27 Қаңтар, 2016

Қайырымды үміт мүйісі немесе Жер шетіне сапар

1134 рет
көрсетілді
45 мин
оқу үшін
На МысеАспанда Осы уаққа дейін қал-қадерімізше біраз жерді аралаған екенбіз, біршама ел мен жұртты көріппіз, сол елдердің суын ішіп, дәмін татыппыз. Сәулеті мыңжылдықтар тереңінен тамыр тартқан қалалармен танысыппыз, табиғаты ертегі мен аңызға лайық өңірлерді та­ма­шалаппыз. Соның бәрі де есімізде, кө­бісі хатқа түскендей жат­таулы, жадымызда қаттаулы, әсері мол сапарлар. Жаныңды толқытқан, қуанышқа бөлеген ондай ұзақ жолдар ұмытылушы ма еді! Есіңе алған сайын олар сенің жүрегіңді шабақтап, көңіліңді шуаққа бөлеп жүретіні тағы рас. Сондай ұзақ жолдың бірі Африка құр­лығының оңтүстік шетіндегі Қайы­рымды Үміт мүйісіне сапарымыз еді. Ол мүйіс – шын мәніндегі Жердің шеті екенінен бұрыннан хабардармыз. Картаға қарасаңыз одан әрі ел жоқ, жер тағы жоқ. Одан әрі толқын сапырып, қайнап жатқан көк мұхит. Жердің шеті болғасын да, оған жету қайдан оңай соқсын... Алдымен ал­ты сағатқа жуық Ыстамбұлға ұштық. Ыс­тамбұл әуежайында төрт-бес сағат сандалып, ту сиырдай шермиген, аңсағай бой­лы алып лайнерге жайғасқанбыз. Лайнердегі жолаушыларға жасалған жағдай әйбат, сервисі жоғары дәре­жеде болғанымен, он үш сағат бойы орындыққа жабысып, аспанда қалық­тап жүріп алу ауырлау тиген. Әйтеуір ермегіміз – алдымыздағы мониторға қарап, қай тұста ұшып келе жатқанымызды мөлшерлейміз де, иллюминатордан төменді қызықтаймыз... Кіші Азия түбегінен өткен соң Жерорта теңізін тұмсықтан кесе туралай тарттық. Байқаймын, мәремізге төтесінен салып, Африканы қақ ортасынан тіліп өтетін түріміз бар. Әнеки, Кипр аралын жанай ұшып, Александрия қаласының тура үстінен шықтық. Танып келемін, теңізді жағалай қоныс тепкен ежелгі шаһарды анау бір жылдары аптаға жуық армансыз аралағанымыз есімде. Марқұм, аяу­лы апамыз Роза Бердіғалиева, достарым Сауытбек Абдрахманов пен Ерлан Сатыбалдиев төртеуіміз Александрия кітап­ханасын ашу салтанатына қатысып, жүзге тарта қазақ кітаптарын сыйлап қайтқанбыз. Сауытбек «Әлемге әйгілі» айдарына «Күлден көтерілген» деген мақала жазған. Сондықтан да бұл қала турасында бізде әсерге толы әжептәуір естеліктер қалған... Әнеки, бүркіттің тұмсығындай теңізге сұғына иілген түбек көрінді. Әлемнің жеті кереметінің бірі – Александрия маягі сол арада болған деседі. Ал қазір ол түбекте мәм­лүк қандасымыз, боз жусанды даласына қайтпай қалған Қайтпай сұлтан­ның ақ сарайы жарқырайды. Оны да төбеден танып келемін. Монитор Каир қаласын қиыста қал­дыра бере, Ніл өзенін бойлай ұшып келе жатқанымызды көрсетті. Бұл мезгілде солтүстік Африканың аспаны ашық, бұлты сирек сияқты, төмендегі жер бедері барша бояуымен, сай-сала, өзен-көл­дерімен сайрап жатты. Оң жағымызда сап-сары болып шексіз құм теңізі – Сахара қалып барады. Нубия шөлінің үстіндеміз. Судан жері далия көсілген жалпақ екен, ол елдің үстімен ұзағырақ ұштық. Жұмыр Жердің белдігі – экваторды кесіп өткен соң, Уганданың етегінен көкжиекте күнмен шағылысқан әйгілі Виктория көлін анық көрдік. Көл дейтін емес, шалқыған теңізге ұқсағандай. Шал­қардың арғы жағында шошағын қар басқан Килиманджаро болушы еді, тегі, тым алыста, көз жетпес қиыста қалған-ау, көрінбеді. Бұл маңайдағы жердің бедері бұйраланып, қоп-қою жасыл түске еніп кетіпті. Төменде ит тұмсығы батпас джунгли десті білетіндер. Басқа ұсақ-түйек су қоймаларын білмедім, әйтеуір жүздеген шақырымға мойынағаштай созылып жатқан Танганика көлін тө­беден жазбай таныдық. Содан кейін арада бірер сағат өткенде жасыл түс бұй­даланған шұбар жазыққа ұласып, күйген терідей ойдым-ойдым сарыала дақ­тармен араласа бастады. Тағы да сол білгіштер саваннаның үстімен ұшып келе жатқанымызды құлағдар етті. Төменде Танзания, Замбия, Зимбабве, Ботсвана елдері бірінен соң бірі қалып жатты. Осы елдердің біразына шекара міндетін атқарып, арасын қақ бөліп жатқан Замбези өзені мен оның инеліктей жіңішке су қоймасы да жарқырай көрінді. Ботсванадан соң Оңтүстік Африка Республикасының бай­тағына ене бастадық. Менің ардақты ағам Марат Татаев өзінің жан досы Алтай Тілеубердинмен екеуі осы аймақтың саванналарында жиі-жиі аңшылық құ­ратындарын естігем... Арыстан да, буйвол да, газель де атып, шәулі бүр­кітше қомданып түскен суреттерін де талай көргем. Міне, Эрнест Хемингуэй тамылжытып жазатын, жазып қана қой­май, сағындырып суреттейтін на­ғыз сафариіңіз осы! Анау жолы осы ағаларым алдағы жазда Гренландияға баруды жоспарлап жатқан. «Ақ аюға барасыздар-ау?» – деп елең ете түскем. Ақ аю өкімет қамқорлығында, оны ату­ға