19 Қаңтар, 2016

Юлия Галышева фристайлдан өтетін Әлем кубогына дайындалуда

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
19.01.2016 AST-13 АСТАНА. 19 қаңтар. Қазақстандық фристайлшы Юлия Галышева Әлем кубогына дайындалып жатыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабаралды. Юлия Галышева 5 қаңтардан бері АҚШ-тың Вермонт штаты Киллингтон қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына қатысуда.    Осы жерден ол Канаданың Валь Сент-Ком қаласында фристайлдан өтетін Әлем кубогының кезекті кезеңіне барады. Жарыс 23 қаңтарда өтеді. Оқу-жаттығу жиынына Қазақстан спортшыларынан басқа Жапония, Ресей, Германияның фристайлшылары да қатысуда. Киллингтон қаласында тау шаңғысы курорты орналасқан. Ол дүниежүзіндегі тау шаңғы спортына қолайлы жақсы жерлердің бірі болып саналады. Бұл жерде әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар жыл он екі ай дайындалып, Killington Mountain School спорт мектебінде сноуборд, фристайл, тау шаңғысы мен телемарк спорт түрлерінен оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Осыған дейін фристайлдан Әлем кубогының алғашқы кезеңі ғана өтті. Ол былтыр 13 желтоқсанда Финляндияның Рука қаласында болды. Ал екінші кезең 14-16 қаңтар аралығында АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтуі тиіс болатын. Алайда, қардың болмауынан жарыс кейінге шегерілді. Енді Юлия Галышева Канадада өтетін жарысқа қатысып, одан кейін осы елдің Калгари қаласында жалауы желбірейтін тағы бір бәсекеде бақ сынасады. Калгаридегі жарыс 30 қаңтарда өтеді. Содан кейін 4-6 ақпан аралығында АҚШ-тың Дир Валлей қаласында өтетін кезеңге қатысады. Галышева ақпан-наурыз айларында Жапония мен Ресейде болатын жарыстарға да қатысамын деп отыр. Дастан Кенжалин. Дерек, сурет: egemen.kz