31 Наурыз, 2016

ҰБТ-да жаңалық бар

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_5601+Байтақ Отанымыздағы мың­даған мектептерді бітіргелі отыр­ған түлектердің көкейіндегі бір ғана сұрақ, биыл ҰБТ қалай өтер екен, не жаңалығы бар екен дегенге саятыны белгілі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі таяуда осыған қатыс­ты байламын таратты. Оған көңіл аударар болсақ, үстіміздегі жылы тест тапсыру мерзімі мау­сым айының 1-і мен 15-і ара­лығында өтеді екен. Емтихан талабында көрсетілген шекті деңгейдегі балды жинай алмаған бітірушілер үшін ағымдағы жылы мүдделілерге тағы бір мүмкіндік жасалмақшы. Ол бойынша алдағы тамыз айында барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан базалық жоғары оқу орындарында үміткерлер үшін тестілеуді қайта өткізу көзделіп отыр. Осы арада мына бір мәселені жұртшылықтың назарына сала кетелік. Ұлттық бірыңғай тес­тілеуді қайта тапсыруға болатын жоғары оқу орындарының тізімі министрліктің тарапынан айқындалады екен. Алда айтқан шекті деңгейді жинай алмаған түлектер тестілеу кезінде 4 пән бойынша бақтарын сынайды. Ол пәндердің қатарында бірінші – оқыту тілі, екінші – Қазақстан тарихы, үшінші – математика, төртінші – таңдау пәні, бұл бейінді деп те аталады.  Тестілеуге екінші рет қатысатын талапкер сынаққа қатысу үшін қандай құжаттар әзірлеу қажет дегенге берер жауап: тұрғылықты жеріне қарай жақын орналасқан базалық жоғары оқу орындарына өзінің өтінішін беріп, оған қоса 3х4 суретін және орта мектепті немесе техникалық және колледж бітіргендігі туралы құжаттарын тапсырса болғаны. Қайта тестілеу рәсіміне қатысып, сынақ тапсыратын талапкерлер 2 242 теңге төлейтінін де назарға сала кетсек дейміз. Бұл жоғары оқу орындарында оқуға ниет еткен жастарға жасалып отырған мол мүмкіндік деп білеміз. Жалпы, кейбір білім ұялары, яғни мектептер өздерінің беделін ойлап, көп жағдайда нашар оқиды деген түлектерді тестілеуге жібермейтін әдет бі­раздан бері жалғасып келеді. Биыл осы мәселе өз шешімін тауып, ұмтылған жасты ҰБТ-ға жіберу жағын, оқушыны алаламай қатаң ескерсек, құба-құп болар еді. Нашар дейтін түлек те сол білім орнының, мұғалімдерінің «жемісі» емес пе? Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».