27 Қаңтар, 2016

Арман. Асу. Бақыт

314 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Анар ЖайылғановаҚазір әлемнің төрт бұрышын дағдарыс пен тапшылық жайлап алғаны анық. Одан да бетер, кейбір мемлекеттерде халық «байтал түгіл бас қайғы» дегендей, ел ішінен тыныштық кеткен соң басқа баспана, киерге киім, ішерге ас таба алмай алапат ажал сепкен атыс-шабыстан бас сауғалауға мәжбүр болуда. Еліміз мұндай қияметтен аман қалды. Журналист Сауытбек Абдрахмановпен «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында Нұрсұлтан Назарбаев: «Жүргізілген реформалардың тиімділігі арқасында біз еліміздің орнықты дамуын, экономиканың одан әрі өсуін, халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін тұғыр дайындадық. Мемлекеттілікті қалыптастырудың, тәуелсіздікті нығайтудың аса маңызды белестерін артта қалдыра отырып, біз жаңа асуларды қалай бағындырғанымыз жөнінде толғана аламыз», дейді. Бүгінде әлемге, айналаға қарай отырып, бұған толықтай көз жеткізе аламыз және бұл жетістіктер бізді одан әрі армандарға жетелей түседі. Соған орай біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы 30 ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашатыны сөзсіз. Бұған қазіргі нақты іс туралы Елбасымыздың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласындағы жаңа міндеттер толық дәлел. Міне, осы тарихи міндеттер кешенін іске асырудың конституциялық мән-маңызы туралы бізге заң ғылымдарының кандидаты Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА әңгімелеп берді. Бізге сұхбат берген кезде Анар Жайылғанованың Конституцияның Кеңес мүшесі болғанын еске саламыз. – Анар Нұралықызы, қазіргі әлемдік дағдарыс барлық елге әсерін ти­гізіп жатыр. Бірақ осы дағ­дарыстан жол тауып, одан күшейіп шығудың қамын қамданғандар қапыда қал­май­тыны белгілі. Осы орайда біздің елді де ұшпаққа шығара­тын жол табылды емес пе? – Иә, оған қазір еш күмән жоқ. Өйткені, Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы «Әр ұрпақтың өз арманы бар, ол тек жеке отбасымен ғана шек­телмей, туған жерге деген сүйіс­пеншіліктен туындайтын Отан бақыты. Біз талай ата-бабаларымыз асыл арман еткен Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін жүзеге асырдық. Ең бастысы, біз жаңаша армандау­ды, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді үйрендік. Ендігі жаңа қазақстандық арман – XXI ғасырдың ортасына қарай аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру» деп басталады. Шындығында, Қазақстанда тәуелсіз­діктің алғашқы жылда­рында экономикалық және әлеуметтік құлдырауды тоқтату, қылмыстылықты ауыздықтау, ең бастысы, халыққа мемлекет пен ұлттық абыройға деген шынайы сенімді ұялату тәрізді орасан зор жұмыс жүзеге асырылды. «Біздің табиғи ресурстарымыз үлкен байлық, бірақ ең бастысы – біздің адамдарымыз, олардың біліктілігі, энергиясы, білімі және белсенділігі. Қазақстанның гүлденуі мен дамуына жетелейтін басты «алтын кілт» осы», – деп еді Мемлекет басшысы сонау 1997 жылы Қазақстан халқына Жолдауында. «Ширек ғасырдың ішінде ғана Қазақстан әлемдік шаруашылық байланыстарға және жаһандық ұлттар отбасына толыққанды мүше ретінде кіретін егемен ұлттық экономикаға айналды», – деп атап көрсетті Елбасы 2015 жылы 30 қарашадағы Жолдауында. Бірақ өмір бір орнында тұр­майды, мемлекет алдында жаңа үнқатулар мен сын-қатерлер пайда болады, өйткені, жаһанның барлық мемлекеттері қазір күр­делі кезеңді бастан кешуде. Бұл уақыт – әлемдік трансформациялар мен өзгерістер, яғни тұрақсыз кезең болып тұр. Кеше ғана ақаусыз жұмыс істеп тұрған құралдар бүгін істен шығуда. Сондықтан, не істеу керек