23 Сәуір, 2016

Алға басқан адымды артқа тартқан...

329 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
балалар-1Елбасымыз мемлекеттік органдарға кә­сіп­­­керлікке қол­дау білдіруді ерекше жүктеген болатын. Ал солтүс­тік­тің кей­­­бір ше­неуніктері мұның байыбына бара бермейтін сияқты. Неге? «Егеменге» хат жазған Жұмабике Әшімова шағын бизнес­пен айналыспақ бо­лып, Петро­павл қаласының ішінен жер учаскесін сатып алғанын айта­ды. Қоқысқа толып, қурай басып жатқан қаланың шеткері аума­ғын­дағы учаскені тазартып, өз күшімен жол тартып, айна­ла­сын тәртіпке келтірудің өзі оңай болмаған. Осы жер­де сау­да орталығын салу­­ды ойлап, 240 шаршы метр­­лік құры­лыс тұр­ғыз­ған. Алайда, қазір мектепке де­йінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеу ор­талығы же­тіс­пейтіндігі көп айты­лып, кезекке тұрғандар санын азай­ту керектігі мәсе­ле бо­лып жат­қанын естіп, сауда орталығын ашқ­ан­ша оны мини-орталыққа ай­нал­­ды­райын деген ойға беки­ді. Сөй­тіп, көп әуре-сар­саң­мен жер учас­кесінің қол­дану мақ­сатын өзгер­тіп, құ­жат­тарын қайта толтырады.  Әрине, Ж.Әшімованың бастамасы қолдау білдіруді қажет ететін-ақ шешім. Мемлекетшіл шенеуніктер мұндай адамға бар­лық жағдайды өздері жасап, қол­тық­тарынан демеп отыруға да міндетті. Өйткені, Президент Н.Назарбаев бюджеттік қаражат есебінен зәулім балабақшалар мен мини-орталықтар тұрғызғанша осы мәселені еңсеруге шағын және орта бизнесті тартып, олардың көмегімен тұрғылықты жерлерде шағын орталықтар ашу ар­қылы бұл мәселені шешуге болатынын талай рет ескертті. Ал Президенттің айтқан талаптарын, берген бағдарларын мемлекеттік қызметкерлер бірден орындап, шағын және орта бизнеске қолдау білдіруге міндетті екені хақ. Сонда Петропавл қаласында бүгінгі күні кезекте тұрған 4 мыңнан артық мектеп жасына дейінгі бүлдіршіннің біразы өз орындарын табар еді. Жуырда болған «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХVІІ съезінде де Елбасы осы мәселеге қайта оралып, дамыған шетелдіктер бірінші қабаттағы пәтерлердің 3-4 бөлмесінен де балабақша жасайтынын, ал бізді­кілер болса шіреп, тек қана алып ғимарат салуға құштар екенін сынады. «Оның ішіне және міндетті түрде бассейн салғысы келетініне не дерсің, суға түскен сәбилер ондайда жиі ауырып қалатынын ойға да алмайды», деді Президент. Егер мемлекеттік мәселені ойлайтын шенеунік болса бүгінгідей қиын заманда осындай іске кіріс­келі жатқан кәсіпкерді орын жетпей жатқан 40-50 бүлдіршінді орналастыруға көмектеспек бол­ғаны үшін, 10-15 жаңа жұмыс орындарын ашқалы жатқаны үшін, бюджетке салық ретінде азды-көп ақша түсіретіндігі үшін, яғни өзі нәпақа тауып отырған жерге қаражат бергені үшін құрметтеуі және барлық көмегін жасауы керек еді. Бірақ елдің қамын ойлап, еңсесі езілетін шенеунік көп пе бізде? Осыдан бірер жыл бұрын жазған «Отыздықтан орын алу оңай емес, ағайын» («ЕҚ», 08.02.14 ж.) атты мақаламызда ресейлік танымал публицист Владимир Познердің өз блогына жазған бір оқиғасын мысалға келтірген едік. Онда журналист АҚШ-қа барған сапарында құжаттарын жоғалтып алып, паспорт беретін тиісті қызметке барғанда 3-4 сағатта жаңа төлқұжат алып шыққанын таңырқай жазады. (Бізде ғой жаңа паспорт алу үшін кемінде жарты ай жүресің). Өзіне осындай тамаша қызмет көрсеткен шенеунікке тәнті болған журналист алғыс айтса өз міндетін мүлтіксіз орындап тұрған анау: «Сэр, сіз бұл үшін салық төлейсіз ғой» деп қатқыл үнмен жауап беріп, тіпті оның алғысын да қабылдамаған екен. Міне, қандай саналылық! Қатардағы шенеунік өзінің нәпақасын халықтың бюджетке төлеген салығының есебінен айырып отырғанын сезініп тұр. Сондықтан халықтың алдында құрдай жорғалау өзінің абзал борышы екенін біледі. Ал бізде... Ал бізде сіздің төлеген са­лы­ғыңыздың арқасында мен еңбекақы алып отырмын ғой дегенді ешқандай шенеунік, ортаң­қол бастық ойына да алмайды. Сонымен бірге, мемлекетшіл болуға да санасы төмен. Оның бар «қасиеті» кәсіпкердің ақша тап­қысы келетініне қызығады, тіпті қызғанады. Алақанын «май­лағанды» жек көрмейтін де кездер болады. Сондықтан да бірдеңе «қыстырғысы» келмеген адамның аяғынан шалуға ұмтылып тұрады. Әйтеуір, қазір сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес біршама өрістеді. Содан қорқып, сақтануы мүмкін, бірақ енді қызғаныш деген қызыл ит ішін тырнаған соң кәсіпкерге кедергі жасауды ойлайды. Сонымен, кәсіпкер Әшімованың мәселе­сіне оралайық. Көптеген әуре-сарсаңмен ол мини-орталыққа қолайлы 7 сотық жеріне тиісті рұқсаттаманы алады. Әкімдік қолына берген жадынамадағы (памятка) барлық құжаттарды жинайды. Үйдің ішін де бүлдіршіндердің көзін қызықтыратын өрнектермен біршама әсемдеп, келген адамның көңілінен шығатын халге жеткізеді. Ғимаратты сараптамадан өткізген маман оны мини-орталықтың барлық талабына сай екендігін айтып, қолдануға болатындығы туралы қорытынды жасайды. Енді мини-орталықты заңдас­тыру керек. Әуелде  ғимарат сауда орталығын салуға тіркелген­діктен енді жария ету үдерісінен өтіп, ресми тіркелуі керек екен. Міне, осы жерде шенеуніктер білгенін қылады. Санитарлық-эпи­демиологиялық бір нұсқау­лықта мини-орталықтың биіктігі 3 метр болуы керек деген талап бар болып шығады. Ж.Әшімованың салған үйін сыртынан көрген осы қызметтің жас шенеунігі осынау нормаға сүйеніп, ғима­рат мини-орталықтың талабына сай емес деп қол қойып, жібере салады. Әріпке таңылып қалған (буквоед) мұндайларға ештеңе айта алмайсың да... Ондайлар тіпті кейбіреулердің биіктігі екі метрге жетпейтін тұрғын-үйлердің жер­тө­лелерінен де мини-орталық ашып жатқанын көрмейді, көргісі де келмейді. Қалалық әкімдіктің жария ету жөніндегі комиссиясы өзінің отырысында осыған сүйеніп Әші­мованың қаншалықты азаппен салған құрылысын жарамсыз қылып, «объект не соответствует санитарным правилам санитарно-эпидемиологического требования...» деген қорытынды шығарады. Комиссия төрағасы З.Нұрмұқанова қол қойған осы жауапта тіпті, нақты қандай та­лапқа сай емес екендігі де көр­сетілмеген. Оған да ерініпті. Кә­сіпкер өз ісін қолдауды өтініп барлық бастықтардың алдынан өтеді, алайда еш нәтиже жоқ. Тек мәслихаттың бір депутаты ғана келіп көріп, мини-орталықты ашуға болады екен деген қолдау білдіріп, қала әкіміне ұсыныс жасайды. Бірақ оның сөзі де сол баяғы сатылармен орынбасарға, ал ол тиісті қызметке, олар қа­тардағы шенеунікке сырғытып, ең төменнен баяғы жауап келген соң ауыздарын қу шөппен сүртіп шыға келеді... Міне, бұл біздің шенеуніктердің енжар­лығының бір көрінісі. Егер елдің мемлекеттің өркендеуін, халықтың тұрмыс-ахуалының жақсаруын, жаңа жұмыс орын­дарының ашылуын, бюджетке салықтың молырақ түсуін, ең бастысы, бүлдіршіндердің орын табуын ойлаған шенеунік болса қазіргі экономикалық дағдарысқа қарамай біреудің соншалық азаппен салған құрылысын бұлай аяқсыз тастамас еді. Тым болмаса біреуі білікті комиссия құрып, құрылысты тексеруден өткізейік, жетімсіз жерлері болса жөндесін, ал бәрі дұрыс болса төбесінің 3 метр болуы соншалықты шарт емес, сондықтан жария етейік деген ұсыныс енгізер еді. Сонымен... Төрт мың балаға орын жетпей жатқан қалада мини-орталық үшін салынған сап-сау құрылыс пайдаланылмай бос тұр. Бәлки, қала немесе облыс әкімі бұл мәселені терең зерттеп, шешуге талпыныс жасар деген үміттеміз. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»