05 Наурыз, 2016

«Талай ғасыр жасай берем әлі де...»

535 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
памятник Фариза открытие (март) 6Атырауда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халқымыздың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш қойылды Қазақ поэзиясында ешкім қайталай алмайтын өзіндік өрнегі бар ақынның еңселі ескерткіші мұнайлы өңір орталығы – Аты­­рау қаласында бой көтерді. Ескерткіш қазақ ғылымының заңғар тұлғасы Қаныш Сәтбаев көшесінде бой көтерді. Бұл көшенің бойынан азаттықты аңсаған Исатай мен Махамбет батырдың да, қазақтың дүлдүл күйшісі Дина Нұрпейісованың да, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың да ескерткішіне көзіңіз түседі. Енді сол еңселі ескерткіштердің қатарында қазақ поэзиясының көр­некті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оң­ғар­сыно­ва­ның да тас тұ­ғыр­дағы бей­несі мен­мұн­далап тұрады. Ақын ес­керткішінің ашылуына өңірдің зия­лы қауым өкілдері, ақы­н­ның туыс­тары мен жас­тар буы­­ны, жұрт­­­шылық өкіл­дері көптеп қа­тыс­ты. Қазақстан жо­балаушыла­ры ұлттық қауым­дас­­тығының ви­це-президенті, Қа­зақстан Рес­пуб­ли­ка­сының еңбек сіңір­ген сәулетшісі Серік Рүс­тамбековтің айтуынша, ақын ескерткішін сомдау конкурс арқылы таңдалыпты. Арнайы жарияланған конкурсқа ақын­ның бейнесі сомдалған 12 жоба ұсынылған. Оның ішінде ақынның отырған бейнесі сомдалған нұсқа да болыпты. Арнайы комиссияның мүшелері кеше өз тұғырына орнатылған нұсқасына таңдау жасапты. Ескерткіш қоладан құйылған, тұғырының биіктігі – 4 метр 50 см, ал ақын бейнесі – 4 метр 10 см. Тұғырдың сегіз қабырғасы бар, оның бірінде ақынның аты-жөні, қалған жетеуінде поэзия падишасының өлеңдерінің бір шумағы қашалып жазылған. «Ақынның туыстарымен де ақылдастық. Олар біздің шеберханамызда болып, шаш үлгісіне қатысты өз ойларымен бөлісті. Мүсінді Мұрат Мансұров жасады. Ақынның шабыттанып, жаңа жыр жазуға ұмтылып тұрғанын бейнеледік», – деді сәулетші Серік Рүстамбеков. – Былтырғы жылдың аяғында Әнұран авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұмекен Нәжімеденовтің ес­керткіші ашылған еді. Бүгін өзінің жырларымен де, өзінің адами болмысымен де елдің жадында жатталған ақын Фа­риза Оңғарсынованың ес­керткіші ашылды. Фариза апамыз тек поэзияның көрнекті тұлғасы ғана емес, сонымен бірге, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға да өз үлесін қосқан мемлекет және қоғам қай­раткерлігімен танылды, – деді ақын ескерткішінің ашылу салтанатында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұ­хамбетов. Фариза Оңғарсыно­ва­ның ескерткішінің ақ жа­мыл­ғысын облыс әкі­мі Бақ­ты­қожа Із­­мұ­­­хам­­бе­тов пен ең­бек ар­да­гері Мел­лят Сабырова аш­ты. Ақын­­ның ту­ыс­тары атынан Айбек пен Алмагүл О­ң­ғар­сыно­ва­­лар өз ойларымен бөлісіп, ескерткіштің кө­­ңілден шық­­қа­нына тоқ­талды. Ақын жырлары оқы­лып, сөзіне жа­зылған әндері шырқалып тұрды. «...Тірлік за­ңы мықты да, Бірақ мұны жаны барлар ұқты ма? Соның бәрін уақыт-жемқор жұтты да, Куәсі боп қалдым мен, Талай ғасыр жасай берем әлі де, Ей, адамдар! Бармын мен!» Өз ұлтын жан-тәнімен сүйген, ұлтының рухани келешегі үшін өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға Фариза Оңғарсынова ес­керт­кішінің тұғырында сегіз қа­бырғаның біріне дәл осы шу­мағы жазылыпты. Иә, ақынның өзі жырлағандай, ол енді талай ғасырлар бойы елдің жадынан өшпей, мәңгі жасай береді. Өйткені, оның ел жүрегіне жатталған қайталанбас жырлары да, тас тұғырдағы бейнесі де келешектің көшіне бет бұрды... Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.