31 Наурыз, 2016

Дамыған мемлекет пен қоғам құруға батыл қадам

429 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін

Бес реформа –  ұлт жоспары

_G7A1113«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылу жайы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифингте жан-жақты талқыланды. Аталған мәселеге орай арнайы ұйымдастырылған маңызды жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева жетекшілік етті. Оған Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев, Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Əкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қатысты. Брифингті Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева жүр­гізіп отырды. Орталық коммуникация­лар қызметінің барлық облыстағы бөлім­шелері Астанадағы орталықпен онлайн режімде тікелей байланысқа шығып, БАҚ өкілдері Ұлт Жоспарының орында­луы жайында сұрақтарына жауап алды. 5 реформаға орай құрылған жұмыс топ­тарының жетекшілері әрбір бағыт бойынша егжей-тегжейлі баяндап, ат­қарылған іс-шаралар туралы есеп берді. Үкімет басшысының орынбасары Д.Назарбаева өз сөзінде алдымен Ұлт Жос­парының айрықша маңыздылығына тоқталды. «Жаңа жылдан бері елімізде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асы­ру жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша арнайы Ұлттық комиссия құрылып, негізгі ұйымдастыру жұмыстары өткен жылы басталып кет­ті. Содан бері бірталай жұмыс атқа­рыл­ды. Бес жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, отан­­дық, халықаралық сарапшылар тартылды. Комиссия жұмысы Елбасының ұдайы бақылауында. Аз ғана уақыт ішін­де Ұлттық комиссияның 48 отырысы өтті. Әлемдік стандарттарға сай келетін 59 заң қабылданды. 400-ден астам нор­мативтік-құқықтық актілер дайындалды. Олардың бәрі бүгінде күшіне ен­ді. Заң шығару жұмыстары биыл да жалғасатын болады. Ұлт Жоспарының 5 бағыты бо­йынша жасалған жұмыстардың алғашқы нақты нәтижелері бар. Қазіргі кезеңде Ұлт Жоспарын тиімді іске асыруға қа­жет­ті барлық негіз қаланды», – деді Д.Назарбаева. Премьер-Министрдің орынбасары қазақстандықтар Ұлт Жоспарын жү­зеге асырудан туындайтын мүм­кін­ші­­ліктерді білуі тиістігін алға тартты. Д.Назарбаеваның айтуынша, Ұлт Жос­парының табысты жүзеге асырылуы Қазақстанға дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге, экономикалық өсім үшін лайық­­ты жағдай жасауға және барша қа­зақстандықтардың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді. Ұлт Жоспары келешек­те қазақстандықтардың өмір сапасын бүгінгі ЭЫДҰ елдерінде қалыптасқан жоғары өмір деңгейі мен стандарттарына сәйкестендіруге бағытталған. Д.Назарбаева Ұлт Жоспарын жү­зеге асыру аясында еліміздің әрбір аза­­­­маты үшін әлемнің ең дамыған ел­деріндегідей жаңа мүмкіншіліктер ашылатындығын баса айтты. «Сондық­тан да бұл мүмкіншіліктер жайында қа­зақстандықтардың білгені және оны тиімді пайдалана алғаны барынша маңызды, – деді Вице-премьер. – Қа­зақстан 2016 жылдың 1 қаңтарынан жа­ңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүруде. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің үш сатылы жүйесіне көшу жүзеге асырылды, командалық ауыс-түйіс доға­рылды, нәтижеге сәйкес жалақымен қамтамасыз ететін әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді бағалау әдісі енгізілді». Д.Назарбаева, сонымен қатар, елі­міздің сот жүйесі 5 буынды жүйеден 3 буынды жүйеге көшкенін атап өтті. Жоғары Сот Кеңесі дербес аппаратымен автономды мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істей бастағандығын, құрылыс саласында рұқсат беру құжаттарын ұсы­ну мерзімі түбегейлі қысқарғанын еске салды. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының іс жүзіне асырылу барысы, нәтижелері жөнінде бұдан әрі Ұлттық комиссияның мүшелері баяндады. 5 реформа бойынша әрбір жұмыс тобының жетекшілері өз салаларына қатысты айтып берді. Мемлекеттік қызметкерге талап күшейді «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бірінші бағыты мемлекеттік аппарат­ты кешенді түрде жаңғыртуды қарас­тыратыны мәлім. Бұл міндетті іске асыру мақсатында 2015 жылдың ая­ғында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» жаңа За­ңы қабылданды. Тіпті, мемлекеттік бас­қарма жүйесін реформалау үшін Президент Жарлығымен өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылды. Дариға Назарбаева осы бірінші бағытта атқа­рылатын жұмыстармен таныстыру үшін сөз кезегін аталған ведомствоның басшысы Талғат Донақовқа берді. Министрдің сөзіне қарағанда «100 нақты қадамның» бірінші бағыты ая­­сында бүгінгі таңда барлығы 15 қадамның 10 қадамы жүзеге асырылып, қалғандары әртүрлі сатысында орын­далу үстінде екен. «Бүгінде еліміз мемлекеттік қызметтің аралас үлгісінен мемлекеттік қызмет жүйесін құрудың мансаптық қағидатына көшті. Оның аясында қызметкерлердің құзыреттері мен жекелеген қасиеттері бірінші кезекке шығады, ал мансаптық өсу үшін төменгі лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті. Оған қоса, биылдан бастап мемлекеттік қызметке орналасу үдерісі түбегейлі өзгерді. Бұдан былай үміткерлерді іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді», – деді ол. