09 Ақпан, 2016

Ерлі-зайыпты экипаж

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Үздік экипажҚарағандыда қоғамдық көлікте жолаушыларға қызмет көрсетушілер арасында «Үздік экипаж» деп аталатын қызықты конкурс өтіп жатыр. Автобустары облыс орталығындағы «майлы» маршруттарға қатынайтын №3 автопарк пен eKaraganda.kz ақпараттық порталы әр ай сайын жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін экипажды анықтап отырады. Конкурс ережесі бойынша, жыл соңында 12 үміткердің ішінен 2016 жылғы ең үздік экипаж таңдалып алынбақшы. Қаңтар айының үздік экипажы болып ерлі-зайыпты Арман мен Мақпал Жақсыбаевтар танылды. Жақсыбаевтар үлгілі отбасылар санатынан. Олардың желкілдеп өсіп келе жатқан үш ұлдары бар. Екеуінің №43 маршрутта жұмыс істеп келе жатқандарына биыл тұп-тура 15 жыл болады екен. Арман мен Мақпал – жарасымды жұп. Олар өмірдің өзінде ғана емес, жұмыс барысында да бір-бірін айтқызбай түсінеді. Мысалы, Мақпал жолаушылардан жолақыны жинап үлгермей жатқанда, Арман автобустың жылдамдығын баяулата қояды екен. Қай аялдамадан шамамен қанша адам отыратынын да олар жатқа білетін көрінеді. Өйтпейінше тағы болмайды: олардың күнделікті табысы осы тиын-тебеннен құралады. Автобустың ішінде адам көп болғанда Мақпалдың қағілездігі көп көмегін тигізеді екен. Иін тіресіп тұрған жолаушылардың арасына сыналап кіріп, жолақы жинаудың өзі айтқанға оңай. Ал Мақпал болса, мұндай жағдайда өзін судағы балықтай сезінеді. Арман мен Мақпал қызмет ететін №43 маршруттың ұзындығы 26 шақырымды құрайды. Бір күннің ішінде олардың автобусы он айналым жасайды. Бұл дегеніңіз – 260 шақырым! «Бәрі жақсы, – дейді автобус жүргізуші Арман. – Тек, Май­құдыққа келгендегі жолдың ойқы-шойқылығы болмаса. Әсіресе, 13 және 14-ші шағын аудандар арасындағы жол адамды шаршатып жібереді...». Өздерінің жұмысын адал және сапалы атқарып жүрген Арман мен Мақпалдың биылғы жылдың ең үздік экипажы болуға толық таласы бар. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.