23 Сәуір, 2016

Балаларға – қос сыйлық

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_7161C.Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасында Халықаралық балалар кітабы күніне орай қазақстандық автор Жан Аманидің «Даниялдың ғажайып әлемі», «Алуан түсті балықтар және Дария» атты екі кітабының тұсаукесері өтті. – Бүгін бүкіл әлем жұрт­шылығы балалар әдебиеті күнін атап өтуде, – деді мерекелік шараны ашқан кітапхана басшысы Е.А.Фомченко. – Кітапхана ұжымы да осы бүкіләлемдік мерекені жыл сайын атап өтіп келеді. Балалармен бірге әлемдік және отандық балалар әдебиетінде болып жатқан елеулі жаңалықтармен танысып, жазушы, баспагерлермен кездесу өткізіп отырамыз. Бүгінгі қонағымыз ерекше. Ол – балалар жазушысы Жан Амани. Жас қаламгер кішкене балақайларға үлкен базарлығымен келіп отыр. Осылайша жазушыны көп­­шілікке таныстырған бас кітапханашы сондай-ақ, бел­­­гілі суретшілер А.Хакім­жа­нова мен А.Састың біре­гей суреттерімен тартымды безендірілген кітаптарға бала­лардың қызығушылығын арттырса, өз кезегінде кішкене оқырмандар жазушы апайларына: «Жазушылыққа қалай келдіңіз?», «Жазушы болу қиын емес пе?», «Қай жанрда ертегі жазған ұнайды?», «Ертегілерді қанша уақытта жазасыз?», «Неге екі-ақ кітап, болашақта тағы кітаптар шығарасыз ба?» деген сарында сауалдар қойып, сұрақтың астына алды. Жан Амани болса кітап­ты шығаруға ұзақ уақыт да­йындалғанын, балалардың жан-дүниесін түсініп, ертегі жа­зуына негізгі мамандығының психолог болғандығы да көп көмегін тигізгенін айтты. Ал болашақта біраз кітаптар шы­ғару жоспарда бар екен. – Өздеріңіз көріп отыр­ған­дай, мына екі кітап үш тіл­де шықса, кейінгілеріне қы­тай, тү­рік, неміс, өзбек және тағы бас­қа тілдер қосылмақ.Ма­қ­­­­са­тымыз – осылайша заманауи әлемдік әдебиетке үле­сі­мізді қосу. Бүгінгі кездесу маған үлкен шығармашылық шабыт сыйлады. Негізгі оқыр­­маным – балалардың шы­найы қызығушылығын көріп, пі­кір алысып, ұсыныс-талап­тарын тыңдаудың өзі ерекше ға­нибет, – деп толқи сөй­леген жазушы балаларға арнап әкелген кітаптары мен тәтті сыйлықтарын тарту етті. Кітапхана қорына да кітаптар тапсырылды. Әдебиетке зор дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен келген жас автор өз туындыларын қа­ғаз бетіне түсіріп, кішкентай оқырмандарына ұсыну жолында он жылдай еңбектеніпті. Үш тілде (қазақша, орысша, ағыл­шынша) аудио нұсқасымен бірге шыққан кітаптардың соңғы бетіне үңілсек, ертегі кітап­тарды жарыққа шығарарда: редакторлар, аудармашылар, дизайнер, суретші, дубляж режиссері, дыбыс режиссері, сазгер, көркемдік редактор, ды­быстаған әртістермен қосқанда жалпы саны жиырма шақты маман жұмыс жасағанын көреміз. Бұл, әрине, кітаптың сапалы шы­ғуына септігін тигізгені сөзсіз. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