12 Наурыз, 2016

Француздардың таңдауы кімге түседі?

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Дубир 12 03 2016-1Францияда үлкен науқан басталды. Келесі жылы бұл елде президенттік сайлау өтеді. Оның тағдыры биыл шешіледі. Өйткені, Елисей сарайына кімнің баратыны биыл белгілі болады. Сол үшін үміткерлер өзін көрсетуге барын салады. Бұл елде көлденең көк атты үміт­­кер бола бермейді. Кейбір ел­дер­­дегідей президент болуға құ­­қым бар деп оң-солын әзер ажы­ра­татын алаөкпелер өздерін ұсынбайды. Үміткердің артында сүйеуші болып ел таныған үлкен партиялар тұрады. Қазір сондай төрт үміткердің аты аталып отыр. Олар: Республикашылар (бұрынғы «Халық қозғалысы жолындағы одақ») партиясынан бұрынғы пре­зидент Николя Саркози мен Бордо қаласының мэрі Ален Жюппе, Социалистік партиядан қазіргі президент Франсуа Олланд, сон­дай-ақ, «Ұлттық майдан» партия­сының серкесі Марин Ле Пен. Сірә, бұлардан басқалар қосыла қоймас. Сонда бұл төртеудің бәрінің де мүмкіндігі бар ма, әлде біреулері жай рейтинг үшін қосылып отыр ма? Бәрінде де мүмкіндік бар. Ең болмағанда, өздері солай санай­ды. Және ол негізсіз де емес. Сарапшылар қазірдің өзінде сауал­дамалар өткізіп, жұрттың көңіл-күйіне барлау жасап үлгерді. Соған қарағанда, сайлаушылардың 30 пайызы Жюппеге, 27 пайызы Ле Пенге, Олландқа – 22, ал Саркозиге 21 пайызы дауыс бермек көрінеді. Көп адам, ең алдымен, саясат­шы­лар, бұрынғы және қазіргі пре­зиденттерді алдыңғы кезекке шы­ғарар еді, ал дауыс беретін жұрт­­шылық Жюппе мен Ле Пенді атауында да мән бар. Оны ес­кер­меуге әсте болмайды. Сон­дық­­тан, бұл қайраткерлердің мүм­кін­дік­теріне жеке-жеке және үңілің­кі­реп тоқталған жөн-ау. Неге жұрт, тіпті, Париждің де емес, шалғайлау жатқан Бордо­ның мэріне көбірек ықылас біл­дір­ген? Ең алдымен, ол да белгілі қайраткер, кезінде (1995-97 жыл­дар) Франциядай ұлы елдің үкі­метін басқарған, онан соң, бі­раз жұрт Саркози мен Олландтан шар­шағандай да. Жаңа адам болса дейді, Жюппе сондай рөл атқармақ. Соңғы кезде жұрт ұлтшыл­дар­дың сөзіне құлақ асатын болды. Әсіресе, олардың мигранттарды қатаң шектеу ұранын қолдайтындар көбейді. Соның арқасында «Ұлттық майдан» партиясына дауыс беретіндер баршылық. Сөйтіп, сауалдамада ұлтшылдар көсемі Марин Ле Пенді пікір айтқандардың 27 пайызы қолдады. Бірақ оны парасатты пікірдің көрінісі деп қабылдауға болмас. Басым көпшілік ұлтшылдық даурығудың неге соқтыратынын біледі. Байсалды, парасатты ойлайтын француз ұлты олардың жетегінде кетпес. Былтыр бұл елде жергілікті сайлау өтті. Сонда алғашқы турда 13 аймақтың алтауында ұлтшылдар алда болды. Екінші турда болмағанда үш-төртеуінде жеңеміз деп қуанды. Біреуінде де жеңе алмады. Халық ұлтшылдық жетегінде кетпеді. Республикашылар – елдегі ең беделді де мықты партиялардың бірі. Содан да оның көсемі Николя Саркозидің мүмкіндігі жоғары деуге болар. Бірақ бұл жолғы сай­лау­дағы бір ерекшелік – осы пар­тиядан күреске екі адам түсіп отыр. Сондықтан алғаш рет АҚШ-тағыдай праймериз өткізіледі. Сонда республикашылар екеуінің біреуіне тоқтайды. Қалай дегенде де, партиядағы ауызбіршіліктің болмағаны олардың мүмкіндігін шектейді. Бұл жағдай социалист Франсуа Олландтың мүмкіндігін біршама көтеретіні анық. Оның үстіне, қазіргі президенттің іс-әрекеті жұрттың көз алдында. Соңғы кезде ішкі саясатта біраз қадамдарға барды. Уәде еткендей, жұмыссыздықты