деген заңды сауал туындайды. Әлемде орын алған қиыншылықтар мен қайшылықтар бізге қаншалықты әсерін тигізеді? Осы дағдарыстан Қазақстан мемлекеті қалайша жаңарып әрі күшейіп шығады? Бұл сұрақтарға жауап із­деу дүниедегі болып жатқан эко­номикалық, саяси және құқықтық негізгі заңдылықтарды түсінуден басталады. Әлемде болып жатқан жағдайларға, құбылыстарға назар аударсақ, ең бастысы – бұл инвестициялар үшін бәсекелестік. Екіншісі, жаңа технологиялар үшін бәсекелестік. Бұл жерде тек қана өндірістік технологиялар ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік технологияларды ескерген жөн. Үшіншіден, әртүрлі құқықтық жүйелердің – азаматтардың өз елдеріне деген көзқарастары сенімді де тұрақты болуы үшін бәсекелестік. Яғни, әр мемлекет өз азаматтарына құ­қықтар мен бостандықтарды кепілдік етіп қана қоймай, сондай-ақ оларға құқықтық құндылықтарды белсенді түрде дарыту қажет. – Біздің еліміз жаһандық аренада болғандықтан, бұл әлем­дік аумалы-төкпелі құбы­лыс­тардың бізге де қатысы бар. Біз­дің қоғамымызға да эко­но­микалық қана емес, сонымен қа­тар, құқықтық технологиялар мен құралдар қа­жет. Өйткені, тек қана құқық қоғамда орын ала­тын жағ­дайлардың заңдық шегі мен шеңберін айқындайды ғой. – Иә, біз осы тұрақсыз уақытқа қаншалықты жаңа мүмкіндіктер уақыты деп қарасақ та, «жаһандық тәуекелдер қоғамы» орын алып отырғанын мойындауымыз керек. Тіпті бұл жағдай адамдардың құқықтық санасына да кері әсерін тигізетінін естен шығармау керек. Сондықтан, осындай аласапыран заманда мемлекет үшін бүкіл халықтың қамын жеген, ертеңін ойлаған, кемеңгер даналық ауадай қажет екені айдан анық. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, мұндай миссияны өзіне кемеңгер даналар мен ағартушы ғұламалар алған екен, ал біздің бағымызға қарай, Қазақстанда бұл миссияны өзіне тағы да біздің Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев алды. Бұл жерде бастысы, бола­шақ­тың нақты жоспарлануы. Бо­ла­шағымыздың өзін айқын да түсінікті жобаға айналдыру. Ол жобаның барлық жағынан негіз­ділігі, әсіресе, құқықтық тұрғыдан беріктілігі қажет. Ендеше, Елбасы қазақстандық асыл арманды орындау үшін нақ­ты қадамдар алгоритмін ұсынып отыр: ұлы мақсатқа жету үшін 5 инс­титуттық реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын мүлтіксіз орындау қажет. Атап айтар болсақ, мемлекетті кәсібилендіру, құқық тәртібі мен заң үстемдігін орнату, эко­номикалық өсімді қамтамасыз ету, оның ішінде, сыртқы инвес­тициялардың жаңа көздерін ашу және инновациялық индустрияландыруды қолға алу әрі дамыту, жаңа әлеуметтік саясат және транспарентті әрі қоғамға есеп беретін ашық мемлекет құру. – Осы бағыттардың әрқай­сысы бойынша жол карталары жасалып, соған қол жеткізудің нақты қадамдары анықталған. Ал экономикалық дағдарысқа келетін болсақ, біздің Елбасы белгілеп берген басты стратегия­мыз: «өсім, реформалар және даму» дейміз. – Иә, инновациялық экономикасыз мықты Қазақстан болуы мүмкін емес. Сондықтан, Елбасы білім беру жүйесін дамытуға, еліміздің экономикасы үшін кәсіби мамандар даярлауға, сондай-ақ, мемлекеттің әлеуметтік саясатында адами капиталға ауқымды инвестициялар салуға баса назар аударып отыр. Өйткені, мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық шаралар мен іс-әрекеттер қоғамның қажеттіліктеріне, ұм­ты­лыстарына және әлеуметтік күйіне сәйкес болуы керек. Яғни іс жүзінде, әркім мемлекет тарапынан оған қамқорлық бар екенін, оның құқықтары мен заңды мүдделері айқын әрі қорғаулы екеніне және мемлекет өзінің әр азаматының еркін және абыройлы өмір сүруіне жағдай жасауға мүдделі екенін