15 Наурыз, 2016

Туризм саласын дамытқан кәсіпкер

440 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_2220Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық туризмді көтеру қажет­тігін, бұл саланың бағын ашатын өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер екендігін талай жиындарда айтты. Туризм демекші, алда жазғы демалыс маусымы. Демалыс қар­саңында оны қалай тиімді өткізуге болатындығын әр отбасы өзінше жоспарлайды. Бір қызығы, біздің елде демалыс маусымы басталар-басталмастан Түркия еліне деген сұраныс жоғары болады екен. Осылайша шетелдердегі туризм елімізден барып демалушылардың арқасында өрлеп, өркендеп шыға келеді. Ал бізде ше? Қазақстан 30 озық елдің қатарына қосылмақ, олай болса, еліміздегі туризм сапалы түрде дамитын жағдайға жеткен сияқты. Бірақ, бұл салаға өзіндік үлес қосып, таңның атысы, күннің батысы талмай еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің саны, шыны керек, саусақпен санарлықтай ғана. Себебі, Қазақстан оның ішінде Семей өңірі қысы көпке созылатын Арқа жеріне жататындықтан, туризм негізінен жазғы маусымда жақсы дамиды. Сондықтан да, бұл күндері экономиканың туризм бизнесі саласына жүрегінің түгі бар, батыл жандар ғана баруда. Со­лардың бірі кәсіпкер Исағали Омаралиновтің туризм саласына келгеніне ширек ғасырға жуық уақыт болыпты. Ол айдын­ды Ала­­көл жағасындағы ең үлкен демалыс кешенін салып, келіп демаламын деушілерге тазалық пен мұқияттылықтан басталған бар­лық жағдайды жасап қойған. Оның «Әйгерім» деп аталатын демалыс орны Алакөлдегі ең ірі кешен. Мұнда тынығушыларға ба­рынша қолайлы мүмкіндік жасалған. Тіпті, отбасылық сән­ді коттедждер де салынған. Ал олар­дың сапасы шетелдердегі де­малыс орындарынан еш кем емес. Бір сөзбен айтқанда, «Әй­герім» қазақстандықтар ғана емес, ше­телдік қонақтарды да қа­былдауға сақадай сай әзір. Демалыс орнын не себептен «Әйгерім» атадыңыз, деп сұрадық кәсіпкер ағамыздан. – Жақында Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық қой, – деді әңгімені әріден бастаған Иса­ғали Қалимұсаұлы, – Елбасының ұсы­­ны­сымен тойланған осынау мерейлі той аясында Абайдың 170 жылдығы да аталып өтілді. Қарауылда өткен Абай тойында Қазақ хандығына үлес қосқан қолбасшы, баһадүр Мамай батыр Жұмағұлұлына ескерткіш аштық. Осы іске мұрындық болған Тұр­сынғазы Мүсәпірбековке рахмет. Осы Мамай батырдың үлкен ұлы Жиеншорадан мен тарасам, екінші ұлы Байшорадан ұлы Абайдың сүйікті жары Әйгерім туған. Өзімнің қыз балам дүниеге келген кезде атын Әйгерім деп қойдым, Әйгерім апамыздың құрметіне. Бұл заманда Әйгерім есімді қыз балалар өте көп екендігі жанымды жадыратады. Осының өзі біздің Абай еліне деген құрмет. Қызым туған кезде не керек, туризм саласындағы көптен армандап жүрген бизнесім де өр­леп, өркендей бастады. Әрине, қиын­дықтар көп. Бұл салада жұмыс істеу үшін ақша табамын, пайда жасаймын дегеннен гөрі өз еліңнің патриоты екендігіңді алға қоюың керек. Алакөл Қазақстандағы көл­дердің ішіндегі жалғыз те­рең сулы ғажайып көл. Кеңес Одағы кезінде Мәскеу Алакөл жа­ғасынан Ғарышкерлер үйін