15 Наурыз, 2016

Өз патрон зауытымыз болады

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
1-52.jpg-1Кеше Қарағанды қаласындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақ­тың аумағында Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов алғаш­қы қазақстандық патрон зауыты құры­лы­сының басталуына арналған рәсімге қатысты. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбас­шысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Ұлттық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ету, қазақстандық өнімді арттыру, сондай-ақ, атыс қаруына арналған қолда бар патрондар қорының азайтылуын назарға ала отырып, Қазақстанның Қарулы Күштерінде анағұрлым сұранысқа ие 5,45*39 мм, 7,62*54 мм, 9*18 мм, 9*19 мм калибрлі патрондарды өндіру бойынша зауыт құру жоспарлануда. Осы жоба шеңберінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында ғимарат кешені мен патрон зауытының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында барлық инженерлік коммуникациялар, авто және теміржол көлігі бар. Бұл орталықтандырылған түрде алаңнан тыс инженерлік магистральдарға ішкі алаңдық желілерді қосу, сондай-ақ, Қазақстанның кез келген өңіріне қару-жарақ қоймаларына автомобильді және теміржол көлігімен өнімді шығаруды жүзеге асыру мүмкіндігін береді. Құрылыстың жалпы ауданы 26 400 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын аяқтау 2017 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. «Патрон зауыты ұзақ жылдар бойы ел ішінде шикізат пен материалдар тасымалдауға сұранысты тұрақты қамтамасыз етеді. Жез сияқты қорытпаның 300 тоннасын қолдану аймақтағы мамандандырылған кәсіпорынның жұмысын жандандырады. Арнайы эконо­ми­калық аймақ тәртібі жағдайында да қазақ­стандық патрон зауыты салық түрінде өңірдің бюджетіне жылына 680 млн. теңге қаржы түсціреді. Бұл біздің ең қарапайым болжам», – деп атап өтті «Казтехнологии» АҚ басқарма төрағасы Медер Маселов. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында атыс оқ-дәрілері шығарылмайтынын айта кетейік. Бұл ретте Қорғаныс министрлігінің мұқтаждығы үшін ағымдағы патрондардағы қажеттілік КСРО-ның құлдырауына дейін құрылған қорлар есебінен жабылады. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін оқ-дәрілермен қамтамасыз ету үшін қазақстандық шикізат пен материалдар пайдаланылады. Бұл жеткізуші елдерден тәуелсіз болуға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оқ-дәрілермен қамтамасыз етілуі, жалпы алғанда, елдің және өңірдің әскери-саяси қауіпсіздігін арттырады. Патрондарды өндіру бойынша жабдықты канадалық Waterbury Farrel компаниясы жеткізетін болады. Қазақстандық патрон зауыты өндіру қуаттылығы жылына 30 млн. дананы құрайтын патрондарды шығаруға арналған озық құрал-жабдықпен жабдықталады. «Егемен-ақпарат».