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері жалпы еліміз бойынша 123 төменгі лауазымдарға жалпы конкурс жарияланыпты. Онда 39 аймақ қам­тылған. Байқаулардың нәтижелері бойынша 27 адам мемлекеттік қыз­метке тағайындалыпты. Мұндайда үміт­­­керлерге мемлекеттік органдарға қызметке тұру үшін міндетті түрде сынақ мерзімі белгіленеді екен. Министрдің тағы бір келтірген мәліметіне қарасақ, бүгінде еліміз бойынша барлығы 518 мемлекеттік қызметкерлер сынақ мер­зімінен өтуде, оның ішінде 395 адам аймақтарда сынақтан өтіп жүрген кө­рінеді. Осыны айтқан ведомство басшысы арнайы қабылданған заңда мемлекеттік қызметтің барлық ережелері мен қағидаттары анық көрініс тапқанын айтты. Сөйтіп, тілшілердің сұрақтарына жауап беруге бейіл екенін білдірді. Заң үстемдігі нық орнайды Бес институттық реформаның екінші бағыты заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жөнінде брифингте Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев әңгімеледі. Оның айтуына қарағанда, екінші ба­ғыт 19 қадамнан тұрады. Негізі, Ұлт Жос­парында заңның үстемдігі мен құқықтық тәртіп тұтас бір бағытты қам­тиды. Оның шеңберінде ұсынылған реформалар Қазақстанда қызмет етіп жатқан сот жүйесі мен құқық қор­ғау органдарының жаңғыртылуын қам­та­масыз етуге арналған. Алдағы уақытта жасалатын өзгерістердің негізі көп жылдар бойы қаланып келді. Негізінен, озық халықаралық тәжірибелер мен дағ­­дылар зерттеліп, оларды елімізге бейім­деу жолдары зерделенді. «Заңның үстемдігі» бағыты бойынша реформалар Қазақстандағы сот жүйесін неғұрлым кәсібилендіруге, мөлдір әрі ізгілікті ету­ге бағытталған. Жекелеген шараларды жүзеге асыру арқылы сот процеду­ралары жеңіл және айтарлықтай жылдам жүргізіледі. Сот жүйесінің жұмысы қоғам үшін мөлдір және ашық бола түседі. Мұндай өзгерістер құқық қорғау органдарының жұмысын да қамтиды. Осыны жеткізген М.Бекетаев, сот ісін ашық өткізу мақсатында сот залдарында сот процестерін бейне жəне таспаға жазуға мүмкіндік беретін жаңа жүйемен жабдықтау жұмысы жалғасып жатқанына тоқталды. «Қазір осындай жүйемен 1 050 зал немесе барлық залдардың 75 пайызы жабдықталған. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Мұнымен бірге, заңның үстемдігін қамтамасыз ету бағыты бойынша реформаларды іске асыру туралы баяндауға да рұқсат етіңіздер. Жыл басынан сот органдары бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге көшті. Сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдетумен қоса, бұл істерді сотта қарау мерзімдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сот бақылауын күшейту жəне азаматтардың құқықтарын қосымша қорғау мақсатында сотқа төрт тергеу қызметіне санкция беру уəкілеті берілді. Бұл – қарап тексеру, тінту, алу жəне жеке басын тінту. Жыл басынан бері бұлар бойынша сотқа 4 715 материал түскен», – деді ол. Үш жыл ішінде еліміздегі мем­лекеттік сот орындаушыларының саны 70 пайызға қысқарады. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда азаматтық іс жүргізуде прокурордың қатысуы 35 пайызға азайыпты. Сондай-ақ, жеке сот орындаушылардың уəкілеті де ай­тар­лықтай кеңейген көрінеді. «Жыл басынан бері екі жарым ай уақытта жекеменшік сот орындаушыларға 250 мың іс түскен. Бұл өткен жылдың сəйкес мерзімімен салыстырғанда, екі есе артық. Ал мемлекеттік сот орындаушыларына осы жылдың екі айы ішінде өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстыр­ғанда төрт есеге кем, яғни 47 мың іс түскен. Үш жыл ішінде мем­лекеттік сот орын­­даушылардың саны 70 пайызға қысқартылады», – деді М.Бекетаев. Президент Əкімшілігі Басшысының орынбасары мемлекеттік қызметкерлер арасынан жергілікті полиция қыз­мет­керлеріне ғана смартфон ұстауға рұқсат етілетінін айтты. Оның сөзін толықтырған Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министр Т.