05 Наурыз, 2016

«Босаңсу – бізге жат...»

610 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
BEK_7893– дейді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі, полиция майоры Салтанат ӘЗІРБЕК – Салтанат, еліміздегі ең үл­кен қаланың қылмыс әле­мінің бар мәліметін айнадан қара­ғандай етіп қолыңызда ұстап отырсыз. Сондайлық нәзік жан бұған қалай бейімделді, қалай келді, әңгімені содан бастасақ?! – Балабақшада ұл балалар ұшқыштың киімін киіп, қыз балалар қолдарына қуыршақ ұстап суретке түсетін дәстүр болған. «Мен қуыршақ ұстамаймын, ұшқыштың киімін киемін...» деп алғаш шу шығарған мен екенмін. Осы менің өмірлік арманымның бастамасы болған секілді. Заң академиясының тергеу-криминалистика факультетін бітірдім. Полициядан орын табылмасын сезіп, «Оңтүстік Астана» телеарнасында «Қылмыс хроникасы» бағдарламасына жұмысқа тұрдым. Оқуды бітіріп 2003 жылдың мамыр айында алғаш рет полиция киім үлгісін киіп сапқа тұрдым. Қазіргі министріміз Қасымов мырза менің осы бағытқа бейім екенімді байқаса керек, бүгінгі қызметіме алдырды. – Қазір кез келген қылмыс­тық оқиға алдымен интернеттен көрініс табады. Соның ақырында, жасыратын несі бар, БАҚ өкілдері Салтанат Әзір­бектің ақырғы мәліметін тағат­сыздана тосады... –Ресми мәлімет қай кезде де ауадай қажет. Әсіресе, құқық саласында. Әлеуметтік желілер бізге бір жағынан қылмысқа қатысты тез құлағдар болуымыз үшін көмегін де тигізеді, екінші жағынан – елді дүрліктіргендей болып жұмысымызды күрделендіріп жібереді. Соңғы кезде жалған ақпараттарды жариялау жиілеп кетті. Көпшілік 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Қылмыстық ко­дексінде ол үшін қатаң жазаланатынын білмейді. Бізде оны талдайтын, мониторинг жасайтын бөлім бар. Тек соңғы мәліметтер таратамыз. –Тағы да интернет... полиция­ны шалып құлатып, жағасын жұлып-жыртып жатқандар әлеуметтік желілерде көрсетілді. Бұл көріністерден сырттай бақы­лап не ұғынамыз – поли­ция­ның қауқарсыздығы ма, әлде Заңның шектеуі ме? –Заң бойынша полиция қызметкері тек күш қана емес, тапаншасын да қолдана алады. Бірақ, белгілі себептерге байланысты оған жол бермейді. Кейде қызметкерлерімізге тоқ­пақты қабылдап, бетін тырнап, иығынан жұлқылап жатқан қыз-келіншектердің дөрекілігін кө­теруіне тура келеді. Өркениет жолындамыз ғой... – Тапанша демекші, сіздің мергендігіңіз туралы сүйсіне айтатын әріптестеріңіз көп... – Иә...Тапаншадан атудан мен тек «бес» деген баға аламын! Үш оқ, көрсеткіш – 30 болса, менің межем – 27-ден ешуақытта кем түскен емес. Қолым қалт ет­кенде кәсіби тирге баруды ұмыт­паймын... – Тамаша, құттықтаймын... Сіз Қазақстанның барлық бұры­шына өте бір танымал жансыз. Жай өмірде танымалдықтың пайдасы тиіп көрді ме? – Әрине, теледидар арқылы! Менің өзімнің байқауымша, халық криминалды деректерді қалт жібермейді... Кейде көлікте жылы жүзбен бас изесіп жататындар, дүкенге барғанда сәлем беріп, базарда затын арзандатып ұсынып ұялтатындар бар... Рахметімді айтамын. Ыстық ықы­лас жаныңа жағымды әсер етеді. Жауапкершілікті еселей түсесің... – Бір сауал бар, жөн деп тап­пасаңыз жауап бермеуіңізге болады. Сіздің көптеген көрер­мендеріңізден әлденеше рет есті­генім: «Салтанат бұрын толық еді... қазір Голливудтың актрисасындай, қуыршақтай болып қалды. Не болды, ауырмай ма?» деген сөздер... – Иә, иә... Бұл сұрақты маған да жиі қояды. Аллаға шүкір, аурудан саумын. Ойлана келіп, өзім осындай қадам жасадым... Жүйелі спорт жаттығуының пайдасы. Тамақтану мәзірімді де өзгерттім. Спорт, спорт, спорт... – Балалар демекші... Отба­сыңыз туралы айтыңызшы? – Алла берген 7 жасар қызым, 6 жасар ұлым бар. Күйеуім бәріміз ата-енемнің қолында тұрамыз. Қолдап отырады. Шымкентте тұратын анам – Оқу ісінің үздігі, үнемі келіп-кетіп, желеп-жебеп жүреді... Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген ЮРИЙ БЕККЕР.