05 Наурыз, 2016

Мақсат – аса сапалы өнімдер шығару

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
коммунист-04Кеше Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (ҚКХП) саяси ұйымы атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығынан үміткер ретінде тізімге енгізілген белсенділер Орал қаласындағы «Орал құю-механикалық зауыты» ЖШС ұжымында болып, өздерінің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Шойын, құрыш, қоладан өнім жасайтын зауыттың шебер қолдар жиналған үлкен ұжымы Коммунистік партияның көшбасшысы Владислав Косарев бастаған қонақтарды қызу қарсы алды. Партия көшбасшысы жиналғандарға өздерінің сайлауалды бағдарламасын айтып берумен қатар, коммунистік идеологияның әрқашан да жұмысшы табының жанашыры екенін айтты. Біз еңбек адамының мүддесін қорғауға әрқашан да дайынбыз. Соны­мен қатар, бүгінгі таңда сіздердің өнім­деріңіз жоғары технологиямен шықса ғана нарықта бәсекелестікке қабілет­ті бола алатынын ұмытпаңыздар. Сондық­тан осы бағытта жұмыс істеу – әрбір еңбек ұжы­мының міндеті. Бүгінгі күні Үкі­мет осы бағытты ұстанып, қазір қазақ­стандық өнімдердің әлемдік аренаға шы­ғып жатқанын көріп жүрміз, – деді В.Косарев. Одан әрі ол аталмыш зауыт өнімдері­нің Қазақстанға біршама танымал екенін атап өтті. Өзінің де оның өнімдерін жақсы білетінін айтты. Отандық экономиканың дамуы мен қорғалуында қазақстандық сегменттердің өнім құра­мында басым болғандығы маңызды рөл атқарады. Сіздердің өнімдеріңіздің осы талаптардың үдесінен табылып жүргені қуанышты. Елімізде осындай кәсіпорындар көп болуы керек, деді халықтық коммунистердің көшбасшысы. Бұл сөздерге зауыт жұмысшылары ризашылығын білдіріп, қуана қол соқты. Жиналғандар алдында ҚКХП Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Сүйінғали Жарылғасынов та сөз сөйлеп, партияның сайлауалды бағдарламасындағы жұмысшы табының мүддесін жоқтайтын тұстарын қайталап өтті. Еңбек – адамзат үшін ең басты құндылық, ал еңбек адамын жоғары бағалау коммунистік партияның ғана қолынан келеді. Капиталистік қоғамдық қатынаста жұмысшының мүддесі аяққа басылады, оның еңбегі жоғары бағаланбайды. Сондықтан да еңбек пен капиталдың қайшылығы тереңдеп барады. Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыстың түп-тамыры осында, деді С.Жарылғасынов. Кездесу соңында қонақтар жинал­ған­дардың көптеген сұрақтарына жауап берді және өздерінің сайлауалды бағдар­ламасын қолдауға шақырды. Сонымен бірге, В.Косарев зауыттың әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.