«Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Осы бір орамды ой бүгінгі мақаламызға мәйек болып отыр. Ел Президенті әрбір Жолдауында ұлттың мәдени болмысы хақында толғамды пікір түзіп, әсіресе руханиятқа достық рәуіште ерекше назар аударып келеді.
Әйтсе де, Отанымыздың отыз жылдық тарихында қордаланып қалған мәселелер жоқ емес. Соның бірі – том-том мұрағатымызды сақтайтын мекемелердің мүшкіл халі. Біз, бүгін әңгімеміздің бастауын содан өрбіткелі отырмыз.
Асырып айтып отырған ештеңеміз жоқ, сенбесеңіз Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына барыңыз. Ашығын айтқанда, бүгінгі мақаламызға тұздық болған сол мәдени мекеменің жанайқайы. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, ұлт құндылықтарын құшағына басқан, жақұт жәдігерлердің жанашырына айналған елдегі жалғыз рухани орданың жайын айтып, мекеме қызметкерлері – бір, қаламгерлер – екі қылқылдауын қылқылдап-ақ келеді. Әйтсе де Үкімет үнсіз. Ал Мәдениет министрлігі ләм демейді де...
Осы тұста Мемлекет басшысының тағы бір пайымды пікірі ойға оралады.
«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үрдістерді ескергеніміз жөн». Жөн сөз! Кітапханаларымыз заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталмаса, асылдарымыздың аталы сөзі уақыт аранына жұтылып кетуі мүмкін.
Күні кеше осы түйткіл төңірегінде сөз қаузап, Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағанбетова Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.
«Халықаралық стандарт бойынша қағаз өнімдерінің ең ұзақ сақталатын уақыты – 200 жыл. Екі ғасырдан астам уақыт аса маңызды тарихи жәдігерлерді сақтау үшін мұрағат ғимаратында қажетті техникалардың, химиялық қоспалардың, тұрақты температураны қамтамасыз ететін құрылғылардың болуы шарт. Мұрағат стандарттарына сәйкес жағдай жасалмағандықтан, мұндай апаттардың орын алуы әбден мүмкін. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілгенімен, өз кезеңінде шешілмеген. Алматы қаласының әкімдігінен мекемені көшіруге қажетті орынның жоқтығы туралы жауап та келген», дей келе депутат осы мәселеге қатысты ұсыныс та білдірді.
Біріншіден – тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени республикалық маңызы бар кітапханалар мен кітап палатасының жалпыға қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін, бұл мекемелердің түгелдей техникалық жағдайы реттелуі керектігін айтса, екіншіден – мемлекеттік мекемелерді, кітапханаларды және халықты библиографиялық ақпаратпен, шежіремен, анықтамалықтармен қамтамасыз ететін кітап палатасының мұрағат қорын сақтауды жіті назарда ұстау қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ мұрағат ісін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту ісі талапқа сай жүргізілуі абзал боларын ашып айтты.
Бүгінде Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағатында алты миллионға жуық кітаптар мен газет-журналдардың міндетті данасы сақтаулы тұр. Тіпті еш жерде жарияланбаған ғылыми құжаттар да, мемлекеттік саяси оқиғалар басылған журналдар да жинақталған. Ең көне жәдігерлердің шыққан уақыты 1890 жылдарға тиесілі екен. Бұдан қорытынды шығарудың өзі қорқынышты. Неге десеңіз, екі ғасырды басынан аунатқан шежірелі деректердің өңі кетіп, тоз-тозы шығуға жақын тұр.
Негізінде, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы Алматы қаласы, Пушкин көшесі 2-үй мекенжайында орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында мекеме қызметкерлері отырса, мұрағат қоры осы ғимараттың жанындағы үш қабатты үйде орналасқан шағын қоймада сақтаулы. Мұнда мұрағатпен қатар қаптаған сауда орындары, асхана мен монша да бар, қарама-қарсы бетте жанармай бекеті жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мұрағатқа қызметкерлер де, ізденушілер де жұмысы саябырсымайтын базар үстімен өтеді. Көктемде еріген су да мекеме үшін үлкен мәселе болып отыр. Мекеме қызметкерлері мұндай уақыттарда құрал-сайманын алып қар күрейді, су аққан тұстарды бекітеді. Дегенмен ылғалды температура, сыз және бу, асхана қалдықтарынан шығатын жағымсыз иіс қағаз өнімдеріне барынша теріс әсерін тигізіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Кезінде «Саяхат» автобекетінде орналасқан үлкен базарды кітап палатасының екінші қабатына әкеп, жайғастырып қойған екен. Базар деген, нағыз өрттің шығар ошағы емес пе?
