26 Наурыз, 2016

Жаңа Парламент алдында жауапты міндеттер тұр

456 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, VI шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі.

25-03-01-Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақ­­стан Парламенті VI ша­қыры­лымының бірінші сессия­­сы өз жұ­мысын бастады. Оны рег­ламент­ке сәйкес Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Қуан­дық Тұрғанқұлов ашып, депутаттар толық тіркелгеннен кейін сессияны ашу үшін сөзді Президент Н.Назарбаевқа берді. Мемлекет басшысы сессия жұмысын ашық деп жариялаған соң Мемлекеттік Әнұран орындалды. Одан әрі Президент сөзін жалғастырып, депутаттарды Мә­жі­ліс жұмысының басталуымен құттық­тап, өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи мәні бар екенін айтты. Баршаңызды VI шақыры­лым­дағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуымен құттықтаймын, деп бастады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дық мерейлі белесін еліміз жаңа құрам­дағы Парламентпен қарсы алуда. Сай­лау­дың қорытындысы бойынша Парла­ментке 3 партия және Қазақстан халқы Ас­сам­блеясынан 9 депутат өтті. Баршаң­ызды тең бәсеке жағдайында өткен сай­лаудағы ортақ жеңіспен, депутаттар­ды жауапты қызметтеріңізбен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жа­һан­дық даму тұрғысынан аса күрделі ке­зеңге сәйкес келді. Әлемдік дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта халқымыз сіздерге зор сенім білдірді. Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді заңнамалық қамтамасыз ету сіздерге жүктеледі. Бұл сайлау ерекше өтіп, халықтың белсенділігін көрсетіп берді. Бүкіл дүниежүзіне біз осы жылдар ішінде заңды, ашық түрде баламалы сайлау өткізе алатынымызды дәлелдедік. Дүниежүзінің сарапшыларынан да, байқаушыларынан да оң баға алдық. Бұл да біз үшін зор жетістік болып саналады, деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сіздерді VI шақырылған Пар­ламент Мәжілісі жұмысының басталуы­мен құттықтаймын. Өткен сайлау біздің еліміз үшін тарихи маңызға ие. Оның нәтижесі қазақстандықтардың бүгіннің және Болашақтың біртұтас ұлты ретіндегі жоғары топтасқандық дең­гейін дәл бейнеледі. Біздің сайлау­лар қазақстандық біртектілікті нығайтқан тарихи актіге айналды. Сайлауларда дауыс беру Ұлт Жоспарын қолдауда бүкіл­халықтық плебисцит болды. Біздің халқымыз «Нұр Отан» партиясына та­ғы да саяси көшбасшылықты сеніп тап­сырды. Мен тағы да барлық қазақстан­дық­тарды Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы жылы өткен сай­лау­дың тарихи нәтижелерімен құттық­таймын. Сон­­дай-ақ, Мәжілістің жаңа құра­мының барлық депутаттарын парла­мент­ші­лер мәртебесіне ие болуымен құттық­тай­мын. Парламенттің жаңа құрамы жұмысын айрықша қиын жағдайларда бастайтын болады, деп жалғады ойын одан әрі Ел­басы. Бүкіл әлемде көп өлшемді және көп деңгейлі дағдарыс белең алып тұр. Бі­ріншіден, әлемдік сауда және қаржы нарықтарына болжам айту қиын. Ол қазақстандық экономикаға теріс әсер етеді және Қазақстанның жаһандық эко­но­­микаға қосылуының объективті тәуе­келінің бағасы болып табылады. Екін­шіден, тіпті, салыстырмалы түр­де қо­лайлы елдердің өзінде де түрлі әлеу­мет­тік проблемалар түйіндері өсе түсуде. Ол жұмыссыздықтың өсуімен, тек әс­ке­ри дау-жанжалдар аймағында ғана емес, соны­мен бірге, жаһандық эко­номи­­калық дағ­дарысты бастан өткір өткізіп жат­­қан мем­лекеттердегі босқын­дар­дың жаңа жа­һандық проблемасымен де өрши түсуде. Бүгінде, бүтіндей алғанда, әлем дамуы күрделі сатыда тұр. Экономикада да, гео­саясатта да ешкім үшін қарапайым шешім­дер болмақ емес. Бұл тұрғыда қан­дай да бір қиялдарға барудың қажеті жоқ. Ашығын айтайын, безбенделген мем­лекеттік шешімдерсіз, өткен 3 жыл­да қабылданған жаңа заңдар мен стра­­тегиялық бағдарламаларсыз ахуал бүгін­де әлдеқайда шиеленісті бола түсер еді. Оның біздің стратегиялық мақсат­тары­­мызға да және «2050» Страте­гия­сы­­ның, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­­ламасының, Ұлт Жоспарының және бас­­қа­лардың тактикалық міндет­теріне де қатысы бар, деп атап көрсетті Пре­зидент. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан Қа­зақ­стан жаңа құқықтық және инс­титут­тық орта жағдайында өмір сүруде. Ол 59 заңның және 400-ден астам заң аясындағы актілердің қабылдануы арқылы қа­лып­тасты. Кеше тек жоспар  ғана бол­ған­дар бүгінде шындыққа айналды. Әр­бір қа­зақстандық үшін әлемнің ең бір дамы­ған елдерінде орын алып отырған жайт­тарға ұқсас жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Мемлекеттік аппаратты меритокра­тия жағдайында қандай да бір көлең­келі жағдайларсыз және жеке бас қалауын­сыз жұмысқа ынталандыратын шаралар қабылданды. Командалық ауысу тәжірибесі тоқтатылды. Егер өткен жылдың 3 айында 1722 шенеунік ауыс­тырылса, биылғы жылы – небәрі 90 адам. Тең мүмкіндіктер жүйесі ретінде мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделі бекітілді. Мемлекеттік қызметке ең білікті және сауатты мамандарды іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Мемлекеттік аппаратта бұдан былай еңбекке ақы төлеуде теңгермешілік орын алмайды. Кім жақсы жұмыс істесе, сол көп табыс табатын болады. «Б» әкімшілік корпусы үшін еңбекақы мөлшері өсірілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жаңа министрлік жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық көріністері алдына жаңа тосқауылдар қойылды. Мемлекеттік қызметті реформалау әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қайта аттестаттау жүргізуге байланысты шешуші сатыға шықты, деді осы орайда Н.Назарбаев. Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі жаңа ашықтық және кәсібилік сапаға ие болды. Қа­зақ­стандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Сот залдарының оның жалпы санының 75 пайызы аудио-бейне тіркеулер жүйесімен жарақтандырылды және бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Судьялар корпусының кәсіптік дең­гейін арттыру үшін жыл сайын судьялыққа 100 кандидат тә­жі­рибелік тағылым­дамадан өтетін болады. Жоғарғы Сот жанынан Сот төрелігі академиясы құрыл­ды. Үстіміздегі жылдың тек екі айын­­да ғана 50 азамат Судьялық жю­риге соттардың іс-әрекеттеріне шағым айту­дың жаңа құқығын пайдаланды. Көптеген атқарушылық өнді­рістер құзыреті жеке сот орындау­шыларына берілді. Олар бүгінде 1046 адам. 6634 учаскелік полицейлерден тұратын жер­гілікті полиция қызметі құрылды. Поли­цейлердің тұрғындар алдында есеп беру тәжірибесі енгізілуде. Бүгінде ин­терактивті мүмкіндікті пайдалана отырып, әрбір азамат құқық қор­ғау орган­дарының жұмысына баға бере алады. Электронды «Қыл­мыстылық картасы» жұмыс істейді. Жоғарыда аталған екі бағыт бойынша бүгінде шенеуніктердің кейбір мін­деттерді тағы да «өз бетінше жіберуге» деген ниеттері байқалады. Біз белгілеген 100 қадамнан жергілікті жердегі шенеу­ніктердің пайдасына қарай ештеңе де түзетілуге тиіс емес. Бұл туралы жауапты адамдарға тағы да ескертемін, деп ерекше атап көрсетті Мемлекет басшысы. Бизнесті дамыту мүддесі үшін экономика мен еңбек қатынастары саласындағы ұлттық заңнамалар түбегейлі түрде қайта жаңартылды. Фермерлер мен аграрлық кәсіпорындарды қоса алғанда, отандық ірі, шағын және орта бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар мен ынталандырулар жасалды. Бүкіл ел бо­йынша жаңа өндірістер мен жұмыс орындары пайда болады. Таяудағы 10 жылда 660 мың жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда, оның ішінде, 70 мыңы – өңдеу және инновациялық секторларда. Ұлттық экономикаға жаңа инвес­тициялық ырғақ берілді. «Бизнесті жеңіл жүргізу» рейтингі бойынша біздің еліміз 189 елдің ішінде 41-ші орын алады. Еңбек