Донақов жұмыс орнында смартфон пайдаланған өзге мемлекеттік қызметкерлер тиісті заңнама бойынша тəртіптік жазаға тартылатынын жеткізді. Ал мемлекеттік қызметкерлер арасында жергілікті полиция ғана смартфон ұстап, азаматтардан «WhatsApp» арқылы шағым қабылдай алады екен. «Жергілікті полиция қызметіне келсек, оларға «WhatsApp» арқылы хабарламалар алуға мүмкіндік беріледі. Жалпы, смартфон ұстауға тыйым салу туралы ережені дұрыстап оқысақ, ереже бойынша құпия құжаттар бар мекемелердің қызметкерлері туралы айтылған. Ал учаскелік полицияның жұмыс орны аудандардың аумағын қамтиды, сон­дықтан, байланыс үшін оған смартфон керек», – деді М.Бекетаев. Реформалар жемісті болары анық Бес институттық реформаның үшінші бағыты аса ауқымды бағыт болып табылады және онда 50 қадам қамтылған. Елді индустрияландыру міндеттерінде жаңғырту мен экономикалық өсім де қамтылғандықтан, әзірге нақты нәти­желер туралы айту ерте. Десек те, бір­қатар жемісті жұмыстарға тоқталып өткен жөн. Ұлт Жоспарының осы бағыты жөнінде әңгімелеген Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, қол жеткізілген табыстар жөнінде айтты. «Ұлт Жоспарында көрсетілген қа­дамдарды жүзеге асыру бойынша жер қатынастары, құрылыс, электр энергетикасы, агроөнеркәсіптік кешен салаларында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, жер мәселелеріне қатысты заңнамалық өзгерістер осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Ал құрылыс саласында қажетті заңдар мен басқа да заңға қатысты актілер қа­был­данды. Жекелеген нормалар мен ережелерді кезең-кезеңімен енгізу жүзеге асырылуда, іске асыру мерзімі 2020 жылға дейін деп қарастырылған, ал жекелеген жағдайларда ол 2025 жылға дейін созылмақ. Электр энергетикасы саласында «Бірыңғай сатып алушы» моделі енгізіліп, жаңа тарифтік саясатты енгізу бойынша негіздер қабылданды. Агроөнеркәсіптік кешен саласында ет және сүт өндірісін дамыту үшін стра­тегиялық «зәкірлі» инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіле бастады», – деді министр. Еліміздің транзиттік-көліктік әле­уетін арттыру, стратегиялық «зәкірлі» ин­весторларды тарту, экономиканың басым бағыттарында біріккен кәсіпорындар құру бойынша түрлі шаралар қабылданға­нын жеткізген ол, Қазақстан халықаралық көлік-коммуникациялық ағымға кірігіп, Азиядан Еуропаға және кері бағытта кө­лік дәліздерін салып жатқанына назар аударды. Сөйтіп, 37-45-қадамдарда ауқымды блок қамтылғанын айтты. «Бұл қадамдар салық және кеден саласындағы реформаларды қамтиды. Осы тұрғыда, жария ету мәселелері ерекше орын алады. Белгілі болғандай, мүлікті және ақ­шаны жария ету мәселелері бойынша заң­нама қабылданды, оны іске асыру барысында едәуір өзгерістер енгізіліп, тең­дессіз жеңілдіктер мен кепілдіктер белгіленді. Жария ету мерзімі ағымдағы жылдың соңына дейін ұзартылды», – деді Е.Досаев. Ұлт Жоспарын іске асыру мақсатын­да «Индустрияландыру және экономикалық өсім» реформасының аясында өткен жы­лы 30 заң мен 289 заңға қатысты ак­тілер қабылданыпты. «Бұл Жаңғырту жө­ніндегі ұлттық комиссия мақұлдаған шараларды іс жүзінде жүзеге асыра бас­тауға мүмкіндік берді. Үстіміздегі жылы 152 нормативтік құқықтық актілер, оның ішінде 2 кодекс пен 4 заң әзірленіп, қа­был­данатын болады», – деп түйіндеді ол. Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында осы жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн. гектар жер­ді аукцион арқылы саудалайды екен. «Аталған 1,7 млн. гектар жер­дің бүгінгі күні 645,4 мың гектары немесе 1271 жер телімі сатылымға да­йын. Қазіргі уақытта жалға алып отырғандарға жердің кадастрлық құны­ның 50 пайыздық көлемін 10 жылға бөліп төлеу мүмкіндігімен жеңілдіктер беріледі. Сату үшін аукционға қойылған жердің кадастрлық құны жер учаскесінің бастапқы бағасы болып саналады. Егер екі аукцион барысында кадастрлық құны көтеріліп, жер телімі сатылмаса, онда ол үшінші мәрте кадастрлық құ­нының 50 пайыздық мөлшерімен қайтадан сатылымға шығарылады», – деген министр, бүгіннің өзінде 454 жерді пайдаланушы жалға алынған ауыл шаруашылығы жерін жекеменшікке алу үшін өтініш бергенін тілге тиек етті. Шарада Қазақстан құрылыс саласында Еурокодтар жүйесіне көшуді бастағаны да айтылды. «Құрылыс саласында бастапқы рұқсат беру құжаттарын беру мерзімдері 40 күннен 17 жұмыс күніне дейін, эскизді жобаны келісу 60 күннен 15 жұмыс күніне дейін түбегейлі қысқартылды. Құрылыстың басталуы туралы хабарламаны 1 күн ішінде электронды түрде беру қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап, сараптамалық жұмыстардың 50 пайызы нарыққа берілді және жеке сараптамалық ұйымдармен жүргізіледі. Ресурстық әдіс енгізілді және Еурокодтар жүйесіне ауысу басталды», – деді Е.