05 Наурыз, 2016

Стюардесса Ақбілек

2050 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Акбілек Жусупова-1Адам – бала күнінде арманшыл келмей ме?! Балалық қиял қалықтап барып зеңгір көкке тіреледі. Қанат байлап, құс секілді ашық аспанда еркін самғауды аңсайсың. Құс боп ұшу қолдан келмейтін тірлік екенін аңғарғаныңда ұшқыш болуды армандайсың. Адамның аспанға осыншама құштар, іңкәр болатын себебі неде екен? Әйтеуір жас күнінде аспанға әуес болмайтын бала жоқ. Есейе келе, есің кіре мұның бәрі жөніне қалып, тіршіліктің қамытын мойынға мықтап салып, тағдыр айдаған соқпақпен желіп кете беретінің тағы бар. Дегенмен о бастағы арманын адаспай тапқан адамдар да жеткілікті арамызда. Бала күнінен ғарышқа сапар шегуді алдына мұрат етіп қойған Айдын Айымбетовтің өзі сөзіміздің дәлелі. Жігіттен ұшқыш не ғарышкер шығар-ау. Ал тәй-тәй басқан шағынан таудай арманға құлаш сермеген қыздар қауымы қайтпек? Әрине, әйел затының арасынан ғарышты бағындырғандар аз емес. Қазірдің өзінде қазақтың қаракөз Тоты Әмірова ұшақты ұршықша иіріп жүр. Бірақ бұл барша қыздың қолынан келе бермесі анық. Әйткенмен қыздардың да бала қиялының орындалуы мүмкін. Ол – стюардесса болу. Стюардесса дегеніңіздің өзі екінің біріне, егіздің сыңарына бұйырмайтын мамандық деп білген ек. Әлі күнге дейін сондай ойда болар ма едік, кім білсін? Дейтұрғанмен, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген Ақбілек Жүсіпова осы мамандықты игергенде ойымыздың қате екенін түсінгендейміз. Ақбілек – Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Бұл ұрпақ азаттықтың ақ таңымен қатар өмірге келіп, егемен елде тәрбиеленуінің өзі үлкен тарихи оқиға деп ұғамыз. Стюардесса қыз ауыл мектебінде білім алды. Сонан соң арманын үкілеп Алматы барды. Онда Шет тілдер және іскерлік карьера университетіне түсті. Оқуын өте жақсы оқып, туризм мамандығы бойынша қызыл диплом иегері атанды. Білімді жасқа әрқашан жол ашық болса керек. Оқуын аяқтаған соң бірнеше мекемеден ұсыныс түскен. Бірақ ол жұмыстардың ешқайсысы Ақбілектің көңіліндегідей болмады. Заман дамып, жаңа технологиялар өмірімізге дендеп енген кезең ғой. Интернеттен өзі армандаған істі іздеп жүретін. Күндердің бір күнінде «Air Astana» компаниясы стюардесса жинап жатқаны туралы ақпаратқа жолықты. «Іздегенге – сұраған» деген осы емес пе?! Стюардесса болу оңай емес екен. Ол үшін бірнеше сатыдан тұратын сынақтан өтуге тиіс болды. Ең алдымен тіл білуі қажет. Қазақша мен орысшаны былай қойғанда, ағылшын мен түрік тілін еркін білетін бойжеткенге бұл сынақ қиын болған жоқ. Денсаулық жағдайы түпкілікті тексерілді. Кінәрат табылмады. Онан соң түрі мен сымбаты, бойы мен ойы сәйкес келуі керек екен. Бұл жерде де аса қиындық туындамады. Ал одан кейінгі борт серікке баулитын мектепті үздіктердің қатарында бітірді. Ұшақтағы әрбір сәт пен ықтимал қиындықтардың бәрін меңгерді. Солайша, Қазақстандағы сынақтардан сүрінбей өтті. Енді мамандықты толыққанды игеру үшін шетелге барып тәжірибеден өтуі керек. Ол үшін Германияға жіберілді. Он күн бойына Қазақстанда игерген білімі сыналды. Ақырында, барлығынан кедергісіз өтіп, стюрадесса мамандығын алып шықты. Міне, содан бері «Air Astana» компаниясында қызмет етіп келеді. Алғашында жалпы салонда, әуе компа­ниясының тілінде айтқанда «экономкласс­та» жұмыс істеді. Әрбір жолаушының ыңғайына қарап, жағдайын жасады. Көпшілікке қызмет ету оңай емес. Адам дегеніңіз әртүрлі болады. Олардың барлығына шыдап, қабақ шытпай қыз­мет ету де жеңіл жұмыстың қатарынан емес. Де­генмен, жұмысының қызығы күн санап өзіне бау­рап, тәжірибесі жетіле берді. Арада бірнеше жыл өткенде Ақбілек Жүсіпованы бизнес класс жо­лау­шыларына қызмет көрсететін жұмысқа ауыс­тырды. Бұл оның біліктілігін дәлелдесе керек. Ақбілек бүгінде әлемнің түкпір-түкпірін еркін шарлап жүр. Ыстамбұлға екі күннің бірінде барады десек, артық айтқандық емес шығар. ТМД мемлекеттерінің бәрінде болды. Еуропа елдерін толық көрді, таныды. Алыстағы ауылдан шығып, арманына адаспай жеткен бойжеткеннің болашағына біз де сәттілік тілейміз. Елжас ӘБДІЛДА, журналист. Қызылорда облысы.