мүлдем тыйым салыныпты, ешбір мемлекетте оған лицензия берілмейді екен. «Карибу мен қойбұқаға барсақ деген ойдамыз» деді. Соған қарағанда бұл заманның сал-серілері Марат пен Алтай ағаларым-ау деп қашанда оларға қызыға қарап жүрем. Жақында естідім – ағаларым Гренландияға барып та келіпті. Бұл Оңтүстік Африкада 2013 жылдың 13 қыркүйегінде әлем ғалымдарын дүрліктірген сенсациялық жаңалық ашылғанын оқыған едім... Бұдан 4 миллион жыл бұрын өмір сүрген приматтардың жоғары типі – австралопитек пен бүгінгі адамның, яғни «гомо сапиенстің» арасында өтпелі қандай гоминид-түр болды? Австралопитек қай кезде бүгінгі «әмбебап адам» кейпіне айнала бастады? Ғылыми әлемде «ақтаңдақ» қалған осы мәселе антрополог ғалымдардың басын әуреге салып, көптен бері толғандырып жүреді екен. Әрине, арадағы 4 миллион жылдың тылсым жұмбағын шешу оңай дейсің бе! Содан, осы өңірдегі «Восходящая звезда» атты үңгір түк­пірінен тағы адам кейпіндегі көптеген сүйектер табылады. Зерттей келе олар австролопитек пен бүгінгі адам арасындағы өтпелі кезеңнің түрі болып шығады. Бұдан 2 миллион жыл бұрын өмір сүрген бұл гоминид адамзат тарихындағы жаңа бет, ғылымдағы жарқын жаңалық деп танылады. Жалпы Африка құрлығы, соның ішінде біз келе жатқан Оңтүстік Африка «адамзаттың бесігі» саналатыны бұрыннан белгілі жайт. Мына жаңалық сол тұжырымды одан бетер нығайтып, тереңірек бекіте түсіпті. Алашабыр саванна қия-жартасты, терең шатқалды, ойлы-қырлы шоқа­лақ тауларға ұласқан кезде – біз ме­желі жеріміз Кейптаун қаласына жақын­дағанымызды аңғардық. Арада сағатқа жуық уақыт өткен соң шалқыған мұхит та көрініс берді. Атақты Атлантика осы! Шетсіз-шексіз көсіліп, көкжиекте көк аспанмен астасып кете барған. Дүрбі салып шұқшия үңілсең – күншіліктегі Антарктиданың да сағымданған сұл­басын көруге болады деседі. Кепешін аппақ қар басқан таулы түбекті жағалай қоныстанған үлкен қаланы алыстан орағытып, көк мұхитты төрінен бір айналдық та, азынаған дала төсіндегі ашық әуежайға еңкейе бастадық. Кейптаун кейпі Біз Кейптаун қаласына келдік. Кейптаун Оңтүстік Африканың Йоханнесбургтен кейінгі екінші астанасы, Жер планетасындағы әсем қаланың бірі есепті. Мемлекеттің қаржылық орталығы, маңызды эко­номикалық аймағы. Ел пар­ламенті, ірі банктердің офистері, біршама үкімет кеңселері де осында. Ең бастысы, Кейп­таун – әлемдегі ең ірі портты қалалар қатарында. Антарктидаға аттандырылып жатқан экспедициялардың көпшілігі осы порттан сапар шегеді. Голливудтың біршама фильмдері Кейптаунда түсірілгенін білеміз. Жаға­лаудағы ақшаңқан коттедждер, самаладай жарқыраған аппақ сарайлар Америка мен Еуропа құрлықтарын аузына қаратқан қаржы алпауыттарының, ел билеушілері мен миллионерлердің жазғы тұрағы. Аты әлемді әлдилеген Голливуд киножұлдыздарының жылына бір рет келіп көңіл көтеретін, сауық құрып, сайран салатын жайлаудай жайлы мекені. Оңтүстік Африка Республикасында ресми түрде он бір тіл қолданылады екен. Солардың ішінде көп тарағаны – ағылшын тілі. Көшелердегі жарнамалар, хабарламалар, мекеме атаулары, билбордтар негізінен осы тілде жазылатынын көрдік. Кей жерлерде африкаанс, зулусс, коса дейтін тілдердегі жазуларды да кездестірдік. Негізінде, шымқай қара нәсіл мен зәңгілер Африканың орталық аудандарын, яғни экватордың арғы-бергі жағын қоныстанған. Ал Оңтүстік Африканың ежелгі тұрғындары қоңыр түсті пигмейлер болыпты. Пигмейлер алғашында голландықтармен, кейіндері ағылшындармен араласып, «бур» атты жаңа нәсіл шығарады. Еуропалықтар оларды «түрлі-түсті» деп атап кеткен. Кейптаун қаласын бір жағынан бұлтпен таласқан соқталы шыңдар мен сеңгір таулар сілемі қоршапты. Екінші жағы – шалқыған шығанақ, күншілікке созылған алтын құм жағажайлар, ақ­шаңқан сарайлар мен көз сүйсіндірген әсем қонақүйлер. Алты құрлықтың кітапханашылары мен аузы дуалы қайрат­керлері бас қосқан конференцияны бетке алып, бес адамдық қазақстандық делегация да шаршап-шалдығып жеттік бұл қалаға. Арада бір күн тынығып, былайша айтқанда, жаңа климатқа бейімделіп, кейінгі үш күнде мынау жаһандық өзгерістер заманындағы кітапхананың жұртшылықты ақпараттық қамтамасыз ету миссиясы, цифрлық технологияның басымдығы жағдайында дәстүрлі кітап оқу үрдісін үзіп алмай, оқырманға қызмет көрсетудің соны тәсілдері, сондай-ақ әлемдік ақпарат алмасулар мен көне қолжазбаларды сақтаудың заманауи әдістерін талқылауға арналған түрлі секциялар жұмысына қатыспақпыз. Осы саладағы соңғы кезде пайда болған ғылыми жаңалықтар, озық технологиялармен танысып, кенеулі кеңес құрмақпыз, кесек тақырыптарды