09 Ақпан, 2016

Кезекті партиялық тізім

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ERA_6826+77Қазақстан Республикасы Орталық сайлау ко­мис­сиясының кеше өткен отырысында Қазақстан Ком­мунистік халық партиясының Мәжіліс сайлауына қаты­сатын партиялық тізімі тіркелді. «Сіздердің назарларыңызға Қазақстан Коммунистік халық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы жобасы ұсынылып отыр. Қаулы бо­йынша Қазақстан Коммунистік халық партиясының партиялық тізімі тіркеледі. Тізім бойынша тіркелген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға куәлік беріледі», – деді қаулы жобасын таныстырған ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов. Комиссия хатшысының айтуынша, партиялық тізімге енгі­зілген азаматтардың еліміздің «Сайлау туралы» заңнамасына сәйкестігі Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттарға қарағанда, партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңға сәйкестігі анықталды. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы және мүлкі туралы декларация­лары салық органдарының анық­тамаларымен расталды. «Партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазақстан Коммунистік халық партиясының атауы сайлау бюллетеніне енгізіледі», деді Комиссия хатшысы. Осы­дан кейін Орталық сай­лау ко­мис­сиясының мүше­лері қаулыны бірауыздан қабылдады. Атап өтейік, 8 ақпан­дағы жағдай бойынша Орт­сай­лау­комға алты партиялық тізім ұсынылды. Олардың ішінде «Нұр Отан» партиясының, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның және ҚКХП-ның партиялық тізімдері тіркелді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».