рыногының тиімділігі бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 18-ші орында тұр. Шетелдік инвесторлар үшін «жасыл дәліз» ашылды. Аграрлық секторға Германиядан, Италия мен Қы­тай­дан стратегиялық инвесторлар тартылды. Олар­дың қатысуымен Ақмола облысында 2 ірі тауарлы – сүт фермасын және зауыт салу белгіленіп отыр. Сол сияқ­ты, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ба­тыс Қазақстан және Қостанай облыс­тарында жылдық жалпы қуаты 37 мың тонна өнімді құрай­тын заманауи ет комбинаттары құрылысының жобалары да бар. Оларға салынатын жалпы инвес­тициялар көлемі – шамамен 66 миллиард теңге. Осы орайда Ел­басы жеке меншіктің 74,4 мың субъектісі мен 576 миллиард тең­ге сомасындағы құнды қағаз­дар, сон­дай-ақ, көлемі 334 миллиард теңгеге жуық қаржының заңдас­тырылғанына да тоқ­талып өтті. Құрылыс саласы жаңа тынысқа ие болды. Ол еурокодтар жүйесіне көшу­де. Рұқсат беру құжаттарын ұсыну мерзім­дері 15 жұмыс күніне дейін қысқар­тылды. Құрылыс бойынша сараптамалық жұмыстардың 50 пайызы бәсекелестік ортаға берілді. Қазақстанда жаһандық логис­тиканың бір бөлігі ретінде муль­тимодальдық Еу­разиялық транс­құрлықтық дәліз қа­лып­тасты­рылуда. Қазақстанның Қытай­дың Ляньюньган портындағы логис­тикалық аймағының өзі ғана біздің аумақ арқылы жүк ағынын 7 есеге ұлғай­татын болады. Еуропалық комиссия «Эйр Астана» әуе компаниясының ЕО елдеріне ұшуларына қатысты барлық шектеулерді алып тас­тады. Денсаулық сақтаудың жаңа мем­ле­кет­тік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жаңа заңның негізінде ғылы­ми жобаларды жүзеге асыру мен ком­мер­цияландырудың бірегей жүйесі құры­луда. 5 отан­дық ғылыми талдамалар қа­зірдің өзінде коммерцияландырылуда. 6 қазақстандық колледж өздерін жаңғырту үшін Дүниежүзілік банк­тен жалпы сомасы 425 миллион теңге болатын гранттар алды. Бұл «Барша үшін тегін кәсіп­тік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру үшін маңызды қадам. Қазіргі уақытта Ассамблея қол­дауы­мен қазақстандық біртек­тілікті нығайту бойынша жұ­мыстар жүргізілуде, деп жалғады сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Төр­тінші реформа – ол, ең алдымен, жаңа қоғамдық қатынастар, қоғамның және мем­лекеттің жаңа функциялары мен жаңа институттары. 4 реформа бо­йынша бұл жұмыстардың бәрі мен бе­кіткен Жарлықтар арқылы үш негізгі тұ­жырымдамалар бойынша жүргізілуде. Ол – Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы; Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясын 2025 жыл­ға дейін дамыту тұжы­рым­дамасы; Мәдени саясат тұжы­рымдамасы. Бүгін біздің Ассамблея алғаш рет аза­маттық үкіметтің жаңа қо­ғамдық қыз­меті ретінде жұмыс істей бастады. Ха­лық Ассам­блея­сы алғаш рет әлеу­мет­тік мери­тократияның жүйесі ретінде іс-қимыл танытатын жаңа бірегей әлеу­меттік лифт ретінде іске кірісті. Енді Ассамблея ҚХА-ның мемлекет­тік, азаматтық және қоғамдық құрылым­дарында мансап жасау үшін әркімге жаңа мүмкіндіктер ашады. Алғаш рет Қазақ­стан халқы Ассамблеясының рес­пуб­ликалық инклюзивті медиация желі­сі құрылып, жұмыс істеуде. Бұлар – Ме­диация орта­лықтары, Қоғамдық келісім кеңес­тері, Аналар кеңесі, ҚХА-ның Ғы­лыми-сараптамалық кеңесі, Ас­­сам­блеяның 16 өңірлік ғылыми-сарап­тамалық тобы, деді Елбасы. «Кері байланыстың» нақ­ты жүйесі құрылған. Оның қоры­тын­дысы ретінде этнос­аралық үдерістерді басқарудың жаңа тиімді вертикалы іс-қимыл таныта бас­тады. Қайырымдылық алғаш рет ҚХА-ның жаңа қоғамдық функ­циясына ай­налды. 300 ірі меце­наттар мен қайырым­дылық жасау­шылардың пулы жұмыс істейді, көмекті қажет ететіндердің рес­пуб­­­ликалық деректер базасы құ­рылған. Тұң­ғыш рет қайырым­дылық жасаушы­лардың жалпы­ұлттық съезі өткізілді. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы шең­берінде 4800 елді мекенде 7000 іс-шара ұйымдастырылды. 