Өрт дегеннен шығады, үш жыл бұрын мұрағатпен іргелес орналасқан моншадан өрт шығып, мұндағы алты миллионға жуық құнды кітап бір қатерден қалған екен. Төтенше жағдай дабыл қақса да, қам-қарекетсіз әлі отырмыз. Мұндай немқұрайлылықпен ғасырлық тарихы бар құнды кітаптарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Алдағы уақытта реставрация жұмыстары жүргізілмесе, архивтегі шынайы дәйектердің сиясы ерігелі тұр. Бояуы кеткен қағаздардың бұрынғыдай мәні мен сәні болмасы анық.
Бұл мәселені ең бірінші болып Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары, белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы көтерген болатын. Оның айтуынша, палатаның өз алдына басы бүтін жеке отауы болуға тиіс, әйтпесе мемлекет көзінің ағы мен қарасындай болған жауһарларымыздан айырылып қалуымыз ғажап емес.
«Менің кітап палатасында қызмет етіп жүргеніме 3 жылдам астам уақыт болды. Алғаш мұрағаттардың жай-күйін көзіммен көргенімде жүрегім ауырды. Әр нәрсенің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да болады емес пе? Нысанның орналасқан жері тәуір болғанымен, сын көтермейді. Тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан әр түрлі жағдайлар болуы ықтимал. Әр жәдігердің өз күтімі, сақталу температурасы болуы шарт. Ол бізде атымен жоқ. Республика көлемінде шығып жатқан барлық басылым, кітап, ғылыми диссертациялардың бір данасы құжат ретінде мөрі басылып, бізде сақталады. Ел іздеген дүниесін осы жерден табады. Бұдан бұрында айтуға оқталған едік, бірақ елімізде түрлі жағдайлар болып кейінге ысырыла берді. Руханиятымыздың жанашыры, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қабылдағанда, осы мәселені жеткіздік. Содан кейін сең қозғала бастады. Ешқандай мекемемен қабаттаспайтын, жеке есігі бар реставрация, цифрландыру жұмыстары жүргізілетін техникалық құрылымы мықты жаңа ғимарат берілсе деген тілек бар», дейді М.Райымбекұлы.
Бүгінде мекеме басшылығы арнайы Сенат пен Мәжіліс депутаттарын шақырып, мәселенің Мәжіліс мінбесіне көтерілуіне жол жасады. Енді ештен кеш жақсы дегендей, түйіннің шешілеріне сенімді. Бұл рухани орда – мемлекеттің тарихы мен ұлт руханияты үшін аса маңызды мекеме екенін ұмытпағанымыз жөн.
Жалпы, елімізде кітапхана қорында 71 миллионнан астам әдебиет пен әртүрлі басылым және олардың көшірмелері бар. Жыл сайын кітапхана қоры 2,5 миллион құжатпен толықтырылады. Қазір министрлік бар назарын электронды кітапханаға аударып отыр. Бүгінге дейін 60 231 электронды әдебиет көшірмесі жасалса, оның ішінде 8 мыңы – сирек кездесетін кітап пен қолжазба. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой, бұл игілікті іс – ескі һәм тарихи құжаттарға қайта жан бітірудің қарекеті. Әрине, оқырмандарға жедел және ыңғайлы қызмет көрсету керек-ақ дүние, десе де тұпнұсқаның аты тұпнұсқа, бәрібір бағасы жоғары екенін ескергеніміз абзал. Бүгінге – бағдар, болашаққа – мұра болып қалар қымбат қазына. Оның ғұмырын ұзақ қылу үшін қазіргі стандартқа сай жабдық қажет.
«Кітапханалар анахронизмге айналып барады» деп тұспалдай сөйлеп, бүйір әңгіме таратқандарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында нақты жауап берді. Сала қызметкерлерінің жалақысын көбейтіп, мәртебесін арттыруға жағдай жасалатынын мәлімдеді. Бұл – ХХІ ғасырдағы қазақтың болмысын түзуге жасалған жоралғы. Өйткені өркениетті қоғам білімді, зерделі ұрпақ танымына тәуелді. Ендеше, мұрағаттарда менмұндалаған жазба байлықтарымыздың қадірі кетпесін десек, заман талабына сай қам-қаракет жасайық.