23 Сәуір, 2016

«Әл-Ахрам» медиа-холдингі

324 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_0679+төрағасымен әріптестер бүкпесіз әңгіме өрбітті Кеше «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакциясында Астанада өтіп жатқан ХІІІ Еуразиялық медиа форумға қатысуға келген Египет еліндегі «Әл-Ахрам» медиа-холдингінің басқарма төрағасы Ахмед Эссайед Ан-Наггармен кездесу өтті. Жиын барысында Ахмед Ан-Наггар өзі басқарып отырған медиахолдингтің құрылу тарихы мен қызмет барысын баяндап берді. Өткен ғасырдың ортасына дейін холдинг жекеменшік қолда болса, кейін мемлекет қарамағына өткен. Төрағаның айтуынша, қазір құрылым өзін өзі қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, демеушілері де жоқ екенін тілге тиек етті. Бірақ жарнамадан түсетін қаржының молдығын да жасырмады. «Әл-Ахрам» – Араб әлеміндегі ең ірі медиахолдингтердің бірі. Компанияның іргетасын Ливаннан келген екі азамат қалаған. Оның құрылғанына 140 жылдан астам уақыт болды. Басылым таралымы бүгінде 900 мыңды құрайды. Бұдан бөлек, холдингке қарасты стратегиялық және саяси зерттеу орталығы бар. Бұл орталықта түркі тілдес халықтарды зерттеуге арналған арнайы бөлім жұмыс істейді. Сондай-ақ, фар­мацевтикалық, кеңсе тауарлары, компьютерлік диск өнімдерін шығаратын зауыттары да бар екен. Сондай-ақ, холдингтің шетелдік туристерге қызмет көрсететін фирмалары да бар. Барлығы 16 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған. Мейман Египет Араб Рес­публикасында Қазақстан Рес­публикасы жайлы тікелей ақпарат алатын дереккөз болмағандықтан, мәліметтерді шетелдік ақпарат агенттіктерінен алатынын айтты. Осыған байланысты өзінің арнайы сапары кезіндегі бас­ты мақсаттарының бірі – Қазақ­станмен тығыз байланыс орнатып, осы олқылықтың орнын толтыру екендігін мәлімдеді. «Бізде Қазақстан жайлы көптеген жақсы пікірлер қа­лып­тасқан. Ең алдымен, бұл елді Азияның дәл ортасында орналасқан дамыған мемлекеттердің бірі әрі Еуразиялық экономикалық одақтың басты мүшесі ретінде білеміз. Сондай-ақ, әріптестерімізбен Қазақстанды «Орталық Азияның жүрегін ұстап тұрған бүркіт елі» деп әзілдесеміз», – деді Ахмед Ан-Наггар. «Қазақстан Президентінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің біздің еліміз үшін де маңызы аса жоғары. Бұл жөнінде біздің ел басылымдары бірнеше рет арнайы ақпарат жариялап, өз арамызда талқыладық. Себебі, осыдан 20 жылдай бұрын біз­дің елде де «Таяу Шығыс – яд­ро­сыз аймақ» бастамасы кө­те­рілген болатын. Бірақ бұл жерде айырмашылығы, Нұрсұлтан Назарбаев белгілі бір аймаққа қатысты емес, бүкіл әлем халқына арнап бастама көтерді», – деді медиа холдинг төрағасы. Кездесуде «Егемен Қазақ­стан» республикалық га­зеті» АҚ басқарма төрағасы Еркін Қыдыр Мысыр еліндегі соңғы кездері орын алып жатқан келеңсіздіктерге байланыс­ты саяхатшылардың екіұдай көңіл күйге беріліп отырғанын айта келіп, осы олқылықты түзеу үшін газеттің арнайы бір бетін арнауға мүмкіндік бар екендігін мәлімдеді. Өз кезегінде Ахмед Ан-Наггар бұл ұсынысқа алғысын білдірді және өзі басқаратын басылымда Қазақстан туралы шынайы ақпарат әзірлеуге «Егемен Қазақстандағы» әріптестерін белсене қатысуға шақырды. Кездесуге Египет Араб Республикасының Қазақстандағы елшісі Хайсам Салах Камел Ибрахим де қатысты. Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»