азай­туға 2 миллиард еуро қоспақ. Қауіпсіздікке, армияға қомақты қаржы бөлді. Жұрт оны құп көріп отыр. Сыртқы саясаттағы белсен­ділі­гін де жұрт бағалар. Әрқайсысының мүмкіндігін айтып отырмыз. Назар аударарлық. Ал іздегенге табылар міндері де көп. Жюппенің сотталғаны бар, Саркозидің тергеуде жүргені белгілі, Марин Ле Пен ұлттық партия­ны құрған өз әкесі Жан-Мари Ле Пенді партиядан қуды, Олланд­тың жеке өміріндегі кикіл­жің де ел басшысына жараспайды. Жақ­сы мен жаманын екшеп, француздар солардың ішінен біреуін қалар. Жақсы өмірді аңсағандар азаяр емес Дубир 12 03 2016-2Мазасы кеткен Таяу Шығыс елдерінен, атап айтқанда, Сирия мен Ирактан, Африканың кейбір кедейшілік етек жайған мемлекеттерінен, сондай-ақ, төбесіне бұлт үйірілгелі ондаған жылдар өтсе де, бейбіт өмірге қол жеткізу арманға айналған Ауғанстаннан қашып, жақсы өмір іздеген босқындар легі толастар емес. Түркия, Иордания мен Ливан көңілдерінен шықпайтын босқын­дар кәрі құрлық – Еуропаны бетке алады. Батыс Еуропаға апаратын маршрут баяғыдан белгілі, бас­тысы – Эгей теңізі арқылы Гре­кия арал­дарының біріне жетіп жығылу. Оларда босқындар үшін көп­­теген лагерьлер жасақталған. Сол жерде заңсыз мигранттар көп­те­ген шекара­лардан жаяу өту үшін күш жинайды. Ал Грекиядан Түркияға жетіп, осы ел арқылы Еуропаға негізінен Таяу Шығыстан шыққандар өтеді, дегенмен, араларында арагідік болса да ауғандықтар да кездесіп қалады. Өткен жылдың күзінде Грекия­ның солтүстігінде орналасқан Идомени деп аталатын шағын ғана елді мекен әлемге танымал болып шыға келді. Ол босқындардың негізгі транзиттік бекеттерінің біріне айналды. Идомени арқылы Македония шекарасына күн сайын шамамен алғанда 5 мыңдай адам өтіп тұрды. Жақында Македония ауғанстандық босқындар үшін шекарасын тарс жапқандықтан, мұндағы жағдай ушыға түсті. Өткен күзде босқындардың көпшілігі Грекиядан соң бір ға­на маршрутпен жүретін болса, бү­­гін­де жағдай өзгерген. Енді көп­шілігі босқындарға қатысты теріс көзқарастағы Балқан ел­дері­нен бірнеше жолмен өтіп жүр. Қандай жолмен екені белгісіз, Германияда төбе көр­се­тіп қа­латындары да жоқ емес. Бос­қын­дар Францияның сол­түс­ті­гін­де де лагерь құрып ал­ғаны белгілі. Онда Англияға ұмтыл­ғандар шоғыр­ланған. Жалпы, Еуропа елдерінде босқындарға деген көзқарас бір-біріне мүлдем кереғар. Жоғары­да айтқанымыздай, заңсыз миг­ранттарға Балқан түбегі елдері еш оң қабақ танытар емес. Осыған ұқсас позиция ұстанатындар кәрі құрлықта жеткілікті. Әр-әр жерден босқындарды қайтадан елдеріне қайтару керек деген дауыстар жиі естілетін болды. Осыған бай­ла­ныс­ты БҰҰ адам құқын аяққа басу­ды болдырмауды көздейтін халықаралық конвенция мен заңнамаларды көлденең тартып, агрессивті көзқарастағы елдерді сабырға шақыруға мәжбүр болып отыр. Германия канцлері Ангела Мер­кель миграциялық дағдарысқа қарамастан, әлі де өзінің босқын­дарға қатысты оң көзқарасын өзгерте қойған жоқ. Оның сөз­іне қарағанда, мигранттарға жұм­­сала­тын қаржы Германия үкі­метін қарызға батырады деген күдік мүлдем негізсіз болып табы­лады. «Халқының басым бөлігі мосқалданып бара жатқан елдер үшін босқындар тығырықтан шы­ғу­дың бірден-бір жолы және болашаққа жұмсалған инвестиция болып табылады», – дейді Германия канцлері. Осылайша, босқындар пробле­ма­сы кәрі құрлықты өз қыспағына алып, босатар емес... Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.