салып, жерге оралған ғарышкерлерді бойларындағы радиациялық заттардан арылту үшін Алакөлге түсірген екен. Ғалымдар Юрий Гагарин бастаған ғарышкерлерге ең пайдалы тағам қазақтың құрты деп тапса керек, ғарышта жүргенде де жей береді. Осыдан келіп біздің қазақ халқының ұлылығы ойыңа оралады. Күні кеше Қаракерей Қа­банбай батыр жасағымен Ала­көлде болып, батырлар көлдің тұзды суына шомылып, жараларын жазған, сол бабалардың сүйікті асы қазы-қарта, ет, құрт-ірімшік емес деп кім айтады?! КСРО кезеңінде Алакөлде Ішкі істер министрлігі, жол құрылысы ведомствосы сияқты үкіметтік орындар қонақүйлер салды. Бірақ оның бәрі қарапайым халық үшін қолжетімді болмады. Ал енді, бүгінде «Әйгерім» демалыс орнына қарапайым халық келе алады. Алакөлде жүздеген мың құстар бар, табиғаты керемет, қызғылт және бұйра бірқазан, сұңқылдақ аққу, ақбас үйрек, ақбас тырна, дуадақ, реликтілік шағала, қоқиқаздар бар. Балыққа да бай Алакөлде ақ алабұға, осман, көлдің және өзеннің көкбасы, сазан, көксерке, мөңке балықтарды көптеп кез­дестіруге болады. Бұрындары жаз­­ғы демалысын шетелде өткізу тек бақуатты адамдардың ғана еншісіне жазылған деген түсінік болса, қазір бұл қате пікір дейміз. Өйткені, Алакөлдегі «Әйгерім» демалыс орнына бүгінде жолдама бағасы қолжетімді әрі мұнда жағажайда жағдай толық жасалған. – Өскемен мен Семейден, жалпы, Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан жалпы жиыны отыздан астам ардагерлерді Алакөлдегі жаңа маусым сайын кәсіпкер бауырымыз Исағали Омаралинов шақырып, әр жыл сайын тегін тынықтырып, демалдырады, – дейді Семей қалалық соғыс және еңбек ардагерлері ке­ңесінің төрағасы Амантай До­ғалақов. Мазмұнды кеш, ойын-сауыққа дейін ұйымдастырылды. Жомарт жан ретінде мектеп, мешітке, спорт мекемелеріне де қаржылай көмек көрсетіп, қам­қорлығына алып отырған Исағали Омаралиновтан үлгі алған жөн дейміз кейінгі жастарға. Туризмді дамытсақ, елі-міз де қоса дамитындығы рас. – Қазіргі кезде ел ішінде Ала­көл немесе Бурабай сияқты, Қа­зақстанның өзге де туристік ай­мақ­тарына қарағанда, Түркияға жасаған туристік саяхат арзанға түседі деген сарындағы әңгіме кең тараған, бірақ бұл дұрыс емес, – дейді Исағали аға, – Алакөл ден­саулыққа шипа бірден-бір мекен. Буын, құяң ауруларына, де­недегі суықты алуға таптырмас ем, тері ауруларын жазатын қара балшықтың көзі Алакөлде. Алакөл бұл күндері Үкімет назарында екен. «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары кеме­лер екі жағынан тоқтауға мүмкін­дік алатын құрылғыларды (пир­с­терді) әлі де болса көбейту керек­тігін жобалап отыр. Жақында облыстық мәслихаттың XXXII сессиясында Алакөлдің жағдайы және жағажайы туралы проблема қозғалды. Және Үржардағы әуе­жай қалпына келіп, Алакөлге баратын барлық автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтпек. Осындай ауқымды шараларға кәсіпкер ретінде атсалысып, мем­ле­кет қазынасына қаражат құйып жүрген, халқының қалаулы, елі­­нің елеулі азаматы Исағали Омаралиновтің еңбегі айтуға да, мақтауға да тұрарлық екендігі рас. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.