Досаев. Ал Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына қара­сақ, 2016 жылғы 1 қаңтардан бас­тап, жеке ұйымдармен сараптама өт­кізу үшін берілген нысандар тізбесі бекітілген. Оған тұрғын үй-азаматтық мақсатындағы жаңа, қалпына келтіру және қолданыстағы техникалық және технологиялық күрделі емес ғимараттар мен құрылыстардың капиталды жөндеуі бойынша ТЭН және ЖСҚ, сондай-ақ, елді мекендер аумақтарын абаттандыру мен көгалдандыруға ТЭН және ЖСҚ және технологиялық күрделі емес инженерлік инфрақұрылым нысандары және қоғамдық, әкімшілік-тұрмыстық бір-екі қабатты ғимараттар мен құрылыстар мен шағын қонақ үй кешендері және тағы басқа осыларға ұқсаған нысандар кіреді екен. Еліміз сыртқы сауда жүргізу рәсімдерін де жеңілдете түсіпті. «Сырт­­­қы сауданы жүргізу рәсімдерін жеңілдету мақсатында экспорттық-импорттық операцияларды жасау ке­зіндегі құжаттар саны қысқартылды. Тауарларды экспорттау кезінде – 3, импорттау кезінде 4 құжат қысқарды. Бұл ретте, сыртқы экономикалық қызметке қа­ты­сушылардың тәуекел деңгейі төмен, орта және жоғары үш санатын енгізе отырып, тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың тәсілдері қайта қаралды. Бұған қоса, Қаржы министрлігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, пост­кедендік ресімдеу бойынша «300 ірі са­лық төлеушіге арналған жасыл дәліз» ілкі жобасын іске асырды», – деді Ұлттық эко­номика министрі. Келесі жылдың 1 қаңтарынан елі­мізде доминанттар тізілімі жойылатын көрінеді. «Монополияға қарсы реттеу саласын реформалау аясында биылғы 1 қаңтардан бастап Доминанттар тізілімі – 914 нарық субъектісінен 254 субъектіге дейін қысқарды. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, бұл тізілім мүлде жойылатын болады. Ал заңды тұлғалардың қызметі түрлерінің тізбесін қабылдау жолымен кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуы 47 пайызға азаяды. Реформаның екінші кезеңін іске асыру үшін ағымдағы жылдың 22 ақпанында Қазақстан Үкі­метіне «Бәсекелестік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленіп енгізілді», – деді Е.Досаев. Ұлттық экономика министрі елі­міздегі индустриялық реформаның нә­ти­­желері туралы да әңгімеледі. «Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкес келетін инвестициялық ахуалды қалыптастыру үшін биылғы 1 қаңтардан бастап, ин­весторларға 350-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған «бір терезе» қызметі іске қосылды. Инвесторларды тарту мәселелері жөніндегі үкіметтік кеңес құрылды. Осыған ұқсас кеңестер әкімдердің басшылығымен барлық өңірлерде құрылып, ХҚО-ларда инвес­торларға қызмет көрсету секторлары ашылды. Атап айтқанда, өткен жылы «зәкірлік инвесторлар» мен трансұлттық компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 130 млн. АҚШ доллары болатын 4 жаңа өндіріс ошағы іске қосылып, жалпы сомасы 113 млн. АҚШ долларына 6 компания, яғни Danone, LG Electronics, Galaksi Group, BTM Group, Lotte Group, Coca-Cola компаниялары кері инвестицияланды», – деді ол. Өзге салаларға да қомақты инвес­тиция тартылыпты. «Фармацевтика­да, агроөнеркәсіптік кешенде, тау-кен-металлургия кешенінде, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өн­дірісінде «зәкірлік инвесторлар» мен ТҰК қатысуымен 2,2 млрд. АҚШ долларына 16 жобаны тарту мен іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді», – деді Е.Досаев. Ұлттық экономика министрлігінің біріктірілген Салық және Кеден кодекстері биыл 1 қыркүйекте Парламентке жолданады екен. Осы уақытқа дейін бизнес пен билік елде қандай салық түрі болады? Сатылымнан түскен салық немесе қосымша құн салығы қалуы тиіс пе? – деген сауалдарда ортақ ымыраға келуі тиіс екенін жеткізген министр, бүгінде бұл жөніндегі пікірлер екіге жарылғанын айтты. «Қайсысы жақсы, қосымша құн салығы ма, әлде сатылымнан түсетін салық па? Сұрақтар көп, оның жақсы тұстары да, теріс тұстары да бар. Қандай салық тиімді деген сауал тәуелсіздік алғалы бері талқыланып келеді. Қазіргі уақытта салық түрлеріне қатысты сараптама өткізілуде. Алайда, бұл мәселе біржақты шешілмей отыр», – деген Е.Досаев Мемлекет басшысы қажетті есептеулер жасап, бизнеспен тілдесуді, қандай салық қажет екенін анықтауды нақты тапсырғанын айтты. Сөйтіп, «ол қалай іске асады?! Біз біріктірілген Са­лық және Кеден кодекстерін жасадық, ол 1 қыркүйекте Парламентке жолданады. Демек, нақты шешім сонда қабылданады», – деді министр. Елімізде 120-ға жуық мектепте үштілді білім беру жүзеге асырылуда. «Ағым­дағы жылдың 1 қыркүйегінен 12 жылдық білім беруге көшу мақсатында елдің барлық мектептерінде 1-сыныптар үшін бастауыш мектептің 24 оқу бағдарламасы, негізгі мектеп және жоғары сыныптар мектебінің 84 оқу бағдарламасы әзірленді. 