қозғамақпыз. ТМД елдері кітапханашыларының басын біріктірген БАЕ атты қоғамымыз бар еді. Оның қазақшасы – «Евразия Кітапханашыларының Ассоциациясы» деп аталады. Ассоциация президенті – Москвадағы әйгілі «Ленинканың» – бүгінгі Ресей мемлекеттік кітап­хана­сының бас директоры Александр Вислый деген әріптес досымыз. Ол кісі сырқаттанып бұл қиянға жете алмай, мен сол Вислыйдың атынан конференцияда сөз сөйлеп, ТМД елдері атынан жиналған қараала, сарыала көпшілікке құттықтау айтпақшымын. Мұның бәрі де жөн ғой, ресми шаруалар өз ретімен шешіле жатар. Біздің көксегеніміз – әйтеуір аяқ жетпес қиянға келіп қалған екенбіз, ел арасында аты аңызға айналған Қайырымды Үміт мүйісіне барып қайту. Жердің шетін көзбен бір көру, қос мұхиттың түйіскен табиғатын көңілмен сезініп, көкірекке түю болатын. Кейптаун – ауа райы жаймашуақ, табиғаты жомарт, инфрақұрылымы жоғары дамыған зайырлы қала екен. Желтоқсаннан бастап наурызға дейін бұл елде жадыраған жаз. Сол жаздың өзінде ми қайнатқан аптап жоқ, температура 25 градустан жоғары көтерілмейді. Ал, біздегі маусым мен шілдеге сәйкес келетін қыс айларында температура 10-15 градустан аспай тұрды, тек түнде ғана плюс 6 градусқа дейін төмендегеніне өзіміз куәміз. Қыс айлары көбінде боз сәулеге мұнартып, жылы жаңбырлы келеді екен. Қол босағанда қаланың кө­рік­ті ғима­раттарын тамашалап, кеме­лері жар­қыраған порттарымен, он­да­ған шақырымға созылған құм­да­уыт жағажайларымен, ежелгі тас қамал­дармен, алуан мақсаттағы музей­лерімен шама-шарқымызша танысумен болдық. Музей демекші, теңіз жағасында «Қос мұхит аквариумы» атты туристердің көп келетін сүйікті орны бар екен. Аквариумда үш мыңға тарта мұхит жануарлары жинақталыпты. Жеті галереяға бөлінген осы аквариум ішінде түрлі акулалар, балықтар мен тасбақалар, моллюскалар мен шаяндар толып жүр. Атлантика мен Үнді мұхиттарында кездесетін жыртқыштар мен теңіз өсімдіктерін түгелге жуық осы арадан көруге болғандай. Осы аквариум ғимаратының іргесінде, жағалау маңайында «Нобель алаңы» деп аталатын демалыс орны да өзінің ерекшелігімен көңіл аударған... Араларында Нельсон Мандела бар, бұл алаңда Нобель сый­лығына ие болған төрт қайраткердің қатар тұрған адам бойындай ескерткіш-мүсіндері қойылыпты. Қарадомалақ балалардың аталарының қасына барып, қолын алып, құшақтап ойнағандары қандай жарасымды десеңізші! Ең қызығы – қалада әр жыл сайын жаздың ыстық мезгілі қаңтар айында «Кейп-Карнавал» атты дәстүрлі ән фестивалі өткізіліп тұратынын естідік. Көше-көшені ән мен биге толтырып, қалалықтардың қуанышына айналған бұл фестиваль біз келердің алдында, осыдан бір ай шамасы бұрын улап-шулап өтіп кетіпті. 2010 жылы футболдан әлем чемпионатына арналып қаланың іргесіне ғимараты көз тартқан көркем стадион салыныпты. Чемпионатқа дайындық Кейптаун қаласының дамуына даңғыл жол ашқан деседі... Жаңа үлгідегі бес пен жеті жұлдызды гранд-отельдер, жарқыраған мейрамханалар мен супермаркеттер пайда болып, теңіз жағалауы ұзатылар қыздай жасанып шыға келіпті. Қаланың түстігінде «Столовая гора» атты биігіне сабырлы салтанат ұялатқан мұз жалды ерекше тау сілемі бар екен. Біз оны «Үстел тауы» деп қазақшалаған болдық. Күн сайын таңертең осы Үстел тауын белдеулеп бозала тұман кілки қалатыны қандай ғажап... Бұл тау аймақтың туында да бейнеленіп, Кейптаун қаласының мәртебелі символы саналатын тәрізді. Алып атандай шөгіп жатқан жалпақ таудың үсті тақтайдай жазық, алыстан қараған жанға расымен үстелден аумай қалған. Бұл тауға жаяу шығатын жол жоқ, жан-жағы шақырымға созылған құз-жартас, қарасаң басыңдағы бөркің түседі. Тасқа өрмелеуші бірер альпинистің арқан салып, тырмысып жоғарыға шығып бара жатқанын көрдік. Былайғы жұрт пен қаптаған туристер шапшыма жартасқа аспалы вагонеткамен тігінен көтеріліп жатты. Жүз қабатты ғимаратқа лифтімен заулап шыққандай миымыз аузымызға тығылған. Тау биігінен етекте кең көсілген ажарлы қала мен шырайлы шығанақ барша келбетімен жайыла көрінді. Таудың шығыс жағында қарқарадай қасқайған тағы бір зеңгір шың мұнартып жатты. Шың басында үлкен зеңбірек бар деседі, ол күн сайын сағат 12-де гүрс етіп белгі беріп, тал түс болғанын қалалықтарға ескертіп тұрады екен. – Сіздер Кейптаун қаласымен таныс­­тық­тарыңызды Кирстенбош бағы­нан бастаңыздар! – деп ақыл қосты африкалық әріптестеріміз. Кирстенбош – әлемдегі ең танымал ботаникалық бақтың бірі саналады дейді. Бақтың негізі Батыс Кейп өлкесінің таңғажайып өсімдік байлығын сақтап қалу мақсатында 1913 жылы қаланыпты. Біз бұл бақтан небір әдемі гүлдерді, желегі