27 Қаңтар, 2016

Әртарапты дамудың жаңа дәстүрлері

191 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
IMG_1331Тәуелсіздіктің тал бесігі болған Алматы қаласы әр­тарапты даму үрдісін үздіксіз жалғастырып келе жатыр. Оған қоса, еліміздегі әлеу­меттік-экономикалық даму­дың жаңа дәстүрлері де алдымен Алматыда қалыптасып, одан кейін ғана өңірлерге өріс жаяды. Кешегі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімі Бауыржан Байбек осы мәселелер жөнінде әңгі­меледі. Бұл жолғы әкім өткізген баспасөз мәслихаты бұрынғылардан өзгерек болды. Себебі, Б.Байбек әуелі қала халқының әлеуметтік жағдайын назарға алып, саланы дамыту жолдары туралы әңгімеледі. Содан кейін ғана басқа салаларға жол берді. Қазіргі экономикалық қиын кезеңде қала басшысының бірінші кезекте әлеуметтік салаға көңіл бөлгені де дұрыс шығар. «Біз әлеуметтік желілерде жазылған мәселелерді үнемі назарда ұстап отырамыз. Негізінен әлеуметтік желіні толық пайдаланушылардың 80 пайызы алматылықтар. Сон­дықтан, Алматыда болатын жаңа­лықтар, түрлі іс-шаралар кеңінен талқыланып тұрады. Күнделікті көріп отырған соң олардың бәрімен дерлік біз де хабардармыз», деді ол. Әкім 2015 жылы атқарылған жұмыстар туралы әңгімелеп, қаладағы негізгі мәселелерге тоқ­талды. «Алматы қаласы негі­зі­нен шағын және орта бизнестің, сон­дай-ақ, жеке капиталдың қаласы. Сондықтан, біз Мемлекет басшы­сының тапсырмаларын орындау мақсатында шағын және орта бизнестің еркін дамуына қолдау көрсете жүріп, әлемді жайлаған экономикалық дағдарысқа төтеп беру жолдарын іздестірудеміз. Нақты айтар болсам, Елбасы жариялаған 5 институттық реформа Алматы қаласында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса, Дүниежүзілік даму банкінің бағалауы бойынша шағын және орта бизнеске қолдау көрсету тұрғысында біз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз», деді қала басшысы. Өзге де жетістіктер жөнінде баян­даған әкім, әлеуметтік мәсе­лелерге мойын бұрды. Мәселен, биылғы жылы Алматыда әлеу­меттік әлсіз топтар үшін 2,9 мың пәтер тапсырылады екен. Был­тыр осы санаттағы азаматтар үшін 2,8 мың пәтер берілген көрі­неді. Жалпы, кезекте 25 мың адам тұрғанын да жасырмады. Бұ­лармен бірге, ескі және апатты үйлердің орнына жаңа баспана салу бағдарламасы аясында ескі төрт тұрғын үй бұзылып, 36 отбасы жаңа пәтерге қоныстаныпты. Шара барысында әкім көптің аузында сөз болып жүрген «Оңай» жүйесіне қатысты да түсінік беріп өтті. «Ең маңызды мәселелердің бірі, «Оңай» жүйесіне байланысты. Бұл өте маңызды бағыт деп есептейміз. Осы тұрғыда күнделікті мониторинг жүргізіп келеміз. Атап айтқанда, еліміз бойынша біз осы жүйеге қосылған бірінші қала болып табыламыз. Өздеріңіз білесіздер, Сингапур, Гонконг және алдыңғы қатарлы өзге де елдердегі шаһарлар карталармен (қоғамдық көліктерде жүруге арналған) жұмыс істейді. Бүгінде көбісі қойып жүрген негізгі сауал жол жүру билеттерінің қысқаруына байланысты болып отыр. Жалпы, біз осы нарықтың ауқымын ай­қындау үшін біршама уақыт сұрадық. Бұған дейін бұл нарық толықтай ашық емес, түсініксіз болған еді. Нақты айтқанда, шы­ғыстар мен кірістер қанша екенін айқындай алмайтынбыз. Бүгінде біз нарық көлемі 19-20 млрд. теңге екенін анықтадық. Ал шамамен 6-7 млрд. теңгені «көлеңкелі экономикадағы» табыстарды әшкерелей отырып, ел игілігіне жаратамыз деп ойлаймыз», деді әкім. Десе де, қоғамдық көлік тасымалы бойынша халықтың пікірі