05 Наурыз, 2016

183 комиссия жұмысқа дайын

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Түрлі сайлау комиссияларында әр бағыттағы жоба ұсынған депутаттарды тіркеу жүріп жатыр. Осыған орай қалалық әкімдікте жиын өтіп, қалалық мәслихат депутаттары да сайлау жайлы пікірлерін айтып, ортаға салды. Халық қалаулылары бұл сайлау аса маңызды, дағдарысқа орай жаңа бағыттағы бағдарламалар қабылдануы керек және Президент реформаларын жүйелі түрде іске асыру аса қажет, деді. Қазақстан экономикасы осынау дағдарыс уақытында қолдауды күтеді. Ал жаңарған депутаттық құрам осы бағытта ілкімді еңбек етері сөзсіз. – Халық жаңарған депутаттар құрамынан үлкен үміт күтіп отыр, – деді Семейдегі аймақтық сай­лау комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаев. – Өйткені, мұндай тың қадамдар елді алға бастары сөзсіз. Президентіміз қандай шешім қабылдаса да ол халықтың болашағы үшін жасалатын тың жобалар бас­тамасы. Жаңа сайлау мемлекет пен қоғамның Ұлт Жоспарына, экономика мен елді дағдарыстан қорғау міндеттеріне жұмылуына мүмкіндік береді. Бұл еліміздің барлық азаматтарын толғандыратын өте маңыз­ды міндет. Осы ретте біз кезектен тыс сайлау күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты қоғамдық мәміле мен келісімді нығайта түсетініне сенімдіміз. Осының бар­­лығы ішкі саяси бірлік пен тұрақтылықты нығайтып, Елбасының жүргізіп отырған саясаты айналасында бірігу үшін қажет. Бұл еліміздің жаһандық сынақтардан абыроймен өтуі үшін де аса маңызды кезең. Семейдегі аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Зей­нол­ла Тоқаевтың айтуынша, өткен жылдардағы сайлауларға орай қалада сайлау учаскелері нақты бекітілген. Және қосымша үш сайлау учаскесі жаңадан ашылып отыр. Халықтың емін-еркін өз дауыстарын беруі мәселесі де қарастырылып отыр. Әр сайлау комиссиясында жеті маман жұмыс істейді. Өткен жылғы Президент сайлауынан кейін сайлау комиссиясының құрамы жаңарды. Жаңадан келген осы істі жүргізуші мамандарға арнайы семинар өткізіліп, олар сайлауды қалай өткізу керектігі туралы ақпараттар алған. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.СЕМЕЙ.