желпілдеген таңғажайып өсімдіктерді қызықтап, ешбір жерден кездестірмейтін экзотикалық ағаштармен таныстық. Мұнда өсімдіктің 7300 түрі өседі екен, олардың жарымына жуығы тек осы өңірге ғана тән эндемик өсімдіктер. Бау, сондай-ақ, шипалы шөптерге де аса бай деседі. Баққа кіре берісте Кап колониясын құрушылардың бірі Ян ван Рибек 1660 жылы отырғызған жаңғақ ағашы мен жаз ғана емес, қыс айларында да жап-жасыл болып жайнап тұратын алуан өсімдіктермен таныстық. Зор аумақты алып жатқан Кирс­тенбош бауының шығыс бөлігі түрлі мүсіндермен толықтырылыпты. Алаң­қайлар мен гүлзарлар ішінде, экзотикалық ағаштар түбінде, бұлағы сылдырап аққан тасты жағалауларда Оңтүстік Африка мен Зимбабве халықтарының қолынан шыққан ағаштан жасалған, піл сүйегінен ойылған, мәрмәрдан қашалған қайталанбас өнер туындылары таратылып қойылыпты. Баудың әр тұсында адам шошырлық алпауыт динозаврлардың муляждары да «жайылып» жүрді. Кирстенбош бауының атағы өсім­діктер байлығымен белгілі болса да, баудың ішінен алуан түрлі құстар мен сүтқоректілерді кез­дестіргенбіз. Ал, Үстел тауының жала­ма жартастарының биік алқымына ұя салған африкалық қара бүркіттің бірнешеуін байқадық. Жайлы климат, малынған таби­ға­тының арқасында Кейптаун арнайы іздеп келіп демалуға жаннаттай жайлы мекен екен. Кейп түбегінің жотасын жалдап тауға жорыққа шы­ғуға, ол маңайдан Африканың жабайы табиғатын тамашалауға, жолақтана бөлінген керемет жүзім алқаптарын аралап, құмдауыт жағажайда бой сергітуге болатынына көзіміз жетті. Тағылымды тарих Қала тарихы Еуропа мен Үнді сауда жолын іздеу дәуірімен тығыз байланыс­ты болыпты. Африка құрлығын айналып өтер теңіз жолы ашылған бойда Кейптаунның өркендеу дәурені басталады. Нақтылап айтқанда, 1652 жылы голландиялық Ост-Индия компаниясында жұмыс істейтін Ян ван Рибек атты азамат осы маңайдан әрі-бері сабылып өтіп жатқан кемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Үстел айлағында сауда-саттық орталығын жасауға кіріседі. Соның арқасында айлақтың тасы өрге домалап, қалашық жыл санап емес, ай санап қарқындап дамиды. Байсалды, бәтуалы мекенге, берекелі, мерекелі қалаға айналады. Арада жүз жыл өткенде бұл мекендегі құлдардың саны еркін тұрғындардың санынан аса бастайды. Осылайша Кейптаун Еуропадан қоныс аударған ақ нәсілділердің меншіктенген өз қаласына айналып кете барады. Ван Рибек Кейптаунның негізін қалап қана қоймай, 1662 жылға дейін осы өңірдің, яғни Қайырымды Үміт мүйісінің губернаторы да болыпты. Бұл аймақты алғаш игерген де, жер­ді иемденген де голландықтар бопты. Бірақ, табиғаты тотыдай түрленген түбекке ағылшындардың аңсары ауып, арада жүз жылдай өткен соң сайланып келіп соғыс ашады да, қаланы басып алады. Сөйтіп, Кейптаун қаласын 1795 жылдан бастап британдықтар басқарады. Британдықтардың либерал басқаруы 1834 жылы құлдықтың жойылуына әкеп соғады. Құлдықтың жойылуы – голландиялық құлұстаушы фермерлердің наразылығын туғызады. Наразы болған   12 мыңнан астам фермер солтүстікке үдере көшіп, өз беттерінше «Бур тәуелсіз республикасын» құрады. Одан кейінгі айтулы оқиға 1899-1902 жылдарғы «ағылшын-бур соғысы» болыпты. Бұл соғысты Йоханнесбургтің алтын кенішіне бақылауды өз қолда­рына алу мақсатымен ағылшын империа­листері бастаса керек. Үш жылғы қан­төгіс шайқастың нәтижесінде 1910 жылы құрамына Үміт мүйісі кірген «Оңтүстік Африка одағы» құрылады. Одақтың алғашқы премьер-министрі болып бурлардың бұрынғы генералы Луис Бота сайланады. 1948 жылы сайлаушылар Ұлттық партияға дауыс бергеннен кейін, нәсілдік теңсіздік, яғни «апартеид» жүйесі ресми түрде заңдастырылып кетеді. 1960 жылы Шарпевилл атты мекен­дегі бейбітшілік шеруі кезінде полиция 69 адамды мерт қылады. Бұл оқиға майға от құйғандай өршіп, апар­теидке қарсылықты барынша күшейте түседі. Билік те оңайлықпен беріспейді. Қарсылық күрестің басында тұрған Нельсон Манделаға «мемлекетке опа­сыздық жасаған» деген айып тағып, қыран мінез нар жігіттерімен қоса қа­мауға алады. Осылайша Мандела 27 жыл түрмеде отырады. Кейін абақтыдан босаған соң ол өзінің алғашқы жалынды сөзін Кейптаун Ратушасының алдында сөйлеп, халықты тәуелсіздік жолындағы азаттық күресіне шақырады. 