назарға алынып, мәслихат отыры­сында депутаттар қолдаса, онда жол жүру билеттері қайта іске қосы­латын көрінеді. «Ондай жағ­дайда жеті жасқа дейінгі бала­лар ақысыз жүреді, мектеп оқу­шы­лары үшін билет құны мың теңге, зейнеткерлерге екі мың жә­не көпбалалы аналарға екі мың, студенттер үшін үш мың теңге қарастырылуда. Бұлармен бірге, бірінші және екінші топтағы мү­гедектер, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар қала­да тегін жүреді. Бұл бағыттағы шы­ғыс­тар жергілікті бюджет үшін қомақ­ты ақша», деді Б. Байбек. Алматы әкімдігі бюджетті оңтайландырудың арқасында өткен жылы 30 млрд. теңгені үнем­депті. «Бүгінде мәслихатта басым үлеске ие «Нұр Отан» партиясы фракциясы бастамасы бойынша біз өткен жылы басымдыққа ие емес шығыстарды оңтайландырдық. Бұл бағытта 30 млрд. теңге үнемделді. Осы қаржының бір бөлігін маңызды әлеуметтік проблемаларды шешуге бағыттадық. Осы орайда, 2016 жылы әлеуметтік мәселелерді шешуге негізделген шығыстар 1,8 млрд. теңгеге артқанын айтқым келеді. Оның ішінде 145 млн. теңге жаңа мәзір бойынша аз қамтылған отбасылардың оқушылары үшін ыстық тамаққа қарастырылған, 1,4 млрд. теңге еңбекақының жаңа моделі бойынша азаматтық қызметкерлердің (медицина қызметкерлері) жалақысын өсіруге, сондай-ақ, 177 млн. теңге мүгедектерді әлеуметтік қолдау шараларына бөлінеді», деді ол. Еліміздің ең ірі қаласында әкім­дік мемлекеттік балабақ­шалар­да төлемді 15 мың теңгеге дейін төмендетуді көздеп отыр. «Алма­тыда тарихи қалыптасқан жағдай бойынша 5-6 жастағы балалар үшін мемлекет төлейді, 3-5 жастағыларға ата-аналар коммерциялық талаптармен толықтай төлейді. Бүгінде айлық есептік көрсеткіш артты. Ата-аналар 27 мың теңге төлеуде, алайда шын мәнінде балабақшада бір орын 38 мың теңге тұрады. Бүгінде ата-аналар өздерінің балаларын балабақшалардан шығарып алып жатқаны белгілі болды. Бұл мәселе әкімдікте тыңғылықты талқы­ланып, осы бағытта жергі­лікті бюджеттен 3 млрд. теңге бөлінді. Ендігі де ата-аналар орташа алғанда 15 мың теңге төлейді. Осылай шамамен 20 мың теңге көлемінде үнем болады. Бұл тұр­ғыда 17 мың бала қамтылады», деді Б.Байбек. Бүгінде Алматы қаласында азық-түлік бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу мақсатында екі бағытта жұмыстар атқарылып жатыр екен. «Оның біріншісі жедел бағыт бойынша атқарылатын шаруалар болып отыр. Мысалы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен 10 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бүгінге дейін сауда-саттық кәсіпорындарымен бағаны тұрақтандыру жөнінде 1 522 меморандумға қол қойылып, 752 азық-түлік жәрмеңкесі өтті. Бұлармен бірге, нарықтағы бағаға апта сайын мониторинг жүргізіліп келеді. Осылай бағаны негізсіз өсіруге жол бермеу мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынды. Өт­кен жылы екі жаңа «Магнум» көтерме маркет желісін іске қос­тық. Себебі, бөлшек саудадағы қол­жетімді тауарлардың 30 па­йызы осы сауда желісіне тиесілі», деді ол. Былтырғы жылы Алматы бюд­жеті алғаш рет триллион теңгеден асыпты. «Өткен жылы мемлекеттік бюджетке салық пен төлем түрінде 1,363 трлн. теңге түсті. Оның ішінде бюджеттік түсімдердің 1 036,0 теңгесі республикалық бюд­жетті құраса, 326,7 млн. теңгесі жергілікті бюджетке ауда­рылған. Осылай Алматы қаласы тү­сімдерінің үлес салмағы 26,3 па­йызды құрап, мемлекет бюджетінің негізгі донорына айналып отыр», деп жауап берген әкім келесі сұраққа кеңінен тоқталып өтті. Бұл сұрақтар Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматының мың жыл­дық мерейтойын атап өтуге қа­тысты еді. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласында ең маңызды шешімдер қабылданды. Сондықтан Тәуелсіздіктің 25 жылдығын біз өте жоғары деңгейде атап өтеміз. Елбасы айтқандай, тоймен емес, оймен көбірек жұмыс істеледі. Себебі, халық осы 25 жылдың ішінде елімізде, әсіресе, Алматыда қандай жетістіктер болғанын көруі керек. Арнайы қабылдаған жоспар бойынша Алматыда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 250-ден астам іс-шара өтеді. Ал қаланың мыңжылдығына арналатын шаралар басталып та кетті. Еліміздегі әрбір үшінші студент Алматы қаласында оқиды. G-38 деген жас­тар ұйымы бар, оның құрамына 38 жоғары оқу орнының өкілдері кіреді. Олар Алматының мың жылдығына арнап «1000 жақсы іс» деген жобаны бастады. ЮНЕСКО Қазақстанның ұсынысын қолдап, Алматы көне тарихы бар қала ретінде халықаралық күнтізбеге енді. Біз мерейтойға байланыс­ты жоспар жасаймыз. Дегенмен, қаражатты тиімді пайдаланамыз. Қаланың мерейтойын 22 нау­рызда тойлауды бастаймыз. Түркі елдерінің өкілдерін шақы­рып, Наурыз мейрамын түркі ха­лықтарының мұрасы ретінде тойлаймыз. Ал қыркүйек айының үшінші аптасында қаланың мерейтойы күні болады. Сол кезде үлкен шоу-көрсетілім жоспарланған. Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасымен Универсиадаға дайындық барысында үлкен мұз айдындарын, атлетикалық қалашық салып жатырмыз. Осының бәрі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Алматының мың жылдығына арналып күзде пайдалануға тапсырылады», деді қала басшысы. Келесі жылы Алматы қала­сында «Универсиада-2017» спорт­тық шарасы өткізілетіні мәлім. Осыған орай үш бірдей нысан­ның құрылыс жұмыстары жүргі­зілген. «Өткен жылы қалада Универсиаданың 3 нысанында құрылыс жұмыстары жүзеге асырылды. Атап өтер болсам, 5000 орынға арналған Атлетикалық ауыл мен 3000 орындық Мұз аренасы және 12000 адам сиятын Мұз аренасы бар. Онда үш мың орынға арналған Мұз аренасы газбен қамтамасыз етіліп, ұзындығы 2,4 км. кәріз коллекторының құрылысы аяқталды. Оған қоса, 1,4 шақырымдық су құбыры жүргізілген. Мұнымен қатар, 12000 орынға арналған Мұз аренасының мұз айдынында сырғанау мұзы және жаттығу бассейні іске қосылды», деді Б.Байбек. Теңге бағамының өзгеруі Алматыда туризмнің дамуына оңтайлы ықпал етіпті. «Өздеріңіз білесіздер, бүгінде еліміздің әрбір екінші турисі Алматыға келеді. Сондықтан, республика бойынша туризм саласындағы барша кірістің 25 пайызы Алматыға тиесілі. Осы орайда теңге бағамының өзгеруі шын мәнінде туризмге жақсы әсер етті. Кеңестік кезде Шым­бұлаққа 10 мың адам барып жүрді, ал соңғы демалыс­тарда 15 мыңға жетті. Десе де, шетел туристері мейрамханалар мен қонақүйлердің, туристік пакет­тердің қымбатшылығына шағым­данып келгенін айтып өткенім жөн. Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінде ол айтарлықтай арзандады. Алайда, туристерге тартымды болуы үшін қала әсем әрі сәулетті болуы керек, яғни халықаралық стандарттарға сай дамуы тиіс», деді әкім. Баспасөз мәслихатында үлес­керлер мәселесі де назардан тыс қалмады. «Бұл мәселе 2007 жылдан бері қиындады. Дағдарыс кезінде 16 мың үлескер болды. Бүгінде ол 97 пайызға шешімін тапты. Қазір бақылауымызда үш нысан қалды», деді Б.Байбек. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».