15 Наурыз, 2016

Масленицаны шығарып салды

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мас-1Қарағанды қаласындағы Кеншілердің мәдениет сарайының алдында славян халықтарының дәстүрлі Масленица мерекесі сән-салтанатпен атап өтілді. Қар аралас жаңбыр жауып, күн райының күрт бұзылғанына қарамастан, қала тұрғындары көктемді қарсы алатын көп мейрамдардың бірін қарасы селдіремей тамашалады. Қарағандыдағы Масленица мейрамын жергілікті «Казачья вольница» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бірлестіктің төрағасы Семен Раковтың айтуынша, Масленица мерекесін бұ­лар осымен сегізінші рет ұйым­дастырып отыр екен. «Әуелде бұл мереке кеншілер астанасындағы орталық саябақта өтіп келді. Ал енді осымен төртінші рет қаланың қақ ортасында, Кеншілердің мәдениет сарайының алдында тойлауды дәстүрге айналдырдық. Біздер, қазақстандықтар – бір­тұтас халықпыз. Содан да болар, Масленица мерекесін атап өту­ге қаламыздағы этномәдени бірлес­тіктердің бірі қалмай атсалысты», – деді Семен Раков. Масленица көз­деген мақ­саты­на жетті. «Казачья вольница» қоғам­дық бірлес­тігі ұйым­дас­тырған концерт­тік бағдарлама, түрлі ойындар, спорттық шаралар мен бай­қаулар жұрттың көңілінен шықты. Мерекеге, жо­ғарыда ай­тыл­ғанын­дай, қала­мыздағы басқа да этно­мәдени бір­лес­тіктердің өкіл­дері қатысып, той-думанның көрі­гін қыздыра түсті. Түрлі ұлт пен ұлыстың балалары бір-бірін көк­тем мерекесімен құттықтап, ақжа­р­­ма тілектердің тиегін ағытты. Бас­қа­ның тойы ғой деп сырттан бағып тұр­май, ор­тақ қуаныштың үстінде бір­лігі жарас­қан елдің баласы екен­дігін көрсе­тіп, өз өнерлерін ортаға салды. Масленица мерекесінің атақты құймақсыз өтпейтіні белгілі. Бұл жолғы мерекеде қоғамдық бірлестіктің белсенділері екі мыңға тарта құймақ пісіріп, халайыққа ұсынды. Дәмі тіл үйірген құймақтар көзді ашып-жұмғанша қолдан-қолға тарап кетті. Мерекенің соңына таман дәстүрлі түрде Масленицаның саманнан жасалған тұлыбы өртенді. Бұл шараның да өзіндік мән-мағынасы бар: ескі-құсқының, кір-қоқыстың бәрі келмеске кетіп, оның орнын тіршіліктің жаңа өскіні басу керек дегенді білдіретін ырым болса керек. Яғни, бұл – тағы бір көктем келіп, түрлі ұлттың баласы тату-тәтті тұрып жатқан ортақ үйіміздің қақпасын жаңа үмітпен жадырай қақты деген сөз. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.