06 Наурыз, 2016

Енді футбол ойынында төрт ойыншыға дейін алмастыруға болады

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
06-03-2016-zamena 01АСТАНА. 6 наурыз. Футбол қауымдастықтарының халықаралық кеңесі (ИФАБ) аталған спорт түріне қатысты бірқатар жаңа ереже қабылдады. Бұл туралы euronews.com-ға сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Атап айтқанда, ұйымның атқарушы комитеті ойын кезінде талас тудырған жағдайды бейнеқайталаудан қарап, шешім шығаруды сынақтан өткізуді мақұлдады. Сондай-ақ, «үш есе жазалау» деп аталып кеткен, жаза түрін жеңілдету және қосымша уақытта төртінші ойыншыны алмастыруға рұқсат беру мәселелері де өз шешімін тапты. Жаңа ережелер туралы ФИФА президенті Джанни Инфантино: «Біз футбол үшін тарихи шешімдерді қабылдадық. Бүгінде ФИФА мен ИФАБ ұзақ уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерге байланысты пікірталастар жүргізуде. Осы ретте біз бірінші кезекте жанкүйерлер мен ойыншылардың пікірлеріне құлақ асатынымызды айтқым келеді. Біз өте өзекті мәселені қолға алдық. Технологияның күн санап дамып, жаңарып жатқанына көз жұмып қарауға болмайды. Алайда, бұл аталған шешімдердің бәрі бірден жұмыс істеп кетеді деген сөз емес. Аталған ережелер әзірге сынақ ретінде қолданылады. Өйткені, футболдың өзіндік бояуы мен ерекшелігін сақтау кезінде аса сақтықпен қимылдауымыз керек», – деді. Бейнеқайталау сынағы екі жыл көлемінде әртүрлі чемпионаттарда тәжірибеден өткізіледі. Ол негізінен қақпаға доптың енгендігі туралы, ойыншыны алаңнан қуғанда, пенальти белгілеген сәтте және төрешінің футболшыны анықтау барысында жіберген қателігіне байланысты туған талас кезінде қолданылады. Одан бөлек, ең қатаң ереже – «үш есе жазалау» да жеңілдейтін болады. Енді бұрынғыдай қатар қолданылатын пенальти, ойыншыны алаңнан қуу және бірнеше ойыннан шеттету (дисквалификация) жазасы, тек қызыл қағаз бен он бір метрліктен тұрады. Ал ойыншыны алмастыру мәселесінде осыған дейінгі негізгі уақытта үш ойыншыға дейін ауыстыру мүмкіндігі сақталып қалды. Тек қосымша уақытта ғана төртінші ойыншыны алаңға шығаруға рұқсат беріледі. Еламан Қоңыр. Дерек: euronews.com. Сурет: sport-express.ru.