15 Наурыз, 2016

Айманның әлемі

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_0693Облыс орталығындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып «Сөз өнері және тілдік таным табиғаты» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік жиын өтті. Бұл күнгі жиынның құрметті қонағы қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина болды. Айман Файзоллақызы Жел­тоқсан оқиғасына қатысушы жас­тардың бірі, студент кезінде Тәуелсіздік таңы үшін, қазақ тілінің асқақ мәртебесі үшін алаңға шықты. 2009 жылы Ф. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде ашыл­ған «Қазақ тілі мен мәде­ниеті» атты орталықтың сырттай курс жетекшісі болып келеді. Омбыда 100 мыңға жуық қазақ тұрады. Қаладағы 11 мектепте қазақ сыныптары бар. 1989 жылдан бері жұмыс атқарып келе жатқан «Мөлдір» қазақ мәдениетінің орталығы, «Шоқан жолы», «Омбы қазақтары», «Бірлік» және 2011 жылы ашылған Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетіндегі қазақ тілі мен мәдениеті орталықтары қазақ жас­тарына ана тілін ұмыттырмай, түрлі шаралар өткізеді. Қазақ жас­тары Павлодардың жоғары оқу орындарына тегін оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні ма­мандығын алған соң Омбыда сабақ бере алады. Ғалымның жазған 3 монография, 5 оқулық, 3 оқу әдістемесі, 1 электронды оқулық, 200 ғылыми мақалалары жарыққа шықты. Кон­ференция барысында көпшілік назарына «Сөз өнерінің сардары» атты кітап көрмесі ұсынылды. Бі­лім мен ғылым саласында жарық көр­­ген «Білім көкжиегінде» атты ке­­зек­ті кітап жинағының тұсауы кесілді. Оқу орнында ашылған «Қыз Жібек» клубы танымдық, ғылым-білім, қыз бала тәрбиесі, ұлттық қазақы тәрбие, болашақ әйел-ана сияқты қоғамдық бағыттардағы игі істер атқарып келеді. Қызда­рымыздың салт-дәстүр, тіл, дін, ұлт­тық киім, ас-мәзірі сынды құнды­лықтарымызды танытатын іс-шараларды ұйымдастыруда. Осы тұста студенттердің діни сауат­тылығын арттыруға бағыт­талған «Білім +» жобасы да бар. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.