26 Наурыз, 2016

Таспадағы тарих тағылымы

381 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
GVK_9967Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5573-әскери бөлімінің мәдени орталығында Ұлы Отан соғысындағы ұмытылмас ерлікті ұлықтауға арналған ұлағатты іс-шара өтті. фильмЕл басына екіталай күн туғанда қолына қару алып, Отанын қорға­ған майдангерлер, тылда тыным таппаған еңбек ардагерлері, бү­гін­де азаматтық борышын өтеп жүрген өрімдей сарбаздар, сон­дай-ақ, мектеп оқушылары Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бізге даңқ пен тағзым мұраға қалған!» акциясы аясында Президент телеардио кешені түсірген «Отан үшін отқа түскендер» және «Жеңісті жақындатқандар» атты деректі фильмдерді тамашалады. Аспан асты, жер үстінде адам­зат жаралғалы бұрын-соңды бо­лып көрмеген бұл қан-қасап қыр­ғында ежелден ер туған қазақ­тар қаһармандықтың небір қай­та­ланбас үлгісін көрсеткені белгілі. Сон­ың нәтижесінде 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Аттары аңызға айналған Бауыр­­жан Момышұлы, Талғат Бигел­динов, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова секілді ұлты­мыз­дың маңдайға басып, мақтан тұтар ұл-қыздары туралы тағылымды сыр шертер тарихи таспаларды көргенде көзімізге еріксіз жас келгенін жасырмаймыз. Әсіресе, Сталинград сойқанында, Харьков түбінде, Ржев – Вязьмадағы «ажал аймағында» қыршындарынан қиылған қандастарымыздың ая­нышт­ы тағдыры айтылған тұс­тарда қабыр­ғаң қайыса қамықпау мүмкін емес. Ең сорақысы сол, Ржев түбін­дегі сұрапыл ұрыстардан тірі қалған солдаттардың аузына қақпақ қойылып, ақиқатты айтуға тыйым салынған көрінеді. Ақмолада жасақталып, атар мылтықтың аздығынан жауға жалаң қылышпен шапқан атты әскер дивизиясының бақайшағына дейін қаруланған фашист басқыншыларына шыдас бере алмай, шыбындай қырыл­ғаны аздай, олар жайында шын­дықтың беті күні кешеге дейін бүркемеленіп келгенін қайтерсің. Ерлікпен қаза тапқан боздақтардың отбасына жіберілген «қара қағаз­да» бұрмаланған мәлімет берілді. Аңыраған аналар мен жылаған жесірлер арыстарын амалсыз із-түзсіз кеткендердің қатарына қосып, «кебенек киген келеді» деген ақталмас үмітке алданумен ана дүниеге аттанды. Көрермен көзайымына ай­­нал­­ған кинотуындыларда хал­қы­­­мыздың Бауыржан, Қасым, Рақым­­жан сынды тұлпар мініп, ту ұс­таған тұлғаларының кезінде баға­ланбаған батырлығы, елен­беген ерлігі байыбына бара баян­далады. Бір айта кетерлігі, Берлин­дегі сәтімен аяқталған бір әскери операция үшін бәріміз білетін Сағадат Нұрмағамбетов екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған екен. Бірақ, кеңестік армияның кеудемсоқ командирлері мұндай жоғары мәртебені қаракөз жігітке қимаған сыңайлы. Қазақтың көрген қиянаты жал­ғыз бұлар ғана емес. Айтып тауы­са алмайсың, бәрін санамалай берсең. Егемен елміз ғой, өткен өкіні­ш­тердің есесі енді толар. Алқалы жиынның аяғында бұған дейін Ресейде, Украинада Қазақстанның елшісі болып тұр­ғанында игі идеяларымен осы­нау фильмдердің тууына тіке­лей себепкер болған қазіргі «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков салмақты сөз сабақтап, Елбасының төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеу бағытындағы игі баста­маларын жүзеге асыру мақсатында білек сыбана жұмысқа кіріскенін алға тарта отырып, Ресейдің Подольск қаласындағы атақты әс­ке­ри архивті ақтару барысында өз­дерінің өте құнды деректер мен дәйектерге қол жеткізгендерін, оның бірсыпырасы мына киноларда көрініс тапқанын атап өтті. Бұл ретте елшілік қызметкерлерінің Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы қазақ­стандықтар ерлігін есте қалдыруға қомақты үлес қосқан­дарына қысқаша тоқталып, жалынды жылдар оқиғаларын қайта жаңғырту арқасында қазіргі жастарымызды аға ұрпақ даңқына сай тәрбиелеуге мүмкіндік туаты­нын жеткізді. Ал Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лей­те­нант Руслан Жақсылықов мұн­дай маңызды акцияның кейінгі толқын өкілдерін, оның ішінде Отан алдындағы парызын атқару­шы бозбалалардың бойындағы патриоттық сезімді барынша ұш­тауға қызмет ететініне ек­пін түсіріп, шапағаты мол шара­ға қатысушыларға риясыз риза­шылығын білдірді. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан».