға индекстелді. Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 89 248 теңгені, 2-топ үшін – 71 398 теңгені, 3-топ үшін – 48 681 теңгені құрайды», делінген ведомство хабарламасында.