22 әдістемелік құрал мен жалпы білім беру мектептерінің мұғалімдері үшін 31 ұсыным дайындалды. Бүгінгі таңда елдің 117 білім беру ұйымы үштілді білім беруді іске асырды», – деді бұл жөнінде Е.Досаев. Сонымен қатар, ол индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасы кадрларын даярлау үшін 11 арқаулық жоғары оқу орны 78 шетел уни­верситетімен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасқанын атап өтті. «2017 жылдан бастап, тегін кәсіптік-техникалық білім беруге көшу аясында Дүниежүзілік банктің «Техникалық және кәсіби білім беруді жаңғырту» жобасы бойынша 6 колледж 425 млн. теңге сомаға грант алды», – деді министр. Осы жылдың 1 шілдесіне дейін жер қойнауын пайдаланушылар аукцион арқылы 100 жер телімін сатып ала алады. «2015 жылғы желтоқсанда жаңа ресурстық база құру аясында оңайлатылған тәсіл бойынша аукциондар арқылы 38 учаске өткізілді және ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін сауда-саттыққа тағы да 100 учаске шығарылады», – деген министр австралиялық тәсілмен жер қойнауын пайдалануға 10 үлгілі келісімшарт жасалғанын айтты. Ұлт­тық экономика министрі, сондай-ақ, қазақстандықтардың заңдастырған қар­жысы 380 млрд. теңгеден асқанына назар аудартты. «Заңдастыру бойынша 2016 жылғы 18 наурыздағы жағдайға сәйкес, 1 220,8 млрд. теңге сомасына 81,7 мың өтініш түсіп, 997,4 млрд. теңге заңдастырылды. Оның ішінде 384,9 млрд. теңгесі ақша, ал 612,5 млрд. теңге сомасына 76,7 мың нысан мен бағалы қағаздар заңдастырылып отыр», – деді Е.Досаев. Айта кетерлігі, министрлік баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, заңдастыруды белсенді ету бойынша қосымша шаралар қабылдағанға дейін барлығы 425 млрд. теңге заңдастырыл­ған болса, ал биылғы жылдың 18 нау­ры­зы­на дейін акцияның бұған дейінгі 15 айда заңдастырылған сомадағыға қарағанда 572,4 млрд. теңге немесе 134,6 пайызға қосымша заңдастырылғаны мәлім болған. Біртектілік пен бірлік – тұрақты дамудың темірқазығы Төртінші бағыт бойынша жүзеге асырылған жұмыстар жайында Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов баяндады. Оның айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының төртінші бағыты аясында қазіргі таңда 5 пункт жүзеге асырылу кезеңінде. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында бірлік пен біртектілікті қалыптастыру мақсаттары қойылған. Ол мақсат бірнеше бағыт бойынша дамытылады. Бүгінде осы бағытта 33 нормативтік акт қабылданды. Парламент деңгейінде 5 ірі заңға қол қойылды. Мемлекет басшысының 5 Жарлығы мен Үкіметтің 12 қаулысы қабылданды және бүгінде жүзеге асырылуда», – деді Е.Тоғжанов. 2015 жылдың соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтары негізінде қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасын бекіткен болатын. Е.Тоғжановтың айтуынша, қо­ғамдық сананы қайта қалыптастыру және бүкілқазақстандық мәдениетті нығайту тұрғысынан жетекші рөл Қа­зақстан халқы Ассамблеясына берілді. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы бірқатар қағидатты мін­деттерді шешуді жүзеге асырады. Біріншіден, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азамат­тық қо­ғам институттарының қызметі «Мәң­­гілік Ел» Жаңа Қазақстандық Патриотизмді нығайтуға және дамытуға бағытталған. Елімізде билік институттары тұрғындармен толыққанды өзара қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін мемлекеттік басқару жүйесі құ­рылуда. Екіншіден, республикамыз үшін отбасы, бірлік, сондай-ақ, еңбексүйгіштік, адалдық, зияткерлік, үш тілділік тәрізді құндылықтар насихатталатын еңбек және кәсіпқойлар қоғамын құру басымдықты болып табылады. Адам әлеуетінің сапасын арттыру үшін білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларында реформалар жүргізілуде. Елімізде 2020 жылға дейінгі үш тілде білім беруді дамытудың Жол картасы әзірленіп, қолданысқа енгізілген. Үш тілділік үлгісін жүзеге асыру қазақ тілінің маңызын арттырудан өзге, елде қалыптасқан полиэтностықты сақтауға мүмкіндік береді және бір мезетте инновациялық білімдерді қолжетімді етеді. Сонымен қатар, 2017 жылдан бас­тап Қазақстанда «Барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім» атты жаңа жоба іске қосылады. Жалпы алғанда, жаңа әлеуметтік саясаттың маңызды аспектісі адамзат әлеуетінің дамуына салынатын инвестициялардың біртіндеп артуымен байланысты. Үшіншіден, Қазақстанның алдында ел дамуының стратегиялық мақсаттары үшін жұмыл­ған, қазақстандық біртектілік пен бір­лік, Жаңа Қазақстандық Патриотизм қағидаттарында тәрбиеленген «Мәңгілік Ел» ұрпағын қалыптастыру бойынша міндеттер тұр. Төртіншіден, қоғам алдында халықтың тарихи естелігі мен рухани-мәдени мұрасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды, сондай-ақ, мемлекеттің қазақстандық қоғамның рухани бірлігі қағидаттарына негізделген зайырлылық сипатын дамыту бойынша шараларды сапалы түрде жүзеге асыру міндеттері бар. Е.