25-03-02.Білім беру мен ғылымның жаңа бағ­дар­ламасы жұмыс істей бастады. Ол өмір бойы оқытуға қайта бағдар­лан­ған және бағытын еңбек нарқының сұра­нысына, білікті кадрлар дайындауға қарай өзгертіп отырады. Мұндай қадам мобильді жұмыс күші  және еңбек­пен қамту үшін нәтижелі орта қа­лып­­тас­тырады. Жоғары оқу орындарында халық­­аралық стандарттар бойынша ак­кре­­диттеу енгі­зіліп, сырттай оқыту қа­шық­­тық­тан оқытумен алмастырылады. Балалар 100% мектепке дейінгі оқытумен қамтылатын болады, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мемлекет басшысы келесі жыл­дан бастап-ақ елімізде кезең-кезеңімен үштілді білім беруді енгізу басталатынын атап көрсетті. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беруге толықтай көшу қамтамасыз етілетін болады. Әр мектеп бітіруші алғашқы жұмыс мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік алады. Ғалымдардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай Жер шары халқының 50%-ын «цифрлық балалар» құрайтын болады. Мектеп оқушыларының жаңа буынына толықтай цифрлық әлемде өмір сүру, оқу және жұмыс істеу бұйырмақ. Сондықтан, мек­теп­терді ақпараттандыруды жалғас­тыру қажет. Мұнсыз білім беруде жаңа міндеттерді шешу мүмкін емес. 2,5 мың мектеп қазір­дің өзінде Интернетке қосылған. Тағы 1500 мектепті қосу үшін қаржы бөлінген. Көптеген елдердің үкіметтері осы мәселені өздерінің бақылауларында ұстауда. Бізде де солай болуы тиіс. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп барлық мектептерде Интернеттің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл арада ұлт­тық операторлар әлеуметтік жауап­кершілік танытып, мектептер үшін арнайы тарифтер ұсынулары тиіс. Біз ЭЫДҰ-мен интеграция­ланудамыз, және біз дәйекті болуға тиіспіз. Барлық дамыған елдердің мектептерінде бес күндік оқыту аптасы қалыптасқан. Балаға қалпына келуге, педагогке дем­алып, сабаққа дайындалуға мүмкін­дік беріледі. Кейбір елдерде, тіпті, төрт күндік оқыту аптасы да бар. Және мұндай пішімге көшу бүгінде дамыған елдердің жалпы­әлемдік тренді. Ғалымдар қазір­дің өзінде оқыту аптасының ұзақ­тығын қысқарту оқытудың нәти­желілігін арттыратынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Бізге де осы тәжірибені енгізу керек. Білім және ғылым министрлігіне бұл үдерісті тым болмаса бастауыш мектептерден бастау керек,  деді Президент. Мен Қазақстанда 20 зияткерлік мектеп салу туралы жариялаған едім. Бүгінде олардың бәрі салынып бітті, деп жалғады сөзін Елбасы. Бұл – мектепте білім берудегі өте маңызды серпіліс. Оларда білім берудің жаңа маз­мұны байқап көріледі. Және қазір­дің өзінде жақсы нәтижелер бар. Осы жылы оны тағы 30 мектеп­тің бірінші сыныбында енгізу жос­парланып отыр. Бірақ бұл жұмыс аса баяу жүргізілуде. Зияткер­лік мектептерде табысты өткен тәжірибелер бүкіл елімізде – үш, әрі кеткенде төрт жылда ен­гізі­летін болуы тиіс. Білім және ғылым министрлігіне осы жұмыс­ты қамтамасыз етуді тапсырамын. Есеп беретін мемлекет қалып­тастыру бойынша реформалар аясында маңызды шаралар қабылданды. Біріншіден, барлық министр­ліктер мен әкімдіктерде жаңа заң­намалық негізде ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен Қоғамдық кеңестер құрылуда. Олар мемлекеттің саяса­тын жасап, жүзеге асыруда бүкіл­халықтық бақылаудың тетігіне айналуы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік жос­парлауда оңтайландыру жүзеге асырылды. Түрлі деңгейдегі 8 бағ­дарлама жоюға қойылса, 4 салалық бағдар­лама үкіметтік пішінде қайта бе­кітілді. Стратегиялық жос­парларды жаңғырту стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын қамтамасыз етсе, бұл өз кезегінде құжат айна­лымының көлемін қысқартты. Үшіншіден, Мемлекеттік ор­ган­дар­дың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі жұмыс істей баста­ды. Мемлекеттік органдар, әкім­дер