15 Наурыз, 2016

«МузАРТ LIVE» музыкалық байқауы басталды

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бұл туралы кеше Орталық ком­муникациялар қызметінде бол­ған баспасөз мәслихатында мәлім болды. «Музарт» тобы мен Қазақстан Ұлттық телеарнасы ұйым­дастырып отырған жобаның өзіне тән ерекшеліктері бар. – Бұл жоба негізінен үш ке­зең­­нен тұрады. Біріншісі – ірік­теу кезеңі. Ол онлайн түрінде, яғни жобаның ресми сайтында жүргізіледі. Қатысуға ниет білдіргендер сайтқа тіркеліп, арнайы сауалдаманы толтырып, фото­суреттері мен ән жазылған бей­­­нефайлдарын жіберу керек. Онлайн-іріктеуден өткен үміткерлер екінші кезеңге жолдама алады. Екінші кезеңде «Музарт» тобы бес аймақтық іріктеуге кіріседі. Аймақтық іріктеу Атырау (батыс өңірі), Семей (шығыс өңірі), Астана (орталық және солтүстік өңір), Шымкент (оңтүстік өңір) және Алматы (Алматы облысы) қалаларында өткізіледі. Екі ке­зеңнен сүрінбей өткен 60 үміткерге жобаға қатысу үшін жолдама беріледі. Тү­сірілімге кіл мықтылар ғана сұ­рып­талып, ақтық сында бары-жоғы 6 адам бақ сынайды, деді топ мүшесі Сәкен Майғазиев. «МузАРТ LIVE» музыкалық тележобасына 16-дан 25 жасқа дейінгі аралықтағы дарынды бозбалалар мен бойжеткендер қатыса алады. Үміткерлердің музыкалық білімінің болуы шарт емес. Сондай-ақ, му­зы­калық талғамы мен орындау­шы­лардың құрамына (соло, дуэт, топ) мән берілмейді. Ең басты талап – қатысушы мемлекеттік тілде ән айта білуге міндетті. Тележоба жүргізушілері белгілі актер Азамат Сатыбалды, жас актер, тележүргізуші Нұрсұлтан Ес­жан және журналист Дина Төлеп­берген болмақ. Байқаудың про­дюсері Ренат Гайсин екенін естеріңізге саламыз. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».