05 Наурыз, 2016

Алтын қазық батыр ана

546 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әшіркүл апа немере-шөберелеріменӘшіркүл Жансейітова 14 баладан 18 немере, 15 шөбере сүйіп отыр Әйел адам сонау бағзы заманнан жер бетіндегі ізгіліктің, нәзіктік пен кеңдіктің көрінісі болып келеді. Ол сондай-ақ, қалтқысыз көңілдің, жоғары адамгершілік пен қайырымдылықтың да өлшемі! Әйел – өмірдің гүлі, отбасының ұйытқысы, алтын қазығы! Көктемнің осы бір әдемі, шуақты сәтінде мейірімді Аналарымыздың мерейлі мерекесі бар. Осы айтулы датаға орайластырып әрі кейінгі жас қыз-келіншектерге, жалпы «нәзік жандыларға» үлгі болсын деген ниетпен алтын құрсақты Батыр ана туралы жазуды жөн санадық. Биыл жетпістің бесеуіне шыққан Әшіркүл Жансейітова 1941 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қызылту ауылында дүниеге келген. Жазмыш солай болар, майданға аттанған әкесінен 1945 жылы «қара қағаз» келіп, енді ғана бас құраған отбасын әбден есеңгіретіп тас­тайды. Содан соң анасы кішкентай Әшіркүлді Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қошқар ата (бұрынғы Кан­темировка) ауылында тұратын наға­шы апасының тәрбиесіне береді. Ол сондағы шағын ауыл мектебінде білім алады. Темірдей тәртіп пен тазалықты, қазақ қызына тән мінез бен жинақылықты қаршадайынан бойына сіңіре білген адуын әжесінің атқа қарғып мініп, жанына жақпаған кейбірін қамшымен осып жіберетін ер мінезділігі Әшіркүл апаның бойынан да байқалып жататыны жасырын емес. Ауқатты отбасында өскен жалғыз қыздың арманы да асқақ еді. Әсіресе, оның жуандығы білектей, қос бұрымы мен келісті келбеті ауыл жігіттерінің талайына қол жетпес арман болды. Қимылы ширақ, әрбір сөзі мірдің оғындай өткір, өжет қызға көңілін білдіре алмай, сезімдерін ішке жұтып кеткендері қаншама? Тағдыр қалап, 1959 жылы 17 жасында Түлкібас ауданының Ван­новка ауылының тұрғыны Қалтай Жансейітовпен бас қосып, отау құрады. Әй-шәйға қарамай, өзінен 16 жас кіші қызды өңгеріп алып қаш­қан аласа бойлы, қара торы жі­гітке алғашында Әшіркүл апаның ата-анасы қарсылық білдіріп, көпке дейін қырын қарап жүріпті. Әбден баршылықта өскен асау мінезді ару кедейлік қамытын киген жігіттің тұрмыс жағдайына сіңісіп кете алмай біраз қиналады. Алайда, әже тәрбиесін көрген ол басқа салғанға біртіндеп көніп, көндіге бастайды. Өмірлік жолдасы Қалтай аға екеуі отыз жылдай бірге отасып, кіндігінен тараған 14 баланы тәрбиелеп өсіреді. Шама-шарқы жеткендерінше оқытады. Ата-ана­ның басты тілегі де сол емес пе, баласының ержетіп, жақсы азамат болып қалыптасуы. Оларға осыдан артық қандай тарту-таралғы керек? Өмір бойы автобус паркінде жүргізуші болып жұмыс істеген жолдасы Қалтай аға барынша салмақты да сабырлы жан еді. Амал нешік, отағасынан 48 жасында жесір қалған Әшіркүл апа одан кейін де тағдыр теперішін көп көрді. Күн-түн демей, екі-үш жерде тырбанып еңбектене жүріп, шиеттей баланы асырап, жеткізді. Ол кезде техника жоққа тән. Барлық еңбекті қол күшімен атқарды. Әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін де – Ана! Кейіпкеріміздің сандығында көненің көзіндей болған сонау 1970 жылдан бергі көпбалалы ана құрметіне ие болған сәттегі құнды құжаттары, награда-ордендері сақ­таулы тұр. Соның бірі – 1979 жылы Л.И.Брежневтің қолы қойылған «Батыр Ана» ордені! «Алтын алқа», тағысын тағылар... Бұл күнде Әшіркүл апа сол ба­лалардан 18 немере, 15 шөбере сү­йіп отырған бақытты жан. Береке-бірліктің ұйытқысы, алтын арқауы. Ақыл берер асыл анасы, сүйікті әжесі. Небір қиын кезеңдерді бас­тан өткерсе де қажып, босаңсып көрмеген қайсар жанның ендігі арманы немере, шөбересінің үлкен азамат болғанын көру. Сөз соңында кейіпкеріміздің бүгінгі ұрпақ са­бақтастығы жөнінде: «Қазіргі уа­қытта кей жастар бір-екі баланы місе тұтады. Оннан асыру өз алдына, тіпті, бес-алты бала туудың өзі аңызға айналып барады. Біз көп болуымыз керек, сонда олар бауырмал болып өседі. Бұған бола заманды, жетіспеушілікті сылтау етпеңдер, әр бала өз несібесімен туады, айналайын қарақтарым..», – деген ақылы өзгелерге ой салар деген үміттеміз. Раушан СҮЛЕЙМЕНОВА.  Оңтүстік Қазақстан облысы.