Тоғжанов бүгінгі таңда он арқау­лық нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, біріншісі – алғаш рет ҚХА жаңа тиімді әлеуметтік лифт ретінде жұмыс істей бастады. Оның бес деңгейі бар: заңнамалық – Парламент Мәжілісінде ҚХА-ның депутаттық тобы ретінде көрініс береді; бақылаушылық – Президент Әкімшілігі құрылымында ҚХА Хатшылығы бар; атқарушылық – оның аясында Қазақстан Президенті жа­нынан «Қоғамдық келісім» РММ құрылды және аймақтық – оған мәс­лихаттар депутаттары, облыстық ҚХА 16 хатшылығы және әкімдіктер жанындағы 16 «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі кіреді. Сонымен қатар, қоғамдық деңгейді де атап өткен жөн, оның аясында 16 Достық үйі, 14 ҚХА кафедрасы, 15 ҚХА Медиация орталығы бар. Екінші – ҚХА азаматтық қоғамның кадрлық резерві жұмыс істей бастады. ҚХА кадрлық резерві – мұнда барлық аймақтардағы 962 этномәдени бірлестік қамтылған, олар облыстық ҚХА-лардың құрамына енеді. Үшінші – ҚХА жалпыреспубликалық инклюзивті медиация желісі құрылып, жұмыс жасайды. Онда дау-дамайлардың алдын алу, оларды ескеру және шешу мәселелері, сондай-ақ, қоғамдық ке­лісімді нығайту мәселелері шешіледі. Медиация инфрақұрылымына: Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі, 16 ай­мақтық ғылыми-сараптамалық топ енеді. Жаңа инклюзивті медиация желісі әлеуметтік-тұрмыстық негізде туындайтын кез келген кикілжіңдерді саясатсыздандырады. Төртінші – реформа нәтижесінде Ассамблея алғаш рет азаматтық өкіл­діктің жаңа қоғамдық кеңесі ретінде жұмыс істей бастады. Ол екі маңызды қоғамдық-саяси функцияны атқарады: халықтың саяси тұтастығын білдіреді және өзіне барлық этностық және кон­фессиялық алуандықты топтастырады. Бесінші – ҚХА-ның үйлестіруімен қайырымдылық құрылымдастырылған қоғамдық функцияға айналды. Құрамына 300 ірі меценат пен қайырымдылық жасаушы енген пул қалыптасты, көмекті қажет ететіндердің республикалық мәлі­меттер базасы құрылды. Алтыншы – ҮЕҰ секторы нақты әлеуметтік жұмыспен қамту секторына айналды. ҮЕҰ-мен әріптестіктің сапалық тұрғыдан мүлде басқа қағидаттары, оның ішінде қаржыландыру бойынша да, қамтылған жетілдірілген нормативтік-құқықтық база қоғамдық қатынастардың әлеуметтік кәсіпкерлік, әлеуметтік менеджмент тәрізді жаңа түрін қалып­тастыруға септігін тигізді. Жетінші – жас­тар саясаты әлеуметтендірудің жаңа үлгісіне – «Жастар форсайтына» айналды. Реформа жастарды өзін өзі тануға – нақты мүмкіндіктерін талдауға, сын-те­геуріндерді болжауға және оларды ескере отырып, өз болашағының жол картасын жасауға үйрету үшін барлық жағдайды жасайды. Жастар саясатының жаңа үлгісі – бұл жаңа интеллектуалдық лифт, ол үш түйінді негізден құралады: жастардың экономикалық және әлеуметтік дербестілігі мен толыққандылығын қалыптастырудан; жастардың инновациялық даму типін – жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қа­лыптастырудан; жастардың әлеуметтік-еңбекке жұмылғыштығын дамытудан. Сегізінші – қолжетімділік, бәсекеге қабі­леттілік, әлемдік кеңістікке кірігу және бизнес-шешімдер қағидаттары негізінде Қазақстанның жаңа мәдени бағыты қалыптасты. Мәдениет саласындағы менеджмент ЭЫДҰ елдерінің тәжіри­бесін ескерумен өзгерістерге ұшырады. Мұражайлардың әлеуметтік рөлі белсен­ділендірілді. Ел бойынша жаңа маркетинг енгізілуде. Ассамблея жалпы­қазақстандық мәдениеттің дамуына жаңа серпін берді. Бұл жұмыс 7 947 мә­дени ұйымды: 231 мұражайды, 4186 кітапхананы, 61 театрды, 3180 клубты қамтиды. Тоғызыншы – білім және ғылым саласында функциялық сауаттылық корпусы қалыптасуда. Жалпы саны 3,5 млн.