іс жүзінде сезініп білуі керек. Сонда ғана, мемлекет пен мемлекеттік билік қоғам тарапынан жан-жақты және шынайы қолдау таба алады. Яғни, мемлекеттің құқықтық жүйесінде елдің менталитеті, мәдени ұстанымдары, халық ара­сындағы әділдік туралы қағи­далар орын алғаны дұрыс. Қоғам мен мемлекет тікелей бай­ланыста, сондықтан олардың мүдделері бір-біріне сай болуы керек. Бұл дегеніміз, азаматтық қоғам мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық шараларға қолдау білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-әрекеттерге көпшілік тарапынан түсіністік және қолдау керек, ал көпшіліктің мемлекеттен көмек күтулері соған лайық болуы тиіс. Конституцияға сәйкес, Қазақ­стан өзін тек қана демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет деп қана емес, сондай-ақ, әлеуметтік мемлекет деп орнықтырады. Бұл жағдай, Қазақстан мемлекет ретінде өз азаматтарының алдында мүмкіндігінше әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүдделі екенін білдіреді. Бі­рақ, әлеуметтік мемлекетті па­терналистік мемлекетпен теңес­тіруге болмайды, яғни мемлекет барша халыққа әлеуметтік көмек көрсетуді мойнына ала алмайды, ол көмек тек қана заңда белгіленген арнайы (материалдық жағынан неғұрлым әлсіз) топтарға көмек көрсетіледі. Қорыта айт­қанда, адамдардың әлеуметтік көмек күтулері заң шеңберінде болуы қажет. Сондықтан Елбасы өз мақаласында, мемлекет тарапынан жасалып жатқан барлық ауқымды шаралар мен іс-әрекеттерді айта келе, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын табанды түрде өмірге енгізу қажеттігін атап өтті. – Осы айтылып, жүргізіліп, атқарылып жатқан жақсылық­тардың бәрін халық жетік білуі қажет деп ойлаймын. Бұл тұр­ғыда қандай шаралар қолға алынғаны жөн? – Мемлекеттік билік тарапынан жасалып жатқан барлық реформалар адам үшін, әрбір қазақстандық үшін жасалатын болғандықтан, осының бәрін әрбір азаматымыздың санасына жеткізу қажет. Ендеше, бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше. БАҚ оқырмандарға ақпаратты тек қана жеткізіп қой­­май, сонымен қатар, оларда әлеуметтік оптимизм тудыратын дұрыс көзқарас қалыптастыра біл­гені жөн. Сондықтан, Елбасы өз мақаласында қазақстандық БАҚ-тарды жаңғырту, бірқатар мәдени-білім беру және ақпараттық жобаларды жүзеге асыру қажеттігіне де тоқталған. «Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге, жаңа мүмкіндіктер. Қа­зіргі жаһандық дағдарыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Біз индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастадық, «Нұр­лы Жол» мемлекеттік инфра­құрылымдық даму бағдарламасын қабылдадық, 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жос­парын жүзеге асырудамыз, қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық, мұнай бағасы 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойлас­тырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді. Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік мін­деттемелерін әрдайым орындап келеді. – Бір сөзбен ойымызды түйін­дер болсақ, арман асуынан асып нағыз кемелденер шаққа жетер уақытымыз алыс емес дейсіз ғой. – Иә, дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тә­уелсіздігі, ұлт мұраты, ұр­пақ бо­лашағы сияқты ұлы құн­дылықтар ғана мәңгі, деп нақ­тылады Ел­басы өзінің Қазақ­стан халқына Жолдауында. Ендеше, «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме?! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?! Ел тірегі – ері, ер тірегі елі бола білген қауымның басынан бағы кетер ме!», деп дана бабаларымыз айтқандай, біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».