1994 жылы Нельсон Мандела елдегі демократиялық сайлауда жеңіске жетіп, салтанатты түрде Оңтүстік Африка рес­публикасының президенті болып сайланады. Жалпылай айтқанда, Кейптаунның қысқаша тарихы осыған саяды. Қалай десек те, ерте замандардан бері еуропалықтардың Африка құрлығына қоныс аударуының кіндігі болған, кәрі құрлық үшін жаңа дәуірдің жарқын бетін ашқан оңтүстік қиыр шеттегі осы Кейптаун қаласы екен. Біз қанға сіңген әдетпен бұл қала­­ның да әлемге аты шыққан қалам­герлерін сұрастырғанбыз. Тізе берсе, халықаралық бедел алған атақты адамдар мұнда жетерлік тәрізді... Елдің екі жазушысы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленіпті. Оның алғашқысы – Надин Гордимер 1991 жылы, екіншісі – Джон Кутзее 2003 жылы алыпты. Гордимерді оқымаған екенбіз, ал, Кутзее менің сүйіп оқитын жазушымның бірі-тін. Әсіресе, «В ожи­даний варваров» атты мықты романын қатты бағалаймын. Бірақ оның Кейптауннан екенін білмеппін, ұятты болдық. Бұлардан басқа Алан Пейтон, Эскиа Мфаделе, Антджи Крог деген де жазушылардың шығармаларымен таныстық. Кейптаундық әріптестеріміз кезінде апартеидпен күресіп, талай жыл түрмеде отырған, бүгінде көзі тірі Брейтен Брейтенбах атты адуын ақынды ауыздарын толтырып мақтап отырды. Сондай-ақ, жергілікті жастар халық­аралық турнирлерде 29 доп соққан Бени Маккарти деген футболшыны пір тұтатынын көрдік. Мұхиттар түйіскен тұс Алыс-жақыннан келген қонақтарды Қайырымды Үміт мүйісіне апарып қайту конференция бағдарламасында бар екен. Кейптаунға келген бесінші күні Филипп атты жарқылдаған орыс азаматын біздің топқа қосып берген. «Бұл жақта қаңғып жүрген қандай орыс» десек, КСРО құлап, дүние астаң-кестеңі шығып жатқан тоқсаныншы жылдардың басында Украинаның Донецк қаласынан жайлы жер, жарқын тұрмыс іздеп жетіпті. Содан, орыстілді маманға зәру боп отырған туристік фирмаға орналасып, абыроймен жұмыс жасап жүрген көрінеді. Бұл өңір жердің көркі екеніне көз жеткізген соң жергілікті бір қоңыр қызбен бас құрап, бала-шаға өсіріп, мықтап орнығып қалыпты. – Уверяю вас, это вечная идеальная земля! – деп, Филипп мақтанып қойды. Қыртыстанған шоқатты, ойқы-шойқы қалың адырмен келе жатырмыз. Түстік көкжиекте бір-біріне иек арта жағаласқан таулар тізбегі Үміт мүйісіне дейін бізбен жарысты. Жолай «Қайырымды Үміт мүйісі» атты мемлекеттік қорықтың жерін жағалап өттік. «Саванна дегеніміз осы» дейді Филипп. Оның айтуынша, жолдан сәл шықсаң болды, мына ұйысқан кедір-бұдыр бұтаның іші толы жануарлар мен жәндіктер екен. Олардың көбісі адам үшін қауіпті. Әсіресе, әлемдегі ең улы жыланның бірі – «кап кобрасы» дәл осы қорықты мекендейді. Ол ештеңеден қорықпайды, жатқан жерін, территориясын қорғай біледі. Адам түгілі, арыстанды шағып сеспей қатырады. Сондықтан, көліктен шығып шошаңдап, бұта ішін аралап кетуге тыйым салынған. Ең қызығы, бұл түбектегі жаңағы кобра да, бұта мен шөптер де, басқадай да өсім­діктер Жер шарының өзге ешбір жерінде кездеспейтін эндемиктер дейді. Қорықта «бабуин» дейтін мінезі шатақ, еркінсіп елді әбден басынған, мен үшін сүйкімсіздеу көрінген маймыл көп кездесті. Бәтшағарлар, жол шетінде шоқиып басын қасып, битін сығып, ештеңеден қорқар емес. Автоинспектор секілді әрі-бері өткен көліктерді санап отырғандай. Маймылдың бүйтіп еркінситіні – олар иесіз далада емес, та­биғат қорығының ішінде жүр, яғни мемлекет қамқорлығында. Сүйкімсіздеу дегенім – қолыңнан жеміс-жидек көріп, тамақ иісін сезер болса, әй-шәй жоқ, жармасып тартып алады екен. Өзі екі иығына екі кісі мінгендей қарулы, ақсиған азу тісі пышақтай өткір бұл маймылдан аулақ жүрген жөн деседі. Оған әйел түгілі, мынау деген еркектің шамасы жетпейтін сияқты. Маймылдан өзге, саваннаның әр тұсында жайбарақат жайылып жүрген антилопа-киіктердің бірер түрін, зебра мен түйеқұсты тамашаладық. Жағалаудың әр тұсында біз «итбалық» деп атайтын тюленьдер, теңіз мысықтары (морской котик) күн көзінде шуақтап, жұртпен шатағы жоқ, маужырап ұйықтап жатты. Әсіресе, бізді қызықтырған қанаттарын қомдап балпаңдаған пингвиндер болды. Өздері жағалауда тым көп екен. Анау аязы ақырған Антарктида­дан пингвиндердің мынау жерге қалай келгені әлі күнге жұмбақ. Біреулер арадағы үш мың шақырымды жүзіп өткен десе, келесі топ «ол мүмкін емес» деп бастарын шайқасады. Екінші топтың тұжырымынша, пингвиндер мұнда «Королева Мод» жағалауындағы мұздықтардан құлаған алып айсбергтермен ілесіп келіп қалған. Содан осы араның жаймашуақ ауа райына ғасырлар бойы бейімделіп кеткен. Дәл қазір қорықтың алыс төрін­де пілдер де, қабыландар мен мүйіз­тұмсықтар да жүргенін естідік. «Арыс­тан мен буйвол қайда?» деп едік, Филипп «Өле алмай жүрсіңдер ме» дегендей мысқылдай қарап, мұрын астынан мырс етті. Оларды көру үшін арнайы қауіпсіз-қамсаулы көлікпен, қарулы гидпен шығып, мынау жықпыл-жыралы саваннаның тереңіне бойлап кету керектігін айтты. Обалы не керек, Филипп танысымыз мүйіске жеткенше жағы тынбай