07 Наурыз, 2016

Бүгін еліміздің бірқатар аймағында тұрақсыз ауа райы сақталады

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
07-03-2016 tuman АСТАНА. 7 наурыз. Бүгін еліміздің батыс және солтүстік бөлігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Синоптиктердің болжамынша, кей жерлерде жауын-шашын жауып, көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Сондай-ақ, тұман байқалып, жел күшейеді. Ақмола облысында желдің жылдамдығы секундына 15-20 кей жерлерде 23-28 метрге дейін барады. Тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. Алматы облысы Жалаңашкөл ауданында желдің күші секундына 18-23 метрге дейін барады. Жамбыл, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ал Қостанай облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін барады. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын болып, желдің жылдамдығы 15-20 метрге дейін күшейеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлері тұманды болады. Аян Әбдуәли. Дерек: «Қазгидромет». Сурет: egemen.kz.