05 Наурыз, 2016

Шебер шаштараз

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қай салада болмасын өз кәсібіңді жетік білгенге не жетсін. Сонда ғана еңбегің жанып, еңсең тік жүреді. Міне, қаладағы «Нағима» сұлулық салонының шаштаразы Сәлима Науанова осындай өз ісінің шебері атанған жан. Сондықтан да болар, оның қызметіне жүгінушілер көп. Ал, әдемілікті сүйетін талғампаз қыз-келіншектердің көңілінен шығудың өзі үлкен жауапкершілікті, кәсіби бі­ліктілікті талап етері сөзсіз. Мұн­да шаштарын қидырып, әдемілеп, сәндендіру үшін алдын ала жазылып, кезекке тұратын нәзік жандылардың арасында алтын уақытын қиып қаланың екінші шетінен келетіндердің, тіпті, аудандардан ат арытып арнайы жететіндердің бар екенін естігенде, шаштараз қыздың ше­берлігіне тәнті болмасқа ама­лың қалмайды. – Мен бұл кәсіпке сәл кеш­теу келдім. Алайда, бір іс­ке ықылас қойсам, соның қыр-сырына қаныққанша тын­бай­тынымның арқасында шаш­тараздықты жетік меңгеріп алдым деуіме болады. Байғанин ауданы Алтай ауылында туып-өскенмен, қалаға марқұм апам Розаға еріп ерте келдім. Ор­та мектепті тәмамдаған соң об­лыстық филармонияның «Қар­лығаштар» ансамблінің ән­шісі болғаным бар. Кейін ата-анам өнер саласында болуыма қарсы болып, одан қол үздім. Қарап отыруға болмайтынын түсініп «Айсұлу» сұлулық са­лонында маникюр болып жұ­мыс істедім, кейін осы әйел адам­дардың шаштараздығына ма­мандандым. Шыны керек, ме­ні бұл кәсіпке Лилия Пар­ко­ва деген орыс келіншегі да­ғ­ды­ландырды, – дейді Сәлима қа­­­рындасымыз өткенге ой жібе­ріп. Әкесі Науан мен анасы Сөкеннің шаңырағында тәрбиеленіп өскен жеті баланың ортасынан шыққан Сәлима үй шаруасын да дөңгелентіп жібереді екен. Әсіресе, ол пісірген манты, палаудың дәмі тіл үйіретін көрінеді. Іс тігуді де жаны қалайды. Бір сәт қолы бос отырмауға дағдыланған оның әріптестері арасында сыйлы болуы да сондықтан. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.