25 Наурыз, 2016

Парламент Мәжілісінің жаңа төрағасы сайланды

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
25-03-2016-Baktykozha-IzmukhambetovАСТАНА. 25 наурыз. Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып Бақтықожа Ізмұхамбетов сайланды. Бұл туралы inform.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Парламенттің жалпы отырысында депутат Нұрлан Әбдіров Мәжіліс төрағалығына Бақтықожа Ізмұхамбетовті ұсынды. Талқылау барысында депутаттар ұсынылған кандидатты қолдап дауыс беруде бірауыздан мақұлдады. Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов – 1948 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Теңіз ауданында туған. Уфа мұнай институтын бітірген. Техника ғылымдарының докторы. 1971-1991 жылдары «Ембі мұнай» бірлестігінің Прорва бұрғылау конторында, «Қазмұнайгазбарлау» басқармасында, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтында, шетелдік іссапарда Кеңес мұнай барлау экспедициясында жұмыс істеді. 1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бөлім бастығы лауазымын атқарды. 1992-1993 жылдары Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің Мұнай және газ басқармасының бастығы болған. 1993 және 2003 жылдар аралығында – «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жабық акционерлік қоғамының үлестерді бақылау жөніндегі атқарушы директоры, «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жабық акционерлік қоғамы біріккен кәсіпорны үлестерді басқару жөніндегі басқарушы директоры лауазымдарын атқарды. 2003 жылдың желтоқсанынан 2006 жыл аралығында – Энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі. 2006-2007 жылдары – Энергетика және минералдық ресурстар министрі. 2007-2012 жылдар аралығында – Батыс Қазақстан облысының әкімі. 2012 жылы Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары. Айта кетейік, бұған дейін Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. Талғат Райымбек. Дерек: inform.kz. Сурет: egemen.kz.