сайраған. «Кәсіби гид» дәрежесіне көтерілгені байқалады. Білмейтіні жоқ, ел мен жердің тарихынан бастап, жан-жануар, өсімдіктер дүниесін тәптіштеп таныстырумен болды. – Мен көбінесе мүйісте орыстілділерді аралатумен айналысам. Ресейден де, Украина мен Болгариядан да біраз турис­терді апардым. Қазақтармен мынау Жер шетінде алғаш кездесуім, – деді Филипп. – Елге қайтпайсыз ба? – дедік біз қа­зақы әуенге салып. Филипп ойланып қалды, сосын: – Біздің елде соғыс. Мынадай жән­нат­тай жерді тастап, еңкейген ендігі ша­ғымда мен ешқайда да бармаймын! – деп, қолын бір-ақ сілтеді. * * * Негізінде Қайырымды Үміт мүйісі (Мыс Доброй Надежды) Африканың оңтүстігіндегі ең шеткі нүкте саналмайды екен. Ең оңтүстік нүкте – Ине мүйісі (мыс Игольный) деседі. Картадан Ине мүйісінің осы Үміт мүйісінен ондаған шақырым шығыс жақта жатқанын көрдік. Алайда, алып Африка құрлығының таусылып бермес жағалауы дәл осы Үміт мүйісінде алғаш рет шығысқа қарай күрт бұрылып, Атлант мұхитынан Үнді мұхитына өтер жолды айқара ашып береді. Сол себепті де, Үміт мүйісі Африканың оң­түстік-батысындағы шеткі нүкте есебінде. Кап түбегі дәл осы арада мұ­хитқа найзаның ұшындай сұғына еніп, адамның үрейін алғандай түксиген тік жарқабақтар жасап жатыр. Тым төменде мұхиттың бүктетілген асау толқын­дары жартас­тарды гүрс-гүрс ұрғылайды. Оған еңкейіп қараудың өзі төбе шашыңды тік тұрғызғандай. Мүйістің қатпарлы қырының ұшарында сәнді мүсіндей асқақтаған алып маяк. Маяктың биігінен қарасаңыз – оң жағыңызда Атлант мұ­хиты, ал шығыс көкжиекте созылып Үнді мұхиты шалқиды. Екі мұхиттың түсі екі түрлі. Антарктидадан ескен ыз­ғарлы жел, Бенгель деп аталатын суық ағыс Атлант мұхитын қыста да, жазда да салқындатып тұрады. Оның суы жаздың өзінде 12 градустан жоғары көтерілмейді екен. Ал Үнді жағы бұйығы, жаз айларында 24 градусқа дейін жылиды. Әсіресе, ұшақ биігінен түсірілген суреттерде екі мұхиттың екі түске боялған айырмашылығы көзге бадырайып-ақ тұр. Онысын мамандар температураның айырмашылығы ғана емес, екі мұхит суларының құрамының да әртүрлі болуымен түсіндіреді... Атлантика қаракөк түспен салқын сазарса, Үнді көкжасыл түспен көзге жылы ұшырайды. Атлантикаға қарағанда Үнді таяздау келетіндіктен, бұл мұхитта тропикалық рифтер көбірек кездесетін сияқты. Тарихи деректер Африка құрлығының оңтүстік-батыс қиырындағы теңіз сая­хаты әрдайым күрделі әрі аса қауіпті болғанын айтады. Есте жоқ ерте замандарда ауыздықсыз асау толқындармен алысып жүректері шайлыққан португал, ағылшын, голланд саяхатшылары «Үндістанға бару мүмкін емес» деп әбден торыққан, үміт үзген тұжырымдар жасапты. Мұндай тұжырымның тамырына балта шапқан оқиға – осы Қайырымды Үміт мүйісінің ашылуы болса керек. Оны ашқан португалдық Бартоломео Диас деген арманы асау, көпті көрген тәжірибелі теңізші екен. Тарихи құжаттар мынаны баян етеді... XV ғасырдың соңына қарай Порту­галия корольдігі Африканы айналып, Үндістанға теңіз жолын ашу әрекетімен жанталасады. Сол үшін мықты кемелерін жарақтап, білікті экспедициялар жасақ­тап, оларды бірінен соң бірін алыс сапарға аттандырумен болады. Амал нешік, үмітін желкен, жігерін қайық еткен небір аймүйіз теңізшілер еліне қайтып оралмай, адам естімеген алыс жақтарда опат болып жатады. 1487 жылы мұндай алмағайып тапсырма капитан Диасқа да жүктеледі. Өкінішке қарай, Диас та есек дәмелі өзге саяхатшылардың жолын құшып, кебін киеді. Африканы жағалай жылжып, жергілікті халықпен шайқаса жүріп, әбден қалжырайды. 1488 жылдың мамыр айында ол Африканың ең оңтүстік нүктесіне жақындайды. Дәл осы мүйіске жеткенде сұрапыл дауыл басталып, шелектеп нөсер құйып береді. Күндіз-түні екілене соққан дауыл кесірінен Диастың кемесі мүйістегі түнерген жартастарға соғыла жаздап, әйтеуір құдай сақтап аман қалады. Азық-түліктің тапшылығынан аштық жайлаған, бой жаздырмай нөсерлеткен жаңбырдан мезі болып, дамылсыз соққан дауылымен арпалысқа шыдамаған кеме экипажы бүлік шығарады. Диас бүлікші теңізшілердің талабын орындап, елге қайтуға мәжбүр болады. Қайтарында осы бір құз-тастары адамды жұтып қоярдай үңірейген үрейлі жерге «Дауыл мүйісі» деп ат қойып кетеді. Өзі айлар бойы жүзіп, Португалияға аман-есен оралады. Келген бойда «егер Африканы Дауыл мүйісі арқылы айналып өтіп, әрі қарай туралап тарта берсе, ерте ме, кеш пе саяхатшылар міндетті түрде Үндістанға барып тұмсық тіреуі мүмкін» деп, II Хуан корольді иландырады. Үндістанға теңіз жолының ашылуынан дәмелі әрі жалғанды жалпағынан басуды аңсаған корольге Диас қойған мүйіс атауы ұнамайды. Ол «Дауыл