«Рақымшылық жасау туралы» заң мейірімділік, адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделген.
Мемлекет басшысы биылғы қыркүйек айындағы Жолдауында: «Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», деп атап өтті.
Президенттің тапсырмасы бойынша Парламент депутаттары тарапынан әзірленген заң сол бір қатерлі өткелде қателікке бой алдырып, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағандарға қатысты нағыз адамгершілік көрсетуді көздейді.
Рақымшылық өз қатесін мойындаған және қылмысы үшін кешірім сұраған адамдарға ғана жасалады, себебі қылмыс ақталмайды, қылмысқа аңдамай, қателікпен жол бергендерге рақымшылық жасалады. Тағы бір ескеретін жайт, бұл жолғы рақымшылық бір реттік сипатқа ие. Заңда рақымшылық жасауға жататын баптар нақты келтірілген.
Рақымшылық уақыт бойынша да, қолданылатын адамдар үшін де шектеулі. Атап айтқанда, рақымшылық тек 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстық әрекеттерге ғана қатысты қолданылады.
Амангелді ТОЛАМИСОВ,
Сенат депутаты