05 Наурыз, 2016

Партия жақтастарының форумы

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нур Отан АлматыКеше «Нұр Отан» партиясы республикалық сайлауалды штабы Алматы қаласындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу аясында «Алматы көпір құрылғылары зауыты» ЖШС-нің еңбек ұжымымен, ғылыми-шығармашылық, зиялы қауым, қайырымдылық және әлеуметтік жобалармен айналысатын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесіп, «Нұр Отан» партиясы жақтастарының форумына қатысты. Партия Төрағасының бірінші орын­басары Асқар Мырзахметов баста­ған Республикалық сайлауалды штаб делегациясының құрамында Мәжі­ліс­тің V шақырылымының депутаты Жек­сенбай Дүйсебаев, Сенат депутаты Нұр­лан Оразалин, Ұлттық ғылым ака­демиясының мүшесі Кенжеға­ли Сағадиев және тағы да басқа таны­мал тұлғалар болды. «Ғылым ордасы» респуб­ликалық мемлекеттік кәсіп­орнын­да Ре­с­публикалық сайлауалды штаб деле­гациясымен өткен кездесуге 500-ге жуық зиялы қауым өкілдері қатысты. Оңтүстік астанада еліміздің интел­лек­туалды-шығармашылық әлеуеті шоғыр­ланса, жоғары білім беру мекемелерінің үштен бірі (127 ЖОО-ның 42-сі) дәл осы шаһарда орналасқан екен. Сонымен қатар, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы да іске қосылған. Қазіргі кезде аталған арнайы экономикалық аймақта тіркелген компаниялардың саны 151 болса, компаниялар негізінен ақпараттық технология­лар, телекоммуникация, байланыс, электроника салалары бойынша бәсекеге қабілетті өнімдер шығарады. «Әлемде жаңа технологиялар кешені жинақталды, ол жетекші елдерге өздері­нің экономикаларын таяудағы 5-10 жыл ішінде мүлдем жаңа техникалық тəртіп­ке көшіруге мүмкіндік береді. Мұндай тех­нологиялық бəсекелестік Қазақстан үшін бірегей сынақ болып табылады. Осы­ған байланысты «Нұр Отан» партия­сы жоғары технологияларды дамыту мін­детін қойып отыр. Біздің жалпыұлт­тық басымдықтарымыздың бірі сандық қоғамды кеңінен қалыптас­тыру», – деді осыған орай сөзінде А.Мыр­захметов. Осы күні үгіт-насихат тобының мүше­лері «Алматы көпір құрылғылары зауыты» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесті. Қазіргі күні зауытта 723 адам жұмыс істесе, оның төрттен бір бөлігі «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Өнеркә­сіп орны 350-ден астам тауар аталымын өн­діріп, республиканы 85% көпір құрылғыларымен қамтамасыз етеді. «Нұр Отан» партиясы доктринасында бекітіл­ген ынтымақтастық және өзара жәрдем қағидалары штаб мүшелері қайырым­дылық және әлеуметтік жобалармен айналысатын үкіметтік емес ұйым өкіл­дерімен өткен кездесуде кеңінен сөз етті. Аталған жиын жылына жоба­ларға 100 млн. теңге жұмсайтын «Бауыржан» қайырымдылық қорының кеңсесінде өтті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.