мүйісі» ата­уын «Қайырымды Үміт мүйісі» деген атауға ауыстырады. Диас өзінің томырық өжеттігінің ар­қасында 1497 жылы 8 шілдеде әйгілі Васко да Гаманың экспедициясына жол көрсетуші ретінде салтанатпен Лис­сабоннан бірге ере шығады. Содан ол өзі салған маршрутпен қараша айында Қайырымды Үміт мүйісін айналып өтеді де, кемелерді туралап Үндістанға бет бұрғызады. Осылайша Васко да Гама тарихта Индияны ашушы тұңғыш еуропалық болып қалады. Жол көрсеткен Диастың есімі тарих тұңғиығында атау­сыз жоға­лады. Ал шындығында қабынған қабан көңілі маза бермей, корольді бұл сапарға үгіттеген, тағы да экспедиция жасақтап, оған басшы етіп Васко да Гаманы тағайындауға көндірген Диас деседі. Ержүрек капитан жол көрсетуші ретінде қанағатсыз құмарлықпен Үнді еліне екінші рет тағы барады. Үшінші жолы дәл осы мүйістің төңірегінде дүлей дауылға тап болып, кемесі жағалаудағы тасқа соғылып, сапарлас серіктерімен бірге қаза табады. Осындай қауіп-қатер, адам төзбес қиыншылықтарға қарамастан, теңіз саяхатшыларының ерлігі бекер бол­мағаны бүгінде баршаға аян. Қазір адам­зат баласы Еуропадан да, Америка құрлығынан да Азия елдеріне су жолдарымен сауда-саттық мақсатында ғана қатынап қоймайды, тура осы жолмен әсерге толы керемет туристік сапарлармен де барып жатады. Кімнің де болса Африка құрлығының ең оңтүстік нүктесінде тұрып, қара жердің шеті осы екенін сезінгісі келмейді дейсіз. Ақ континент жақтан соққан суық жел­ге кеуде тосып, анау сағымданған көкжиекте жүзген шағаладай алып айс­бергті тамашалағысы келмейді дейсіз. Ең бастысы – Қайырымды Үміт мүйісінде екі ұлы мұхиттың тоғысқанын қызықтап, сол сулардың екі түстілігін өз көзімен көру де бір ғанибет емес пе! Тәубе дейік, мына біз дәл осындай кереметті өз көзімізбен көру бақытына ие болдық. * * * Мұхиттың қатты ағысы мен үздіксіз соққан дауыл бүгінгі қуатты техникамен жарақтанған теңізшілердің де үрейін ұшырады. Әсіресе, Үнді мұхитының жылы ағысы, Тынық мұхиттың суық ағысының түйісуінен дүлей толқындар желкені желпілдеген ежелгі ағаш кеме­лерді былай қойғанда, қазіргі темір құрсаулы танкерлер мен лайнерлерді де қақ бөліп тастаған оқиғалар болған. Оның үстіне, суық ағыстың әсерінен мұхит үстін жиі-жиі тұман басып қала­ды да, кемелер мұхитта жүзген әйдік мұзтауларға (айсберг) жиі кезігетін сияқты. Бұлаңытқан әлгіндей мұзтаулар бозала бұлттармен астасқан кезде – қайсысы бұлт, қай тұста айсберг барын теңізшілер айыра алмай сандалады екен. Мұндай көрініс теңізшілер үшін аса қауіпті деседі. Әсіресе, ескі замандарда кемелердің көбісі әлгіндей жағдайда жолынан жаңылып, жартасқа соғылып жаңқаша шашылып жатады екен. Нақты дерек жоқ, бірақ осы маңайда суға батқан кемелер төрт жүзден асатынын кітаптан оқып білдік. Бұл аты-жөні белгілі, есепке алынған, тарихта дерегі қалған кемелер ғана. Ал байланыс нашар ескі замандарда хабар-ошарсыз жоғалған, есепке кірмеген кемелер қаншама? – «Штиль» деп аталатын бейқам тыныш күндері қайықпен жүргенде – теңіз тұңғиығында өн бойын түк басып, айқыш-ұйқыш жатқан баяғының ағаш кемелерінің қаңқаларын, балығы жыбырлаған бертінгінің темір кемелерін мен де талай көргем! – дейді Филипп. Осылайша, мынау мазасыз аймақта кемелерге жарқырап жол көрсетер, кемелерді тасты жағалауға соғылудан сақтандыратын зәулім маяк орнату қажеттігі туады. Әсіресе, 1853 жылы жергілікті билік өкілдері мұхит жағалауын кезекті тексерісі кезінде кездейсоқ Мүйіске сырғи жылжып келе жатқан таудай айсбергті көреді. Бұл көрініс билік өкілдерін көздерін шарасынан шығара қорқытса керек. Көп ұзамай мүйіс биігін­де бақылау бекеті мен маяктың құрылысы басталып та кетеді. Маяк 1860 жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Ол Мүйістің ең жоғары нүктесінде, мұхит деңгейінен 271 метр биіктіктен орын тебеді. Маяк сол кездегі дүниежүзі бойынша мықты құрылыстың бірі ретінде тіркеледі. Ол 80 мың шырақтан тұрған, 80 шақырым қашықтықтан жарқырап көрінетін болған, сөйтіп, Оңтүстік Африкадағы ең жарық шамшырақ саналған. Бүгінгі күні осы мүйіске ағылған сансыз туристер әлемдегі екі алып мұ­хит суларының түйісуін көріп қана қоймай, шілденің шіліңгірінен бастап, қарашаның қара өзегіне дейін осы маңайда жүзіп жүретін киттерді де қызықтайды. Бұл арада ұзындығы 15 метрге дейін жететін киттер жыл сайын махаббат мейрамын жасайды екен. Кейде топ-тобымен аппақ бауырларын жарқыратып, төбесінен субұрқақты атқылап қараала касаткалар да ойнап өтеді. Мүйістегі шәниген шыңның алқы­мына дейін темір арқанмен өрмелеген трамвайға ұқсас вагонеткаға отырып жеттік. Одан