14 Наурыз, 2016

Ақтөбеде футболдан облыс әкімінің кубогы үшін турнир өтті

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
14-03-2016-Aktobe 01АҚТӨБЕ. 14 наурыз. Ақтөбе қаласында облыс әкімінің кубогы үшін өткен 2004 жылы туған балалар арасындағы халықаралық футбол турнирі мәресіне жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жарыста Өзбекстаннан келген «Пахтакор» командасы бірінші орынды жеңіп алып, кубокты иемденді. Финалда Өзбекстанның балғын футболшыларынан 0:3 есебімен ұтылған Шымкенттің «Биік» командасы екінші орын алды. Ал үшінші орын Тәжікстанның Истарафшан қаласынан келген «Умед» командасына бұйырды. Алғаш рет өткізілген турнирге 4 мемлекеттен 12 команда қатысты. Атап айтқанда, Қазақстанның Ақтөбе, Хромтау, Атырау, Орал, Қарағанды қалаларының, сондай-ақ, Ресейдің Нижний Новгород, Уфа, Орынбор қалаларының және Өзбекстан мен Тәжікстанның жас футболшылары бақ сынасты. Халықаралық турнирдің жеңімпаздарын марапаттау салтанатында облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Ғали Есқалиев биылдан бастап облыста футболды дамыту жөніндегі өңір басшысының тапсырмасы бар екенін жеткізді. Спорттың осы түрін жүйелендіру жұмыстарының аясында жыл сайын тұрақты түрде облыс әкімінің кубогы үшін халықаралық турнир өткізілетінін мәлімдеді. Алғашқы турнирге Қазақстанның қалаларынан бөлек көршілес үш мемлекеттің футболшылары шақырылғанын, балалардың жеңіске деген ұмтылыстары мықты болғанын, алдағы уақытта турнирге қатысатын мемлекеттер мен командалардың көбейтілетінін атап өтті. Турнирге қатысқан жас футболшылардың ешқайсысы сый-сияпатсыз қалмады. Кубок пен медаль иегерлерінен өзгелерге де естелік сыйлықтар тапсырылды. «Ақтөбелік» ардагерлер футбол клубы қоғамдық ұйымы халықаралық турнирдің ең үздіктерін анықтап, бағалы сыйлықтар ұсынды. Балғын футболшылар арасында өткен халықаралық жарыста шымкенттік жас футболшы Шахзод Тұрсынқұлов «Турнирдің ең үздік қақпашысы» атағына ие болды. «Ең үздік қорғаушы» болып пахтокорлық Вазген Погосян танылса, ақтөбелік Әлібек Оспанов «Ең үздік жартылай қорғаушы» атанды. Тәжікстандық жас аяқдопшы Мухаммедварис Сайдалиев «Турнирдің ең үздік шабуылшысы» болды. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz. 14-03-2016-Aktobe 02