-ды құрайтын қазақстандық өскелең ұрпақ үшін жаңа көптілділік, ғылым-білім және мәдени тәлім-тәрбие ортасы қалыптасуда. Осы мақсатта 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім және ғылымды дамыту бағдарламасы қабылданды. Оныншы – базалық нәтиже ретінде реформаларды қолдау және олардың іске асырылуына атсалысу мақсатында «мемлекет-қоғам» кең ау­қымды ақпараттық-коммуникациялық ортасы жаңа қағидаттарға негізделгенін айтуға болады. Төртінші реформа ең алдымен жа­ңа қо­ғамдық қатынастар мен азаматтық қоғамның және мемлекеттің жаңа функ­­циялары мен институт­тарын қа­растырады. Жалпы алғанда, тәжірибе көрсеткендей, барлық бес инс­титуттық реформаны жүзеге асыру өзара байланысты тұтас үрдіс болып табылатынын көрсетті. Әрбір реформаның табыстылығы қалғандарының табысты жүзеге асырылуына байланысты. «Бұл реформалар Қазақстан xалқы Ассамблеясы негізінде іске асады. Себебі, елдің бір­лігі әрқашанда тәуелсіздіктің тірегі бо­лып қала береді. Ол – ел дамуының негізгі құндылықтарының бірі. Егер 30 дамыған елдің қатарына енуге талпынатын болсақ, еліміздің туын жоғары көтеріп, экономикалық-әлеуметтік мәселесін де шешеміз дейтін болсақ, алдымен қоғамдық келісімді, еліміздің тұрақты дамуын тікелей қамтамасыз етуіміз керек», – деді Е.Тоғжанов. Есеп беретін мемлекет – табысты экономикалық жеңістер кепілі Ұлт Жоспарының бесінші ба­ғы­ты, яғни халыққа есеп беретін мем­лекетті қалыптастыру жөнінде Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бей­сенбаев баяндады. «Реформалар аясында маңызды шаралар қабылданды. Біріншіден, мемлекеттік жоспарлауда оңтайландыру іске асырылды. Түрлі деңгейдегі сегіз бағдарлама жолға қойылып, бес салалық бағдарлама үкіметтік негізде қайта бекітілді. Екін­­шіден, барлық министрліктер мен əкімдіктерде жаңа заңнамалық негізде үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестер құ­ры­луда», – деді А.Бейсенбаев. Сондай-ақ, ол «Үшіншіден, мемлекеттік органдардың қызметін бағалайтын жаңа жүйе жұмыс істей бастады. Мемлекеттік органдар, əкімдер, ұлттық университеттердің басшылары жыл сайын халық алдында есеп беру тəжірибесі енгізілді. Бірінші тоқсанда барлық əкімдер есеп берді. 2016 жылдың екінші тоқсанында – министрлер, үшінші тоқсанында ұлттық университеттердің ректорлары есеп береді», – деді. «Есеп беретін мемлекетті қалып­тастыру» бағыты бойынша 10 қадам бар. А.Бейсенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта олардың барлығы жүзеге асырылу кезеңінде, дайындық жұмыстары жүргізілуде, заңнамалық негізі жасал­ған. Транспарентті және есеп беретін мемлекет – тұрақтылық пен табыс­ты экономикалық жеңістер кепілі. Транс­парентті есеп беретін мемлекет құру сыбайлас жемқорлықты азайтып, Қазақстан қоғамындағы азаматтық сананы өзгертеді. Транспарентті және есеп беретін мемлекет құру азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үрдісіне белсене тартылып, халық пен бизнес-қауымдастықтың азаматтық белсенділігінің артуына ықпал етеді. Қазақстан халқының алдында ашықтық пен мөлдірлікті қамтамасыз етуге бағытталған бұл жұмыс елдегі барлық билік өкілеттіліктерін Президенттен – Үкіметке, Парламентке, Үкіметтен – жергілікті органдарға, облыс басшыларынан – жергілікті өзін өзі басқаруға бөлістіруді қажетсінеді. А.Бейсенбаев әрбір қадам бойынша қолға алынған іс-шараларға жекелей тоқталды. 91-қадамның жүзеге асырылуы­на сәйкес, аралық бақылау мен есептілік қысқартылды, Үкіметті мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың іске асырылуы бойынша ақпараттандыру шектелді, бұл мемлекеттік органдар арасында «көлденең» хат алмасуды қысқартуға, қағаз нұсқасындағы құжат айналымын қысқарту үшін сайттарды қолжетімді ақпараттармен толтыру бойынша мемлекеттік органдардың міндетін бекітуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдардың меморандумдар жасауы кезінде нақты мақсатты индикаторларды белгілеудің негізі нормативті түрде әзірленді. 92-қадамға сәйкес, мемлекеттік бағдарламалар саны қысқартылды, үкіметтік бағдарламалар тізімі бекітіліп, салалық бағдарламалар тізімі жойылды. Стратегиялық жоспарларды қайта пішіндеу стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз етеді, сондай-ақ, құжаттарды оңтайландыру мен олардың ауқымын қысқартуға септігін тигізеді. 