20 Қаңтар, 2016

Бағыты айқын бағдарлама

332 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
palnkrst1-2Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жос­пары – қазақстандық арман­ға бас­тайтын жол» бағдар­ла­малық мақаласын талқылау бойынша «Жаңғыртудан – болашақтың біртұтас ұлтына дейін» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Мәскеудегі «Болашақ» халық­аралық бағдарламалар орта­лы­ғының өкілдігі дөңгелек үс­тел­ді Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің жәрдемімен ұйым­дас­тырды. Ал іс-шара­ға мәскеулік жоғары оқу орын­дары­ның профессорлары мен оқыту­шылары, ресейлік ғалымдар мен сарапшылар, қазақстандық студенттер, аспиранттар, докторанттар және «Болашақ» бағдарламасының стипендия иегерлері қатысты. Дөңгелек үстелді ашқан Қа­зақ­станның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Виктор Темірбаев Мемлекет басшысының аталған бағдарламалық мақаласын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының негізгі ережелерін одан әрі дамыту бо­йынша ел жаңғыртуының және Бес институттық реформасының «жол картасы», тіпті, оларды іске асырудың нұсқаулығы ретінде алып пайдалануға болады деді. «Президент Болашақтың біртұтас ұлты – елдің бас­ты мақ­саты, Бес институттық реформаның мәні дегенді жет­кізіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы Болашақтың біртұтас ұлтының екі іргелі не­гіз­дері ретінде белгіленді», – деді В.Темірбаев. «Бағдарламада, әдістемелік тұр­ғыдан келгенде, қазақстандық ар­манның басым бағыттары айқын­далып қана қоймай, сондай-ақ, ел халқының сол реформалардың нәти­желерінен нақты не күтетініне дейін белгіленген. Мемлекет басшысы Ұлт Жоспарын жүзеге асы­руға байланысты үлкен дайын­дық жұмыстары жасалғаны туралы егжей-тегжейлі айтып отыр», – деп атап көрсетті дипломат. Ол 2016 жыл­дың 1 қаңтарынан 59 жаңа заң күшіне еніп, Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша Ұлт Жоспарын орындау басталып кеткенін қаперге салды. Пәнаралық зерттеулер орта­лығының директоры, Эко­­­но­мика жоғары мектебінің Ұлттық зерттеулер университеті мемлекеттік және муниципалдық басқару институты директорының орынбасары Владимир Королев Қазақстан өте маңызды бастамаларды ілгерілетіп отырғанына назар аудара келіп, оларды кейін пост­кеңестік кеңістіктегі өзге елдер жиі өз кәделеріне жарата­ты­­­нына тоқталды. Оның сөзіне қа­рағанда, бағдарламада қазіргі заманауи көптеген сындар мен қатерлердің алдын алу үшін тұтас­тай шаралар кешені бар және оларда мемлекеттік органдардың бизнеспен және азаматтық қоғаммен үйлесе жұмыс істеуінің тетіктері ай­қын­далған. Заң ғылымдарының докторы, О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң академиясының бірінші проректоры Елена Грачева Президент бағдарламасының үл­кен бөлігі тәуелсіз құқық төрелігі мен заң үстемдігін жүзеге асыру мә­селелеріне арналғанын атап өтті. «Құқықты дамыту мәселелері негіз қалаушы үдерістердің бірі бо­лып табылады, – деді ол. – Егер бар­лық мәселе құқықтық реттеу­дің жо­ғары деңгейімен қамтамасыз етілмесе, онда экономикалық және саяси табыстарға қол жеткізу мүм­кін емес». Оның үстіне, Е.Грачеваның пікірінше, жай ғана заңдар қабыл­дап қою жеткіліксіз, олардың қа­таң жүзеге асырылуы қажет. Бағдарламада бұл мәселе жан-жақты ашып көрсетілген. Қазақ­станның тәуелсіз құқық төрелігі мен бүкіл құқық қорғау жүйесі тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, заңдардың қалтқысыз орындалуы мен құқық тәртібін нығайтуға бағыт­талатын болуы тиіс. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Ресей пре­­зи­денті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының «Халық­аралық ынтымақтастық» кафе­драсының меңгерушісі Семед Се­медов әр мемлекеттің өзін өзі біртектілендіру үдерісінен өтетінін атап көрсетті. Осы орайда, ғалым Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған реформалар жоспары Қазақстан мемлекетін дамытудың үрдістерін белгілеуде алға қарай бір қадам болып табылады деп есептейтінін көлденең тартты. «Мемлекетті дамытудың стратегиясын нақты белгілеу қажет, – деді осы орайда ғалым. – Және біз Қазақстанның әрі қарай қалай даму керек екенін түсінетінін көріп отырмыз». С.Семедов бағдарламада жа­рияланған әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу ту­ралы міндет Қазақстан үшін әбден қол жеткізуге болатын мін­­дет екеніне өзінің сенімді еке­нін білдірді. «Назарбаев страте­гия­сының негізі – адам капиталы. Және бұл міндетті аса дұрыс қоя білудің көрінісі», – деп қорытты сөзін сарапшы. Кең көлемде жүрген талқы­лау­лар барысында дөңгелек үстел­ге қатысушылар Мемлекет бас­шысы бағдарламасының негізгі ережелерін әр қырынан тал­­қылап, Бес институттық ре­форманың мазмұны туралы өз ойларымен бөлісті және оларды жүзеге асырудың жолдарын қалай көретіндері туралы ұсыныстарын ортаға салды. Соңында елді қазіргі жағдайларда жаңғырту үдерістеріне Қазақстан жастарының қаншалықты үлес қоса алатындары туралы салиқалы әңгіме қозғалды.  Сәулебек БІРЖАН.