әрі шың басына бұра­лаңы көп тарам-тарам тас соқпақпен көтерілгенбіз. Соның өзіне сағаттан астам уақыт кетті. Соқпақ бойына төселген малта тастарды кезінде сонау етектегі мұхит жағалауынан теріп әкелген деседі. Маяк тұрған биіктен міндетті түрде жаяу қайту ұсынылады. Өйткені, төменге түсер бірнеше соқпақ бар. Олардың мұхит жақ қабырғасы тас қамал. Сол қабырғаларға сүйеніп тұрып, жел мен судан мүжілген мүйістің құлама жарын, қож-қожқына басқан бұйра тас­тарды, сонау төменде тар қолтықты арсы-гүрсі қауып жатқан мұхиттың ақжал толқындарын қызықтауға болады. Теңізшілер арасында «ревущие сороковые» деген термин бар. Бұл термин де осы маңайда, Үміт мүйісінен оңтүстікке қарай 40-шы ендікке байланысты пайда болған. Оның астарынан қорқыныш та, қауіп-қатер де аңғарылғандай... Жер шарының оңтүстік жартышарындағы батыстан соққан жын ұрғандай сойқан жел жиі-жиі дауыл тұрғызып, талай кемені жаңқаша шаққан, талай боздақ су түбіне кетіп шейіт болған. Біз барған кезде күн ашық болғаны­мен, көкжиек қалың мұнарға бөгіп жатты. Алыстағы мұнар астарында бұл­дырап, оқта-текте атқылаған болымсыз субұрқақты көзіміз шалған. Дүрбі ала шықпағанымызға өкіндік, киттер тобы сол маңайда, тым алыста жүрді. Су бетінде сыңсыған айсбергтерді кө­ре алмадық, бірақ өңменіңнен өтіп, азы­наған суық жел Мұзды континенттің ызғарын мықтап сездіргендей болған. – Үміт мүйісі қасиетті орын саналады, – деді Филипп. – Оның шырқау биігінде тұрып, алдыңызда көсілген қос мұхитқа көз жіберіңіз де, іштей тілек тілеңіз? Шүкір, тілек деген бізде жетеді ғой. Елдің тыныштығы, дос-жарандардың амандығы, бала-шаға, немерелердің болашағы дегендей, біз де білетін бірер дұ­ға­мызды ішімізден қайырып, бет сипадық. Аруақ кеме Мінеки, арада төрт ғасырдан астам уақыт өтті, күні бүгінге дейін дүниежүзі теңізшілерінің құтын қашырып, зәресін алған бір тылсым аңыз бар. Әлем әде­биетінде ол «летучий голландец» деген атпен жұртқа мәлім. Мағынасына қарай   қазақшаласақ, «аруақ кеме», «елес кеме» дегенге келетіндей. Осы «аруақ кеме» жайындағы әп­сана Ұлы Географиялық Ашылымдар дәуірінде, дәл осы Қайырымды Үміт мүйі­сімен байланысты пайда болған екен. Жалпы, «аруақ кеме» туралы ақи­қат пен аңыз аралас материалдар әлемдік баспасөзде жетіп артылатынына көзіміз жетті. Біз де Кейптаунның кітап дүкеніне арнайылап атбасын бұрып, осы тақырыпқа байланыс­ты біраз кітаптар мен альбомдарды қоржындап қайтқанбыз. «Аруақ кеме» төңірегіндегі әлгі аңыз-әпсаналар мынаған саяды... 1600 жылдардың басында голлан­диялық бір кеме Амстердамнан шығып, Батавияға (бүгінгі Джакарта) сапар шегеді. Кеме капитаны голландық қайсар теңізші Ван дер Деккен екен. Кеме Африканың қиыр оңтүстігіндегі Қайырымды Үміт мүйісін айнала берген жолында аласапыран дауылға тап болады. Айнадай жарқыраған ашық күн аяқ астынан қара түнекке айналып, жасын жарқылдап, аспан мен жердің албастыдай ойран-топыры шығады. Теңізшілер жанталасып дауылға қарсы тұрып, ке­мені аман алып қалу үшін тырысып бағады. Шошыған теңізшілер «кейін қай­тайық, тыныш айлақта дауылдың басылуын күтейік» деп капитанға жалынады. Бірақ тентек капитан оларға қайту туралы ойлауға да тыйым салады. Керісінше, ол аспанға алая қарап, қос қолын ербеңдетіп лағнет айта бастайды. «Мен құдіретті теңізшімін, сондықтан сенің қарсылығыңа қарамай кемемді бұл мүйістен аман алып өтем, көр де тұр!» – деп күшейіп айбат шегеді. Кенет, кеменің үстінде бұлтпен араласқан адамның бет пішіні пайда бола кетеді. Ол өзін Жаратушының жіберген өкілі екенін, құдайдың құлы Ван дер Деккен мырза жаңағы ғайбат сөзін қайтып алуын сұрайды. Бас киімін шешіп, тізерлеп кешірім өтінуін талап етеді. Барған сайын екпіндей түскен қара дауылмен алысам деп ашуға мінген капитан оның сөзін аяғына дейін тыңдап та болмай жатып, тапаншасын суырып алады да, бұлт-елеске қарата атып жібереді. Сол-ақ екен, Құдайдың өкілінің күркіреген сұсты дау­сын бәрі естиді. Ол дәл осы сәттен бастап мына кеме де, оның капитаны да, теңізшілер де енді қайтып демалмайтынын, ешқашан жағаға шықпайтындарын айтып, қиямет күніне дейін мұхиттар мен теңіздерде қаңғып жүре беретіндерін аян етеді. Сендер өлсеңдер де қаңқаларың кемені басқарып, қарсы жолыққан өзге кемелер мен теңізшілердің зәре-құтын қашырып, мәңгілік қорқынышына айналатын боласыңдар дейді де, ғайып болады. Бұл аңыз тез-ақ ұмытылып кетер ме еді, кім білген. Алайда, содан кейінгі жылдары Кейптаун аймағынан, Үміт мүйісінің маңынан «аруақ кемені» көрген елге қадірлі, жұртқа сыйлы, сөзі орнықты адамдар да табыла бастайды...