06 Наурыз, 2016

«Астана» баскетбол командасы «Цмоки-Минсктен» жеңілді

451 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
06-03-2016-astana 01АСТАНА. 6 наурыз. ВТБ Бірыңғай лигасында ел намысын қорғайтын «Астана» баскетбол командасы Беларусь астанасы – Минск қаласында жергілікті «Цмоки-Минскпен» кездесіп, 83:87 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ойынды қос команда да өте белсенді бастады. Алаң иелері негізінен алыстан лақтыру әдісін қолданса, астаналықтар көбіне екі ұпайлық лақтырыстарға иек артты. Нәтижесінде бірінші кезеңде біздің жігіттер 19:17 есебімен басым түсті. Есесіне, екінші кезеңде белорустар басымдықты өз қолдарына алып, бірнеше нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Соның арқасында үлкен үзіліске «Цмоки-Минск» жалпы есеп бойынша жеңімпаз ретінде аттанды (41:34). Үшінші кезеңде ойын өрнегі тең жағдайда өрбіп, қос команда 26 ұпайдан жиналды. Ал соңғы кезең «Астананың» пайдасына 23:20 есебімен аяқталды. Алайда, екінші кезеңдегі басымдық өз жемісін беріп, минскіліктер жалпы есепте жеңіске жетті. Матч барысында «Астана» сапынан Кэннет Хэйс ең нәтижелі ойыншы атанды. Ол 40 минутта 24 ұпай жинаған болатын. Енді Рамунас Бутаутастың шәкірттері келесі кездесулерін 13 наурызда өз алаңында Чехияның «Нимбурк» командасымен өткізеді. Аталған ойын Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде ойналатынын атап өткен жөн. Бүгінде ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде «Астана» 16 команданың ішінде 15-орында тұр. Сондай-ақ, елордалықтар осымен қатарынан алтыншы рет жеңіліп отырғанын айта кетейік. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: bcastana.kz.