05 Наурыз, 2016

Шетелдіктер қызығушылық танытуда

217 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Орталық сайлауКеше еліміздің Орталық сайлау комиссия­сы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға халық­аралық ұйымнан және шет мемлекеттен тағы 133 байқаушыны аккредиттеді. ОСК мүшесі Татьяна Охлопкованың хабардар еткеніндей, 4 наурызда Орталық сайлау комиссиясы «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депу­таттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйым мен шет мемлекеттің байқаушыларын аккредит­теу туралы» қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша бір халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен тағы 133 байқаушыны аккредиттеді. «Олардың ішінде 130 байқаушы ТМД-дан байқаушылар миссиясынан және 3 байқаушы Корея Республикасынан, – деді Т.Охлопкова осы жөнінде. – Осылайша, 2016 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком екі халықаралық ұйымның миссияларынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД), бір халықаралық ұйымнан (Ислам ынты­мақтастығы ұйымы) және тоғыз шет мемлекеттен 308 байқаушыны аккредиттеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 2 наурыздағы жағдай бойынша 28 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 116 өкілін аккредиттеді». Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 46-бабына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихатының депутаты куәлігінің үлгісін бекітті. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».