• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Білім 06 Тамыз, 2018

Бір мектепте 40 жыл қызмет еткен - Климен Балабекұлы

163 рет
көрсетілді

Баланың шын мәніндегі адам болып қалыптасуына ата-анасынан кейін ықпал ететін екінші адам – ұстаздар жа­йында Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды сондай ардақтауға міндеттіміз» деген болатын. Ерен еңбек пен қажыр-қайратты талап ететін жұмыстың бейнетіне қарамай, уақытпен санаспай, өз ісіне адал беріліп, алдындағы қауым үшін барын сала қызмет ететін жандар әр салада кездеседі. 

Сондай ұстаздардың бірі Климен Балабекұлы, сонау КСРО кезінен бастап, кейін еліміздің тәуелсіздік алған жыл­дарында елорданың білім беру саласына елеулі үлесін қос­қан, 40 жыл бойы бір мектепте саналы ғұмырын сарп етіп, ұрпаққа сапалы білім беру саласында аянбай еңбек еткен үлкен жүректі, ізгі ниетті жан. Осыған байланысты қолыма қалам алып, осындай ұлағатты ұстаздың болғаны жайлы өсіп келе жатқан ұрпаққа бір-екі ауыз сөз жазуды жөн көрдім.

Отбасында жалғыз тәрбие­леніп, ата-анасын қадірлеген және соңғы сәттеріне дейін ба­лалық парызын өтеп, баталарын алған бұл азамат Алматыдағы Абай атын­дағы педагогика инс­ти­тутын химия, биология­ және ауыл шаруашылығы негіз­дері мамандығы бойын­ша бітірді. Еңбек жолын бұ­рынғы Целиноград, Ақмола, бүгінгі Астанадағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №26 мектепте (бұрынғы М.Ғабдул­лин атындағы №62 қазақ орта мектебі) бастап, осы білім ордасында 40 жыл табан аудармай еңбек етті.

1960-2000 жылдары мектепте қатардағы мұғалім, мектеп директорының оқу-тәр­бие ісі жөніндегі орынбасары, кейін мектептің директоры болып қызмет атқарды. Әр оқушыға ерекше көңіл бөліп, бар күшін терең білім беруге бағыттады. Қазіргі кезде шәкірттері Пар­ламент депутаты, жоғары оқу орындарының ғы­лы­ми қызметкерлері, ауыл ша­руа­шылығы, медицина сынды қоғамның сан түрлі саласында еңбек етуде.

Зейнет демалысына шық­қан­нан кейін де аттан түспеді. Ас­тананың іргетасын бекітуге өзінің аз да болсын үлесін қосу­ға тырысты. Әсіресе жас­ буын болашақ спортшы­лар­ды тәрбиелеуге ат салыс­ты. Ел спортына еңбегі сіңген та­лай даңқты спортшыларды тәрбиелеп шығарған Қа­жы­мұқан Мұңайтпасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған рес­публикалық мектеп-интернатында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Елдің түкпір-түкпірінен жиналған қызуқанды спортшы балаларға ақылын айтып, әкесіндей тәрбиесін берді. Тәрбие ісін қолға алып, ақыл-парасатымен, адал­дығымен, ұстаздық өне­гесімен республикалық мек­теп-интернаттың сыйлы аза­маттарының біріне айналды. Климен Балабекұлынан тәлім алған жүздеген спортшы бала Олимпиада ойындарына, Әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, ел намысын қорғап, жаңа Астанамыздың атын қазіргі уақытқа дейін әлемге танытып жүр. Ұстаздарының айтқан ақыл-кеңесі мен берген тәрбиесі олардың өмір жолына пайдасын тигізгені анық. Өйткені адам қандай дарынды болмасын, бұл өмірде көп дүние алған тәрбиеге байланысты.

Өмірлік серігі Сәуле Иса­қызы да жолдасымен бірге бір мектепте қырық жыл ұстаз­дық етті. Елге үлгі болған ерлі-­за­йыптылар төрт бала тәрбие­леп өсірді. Балалары да  ата-анасының жолын қуып, өмірде өз жолдарын таба білді. Төрт баладан 11 немере, 6 шөбере сүйіп бәйтеректей үлкен әулетке айналды.

«Елдің дамуы оның білім беру жүйесі арқылы баға­ланатын бо­лады» деген Елба­­сының дана сөзі бар. Се­бебі­ әр мемлекеттің ең бас­­ты байлығы адам болса, сол адамды маман қылып шы­ғаратын, шынықтыратын мектеп. Сол себепті де Климен Ба­­лабекұлының Қазақстанның болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайтын білікті, білімді жас маман дайындау жолында сіңірген еңбегі үшін алғысымыз шексіз. Осындай жандар еліміздің болашағына жарқын жол салып, келесі ұрпаққа өнеге болатынына кә­міл сенемін.

Климен Балабекұлының бей­несі тағылымын көрген шә­кірт­терінің, кісілігін көрген әріп­тестерінің, көмегін көрген ағайын-туысқаны мен дос-жаранының мәңгі жадында болмақ.

 

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты