14 Қаңтар, 2016

Қазақстан халқы Ассамблеясының ҮНДЕУІ

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

100-824Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсынысын қолдау туралы

ҮНДЕУІ

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізу туралы Үндеуін толығымен қолдайды. Бұл қадам Бес институттық реформаны, Елбасы­ның «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын тиімді іске асыру үшін аса қажет. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаттарының құрамы өзінің тарихи рөлін атқарды. Ұлттық заңнамаға ел тарихында бұрын-соңды болмаған кең көлемді өзгерістер енгізуді жүзеге асырды. Президенттік реформалар аясында қабылданған заңдар мемлекеттің, экономиканың, қоғамның дамуында түбегейлі жаңа құқықтық негіз қалыптастырды. Бұл – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАН – әлем­дегі 30 озық елдің қатарына енуге жол ашып отыр. Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын бекіту, азаматтық қағидаты негізінде жаңа қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту үшін елдің жоғары заң шығару органының жұмысына жаңа сапа қажет. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша ел Үкіметімен синхронды жұмысты қамтамасыз ету маңызды. Күрделі жағдайда заң үстемдігін қамтамасыз ету, ашық үкіметті қалыптастыру, Қазақстан эконо­микасының әрі қарай өсуіне жағдай жасау жөніндегі терең реформалардың тиімділігі үшін Заң шығару органының мандатын жаңарту – орынды бастама. Біз Ұлт Жоспары, Парламент Мәжілісі депутат­тары­ның жаңа құрамын сайлау – барша халықтың экономикалық және азаматтық белсенділігін арттыру үшін қуатты қозғалтқыш күш болатынына сенімдіміз. Бұл президенттік реформалардың орасан зор бағдарламасын іске асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Біз барлық азаматтарды – біздің ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз үшін, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолында парламенттік сайлауды және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсынысты қолдауға шақырамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі 2016 жылғы 13 қаңтар, Астана қаласы.