93-қадамды жүзеге асыру мақсатында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң қабылданды. Заң тексеруші органдардың рөлін, дербес жауапкершілік тетіктерін енгізу арқылы олардың міндеттерін жүйелейді. Ең бас­тысы – жаңа заң бұзушылық фактілерін анықтаудан, жасалған құқық бұзушылық пен олардың орын алу себептері ара­сындағы себеп-салдарлық байланыс­ты са­ралауға өтуге мүмкіндік береді. Заң ЭЫДҰ ел­дерінің тәжірибесі мен Ұлт­тық комиссияның Ұлт Жоспарының 93-қа­дамы бойынша ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік аудит және қаржылық бақылау енгізу тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында әзірленді. Заңның негізгі мақсаты – қызмет етіп жатқан қаржылық бақылау жүйесінің құқықтық қолдану тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру. «Ашық Үкімет» енгізуді қарастыратын 94-қадам да ішінара жүзеге асырылуда. «Ашық Үкіметті» қалыптастыру мақсатында қабылданған шаралар кез келген заңға қайшы келмейтін жолмен ақпараттарды еркін алу және тарату жөніндегі әр азаматтың конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттеу­ге бағытталған. Осылайша, 2014 жылы «Ашық мәліметтер» және «Ашық НҚА» сайттары, ал 2015 жылы «Ашық бюджет» және «Ашық диалог» компоненттері іске қосылды. Заңнамалық негізі әзірленді. Орталық атқарушы органдар басшыларына, барлық деңгейдегі әкімдерге, ұлттық ЖОО ректорлары мен автономды білім беру ұйымдары жетекшілеріне жыл сайын халық алдында есеп беру кездесулерін өткізуді міндеттеуді қарастыратын 95-қадам аясында биылғы жылы сәйкес іс-шаралар өткізілді. Өз кезегінде, 96-қадам Ашық Үкі­меттің 4 компонеті арқасында, яғни «Ашық мәліметтер», «Ашық НҚА», «Ашық бюджет», «Ашық диалог», орталық мемлекеттік органдардың статистикалық дерекқорының онлайн-қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Халық үшін барлық бюджеттік және қаржылық есептілік, сыртқы қаржы аудитінің нәтижелері, мемлекет саясатының тиім­ділігін бағалау қорытындылары, мемлекеттік қызмет сапасының қоғамдық бағалау нәтижелері, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеп жарияланады. 97-қадам бойынша 2016 жылға белгіленген Заңнамалық жұмыстар жоспарына сәйкес іс-шаралар атқарылуда. Бұл мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға беруге, өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға мүмкіндік тудырады. «Өзін өзі реттеу туралы» Заң қа­былданды, ол 2016 жылғы 15 мамырда күшіне енеді. Заңмен кәсіпкерлік және кәсіби қызметті реттеудің жаңа институты енгізіледі. Ол осы қызмет түрлерінің субъектілеріне өздігінен саланы реттеуге тікелей қатысу арқылы нарықта ойын ережелері мен шарттарын өздігінен анықтауға мүмкіндік береді. Заң мемлекеттік реттеудің жағымсыз аспектілерін жоюға, отандық тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ, кәсіпкерлердің тұтынушылар алдында жауапкершілігін күшейтуге жағдай туғызады. Сондай-ақ, өзін өзі реттеуші ұйымдар деп аталатын төмендегідей белгілері бар кәсіпкерлер мен олардың заңды тұлғаларының айрықша бірлестігін құру мүмкіндігі қарастырылған. Барлық шаралардың жүзеге асырылуы азаматтардың ше­шім шығару үдерісіне қатысуын арт­тыру­ға, өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға, мемлекет шы­­ғын­дарын азайтуға, мемлекеттік қызметтерді қысқартып, Үкіметті ық­шамдауға мүмкіндік береді. 98-қадам аясында жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін ен­гізудің базалық негізі болып табыла­тын жергілікті өзін өзі басқару орган­дарының қаржылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту бойынша шаралар қабылданды. 99-қадам мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жанындағы Қоғамдық кеңестердің рөлін күшейтуді қарастырады. Өткен жылдың соңында «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға қол қойылды, ол Қоғамдық кеңестер қызметінің құрылу мен ұйымдастырылу тәртібін анықтайды. 99-қадамды жүзеге асыру мақсатында қабылданған нормативтік-құқықтық актілер Қоғам­дық кеңестерді мемлекет істеріне қоғамдық ықпал ететін мемлекеттік емес институттарға, мемлекеттік шешімдердің қабылдануында мөлдірлікті арттыратын консультативтік-кеңесші, бақылаушы органға айналдырады, сондай-ақ, қо­ғамдық тыңдаулар ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бекітеді. Мемлекеттік органдардың өкілдері мен қарапайым азаматтарды біріктіретін жаңа қоғамдық кеңестерді енгізудегі күтілетін оң нәтиже – елеулі маңызы мен қоғамдық мәні бар барлық мәселе­лер бойынша азаматтық қоғамның өз ойын білдіру мүмкіндігіне ие болуы. Осылайша, қарапайым азаматтар елде жүріп жатқан істерге өз ықпалын тигізіп, өзекті мәселелерді көтере алады деп жос­парлануда. 100-қадам аясында 2016 жылғы 1 нау­­рызда «Үкімет азаматтар үшін» Мем­лекеттік корпорациясын құру жөнінде қаулы күшіне енді. Сонымен қатар, азаматтардың басына туатын өмірлік жағдайларда кешенді қолдау көрсетуге көшу Мемлекеттік корпорация жұмысының маңызды қағидатына айналмақ. Аталған қадамды жүзеге асыру арқылы ақылы қызметтер көрсету мен алдағы уақытта Мемлекеттік корпорация шығындарын оңтайландырудың арқасында республикалық бюджетке артылған жүк бірте-бірте азаяды деп күтілуде. Нұрбай Елмұратов, Динара Бітікова, «Егемен Қазақстан».