мен ұлттық университет­тер басшыларының жыл сайын халық алдында есеп беретін тәжірибесі енгізілді. Аста­на, Алматы және барлық облыстар әкім­дері есеп берді. Үстіміздегі жылдың екінші тоқ­­санында – министрлер, ал үшінші тоқсанында ұлттық уни­вер­­си­­тет­тердің ректорлары есеп бе­ретін болады. Төртіншіден, көлікке және елді ме­кен­дердегі жерге салықтар заң­ды тұлға­лардан жергілікті өзін өзі басқару органдарына берілді. Бесіншіден, «Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясы құрылды. Осылайша, Ұлт Жоспары қоғам­дық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, Қазақстанның экономикасын жаңа жа­һан­дық ахуалда дамытуға жұмыс істеуде. Бұл бізді жүзжылдықтағы басты мақ­сатымыз – 30 көшбасшы елдер қа­тарына енуге жақындатып, қоғамы­мызды берігірек, лайықтырақ  және сенімдірек етеді. Құрметті депутаттар! деді Елбасы сөзінің соңында. VI шақырылымдағы Парла­мент алдында әрі қарайғы заң шығар­машылық жұмыс бойын­ша бірқатар маңызды міндет тұр. Біріншіден, барлық қаржы проце­дураларының мөлдірлігін қам­тамасыз ететін біртұтас салық және кеден кодекстерін қа­был­дау қажет. Екіншіден, «Жер қой­науы мен жер қойнауын пай­далану туралы» кодекстің қабыл­­да­нуы­мен аталған саладағы қа­рым-қаты­настарды реттейтін бар­лық нормалар бір заң­намалық актіге шо­ғырландырылатын болады. Үшін­шіден, қолданыстағы электр энер­гетикасы мәселелері бойынша заң­намаға өзгерістер енгі­зу керек. Бұл қуат таратушы ұйымдар­ды ірілендіру үдеріс­тері үшін талап етіледі. Төртін­шіден, мо­нополияға қарсы саланы рефор­малаудың екінші кезеңі шең­берінде бәсекелестік мәсе­лелері жөніндегі заң­намалық актілерге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу қажет. Бесіншіден, заң­наманы мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға әрі қарай беру бөлігінде жаңғыртқан жөн. Жергілікті өзін өзі басқару орган­дары мәселелері бойынша заң­намалық актілер олардың өздері­нің бюджеттері мен мен­шік­терін тиімді басқару үшін же­тілді­рілетін болуы тиіс, деді Н.Назарбаев. Әлемдік экономика мен халық­аралық қатынастарды дамыту, әлбетте, Пар­ламентті қоса алған­да, мемлекеттік орган­дардың жұмы­сына өзінің түзетулерін енгізетін болады. Мәжіліс депутаттары заң шығармашылық үдерісте Парламент Сенатымен конструктивті өзара іс-қимыл таныту дәстүрін жалғастыратынына сенімдімін. Мәжіліс өкілеттілік ететін барлық кезеңде заң шығар­машылық жұмыстың Перс­пективті жоспарын жасау маңызды міндет болып табылады. Жаңа жағдайларда тұтастай Пар­ламенттің және оның әр па­латасының жалпысаяси рөлі мен жауапкершілігі артатынын ерекше атап өткім келеді. Пар­ламентарийлердің партияара­лық өзара іс-қимылын күшейтіп, барлық фракциялар мен депутат­тық топтардың үйлесімді жұмы­сына қол жеткізу керек. Қазақ­стандық депутаттардың халықаралық парламентаралық қоғамдас­тыққа белсенді қатысуы – маңызды міндет, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа депутат­тардың жұмысқа жедел қосылаты­нына, ал бұрынғы құрам депутат­тарының сабақтастықты қамтама­сыз етіп, «жаңа арналарға» тез көшетініне сенімді екенін білдірді. Сөзінің соңын Қазақстан басшысы төмендегіше түйіндеді: Сіздер сайлану арқылы жауап­кер­шілік алдыңыздар. Елдің сеніміне ие болдыңыздар. Баршаңызды тағы да құттықтай отырып, еліміз­ге тыныштық пен амандық, өздеріңіз­ге денсаулық және алдағы үлкен еңбек жолында барлығыңызға зор табыс тілеймін. Президент сөзін аяқтаған соң Пар­ламент Мәжілісінің VI шақы­ры­лымының және Сенат­тың аралық кезеңдерінде тағайын­далған депутаттары Қазақстан халқына ант беріп, оны халық атынан Президент қабылдады. Ант беру рәсімі аяқталған соң Пар­ламент Мәжілісі VI сайланы­мының депутаттары алғашқы жалпы отырысын өткізу үшін палатаның пле­нарлық мәжілістер залына өтті. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.