14 Қаңтар, 2016

Депутаттар Үндеуін «Ауыл» партиясы да қолдады

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше «Ауыл» партиясының мүшелері Мәжілісті мерзімінен бұрын таратып, парламенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі депутаттардың Үндеуін бірауыздан қолдайтындығын білдіріп ресми түрде мәлімдеме жасады. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг барысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының жетекшісі Әли Бектаев Парламент Мәжілісі депутаттарының аталған Үндеуін партияластары толық қолдайтынын жеткізді. – «Біз, «Ауыл» партиясының мүшелері, депутаттардың Пар­ламент Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депу­таттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасына қолдау білдіреміз, – деді партия төрағасы. Сондай-ақ, ол бүгінде барша қазақстандықтардың алдында бес институттық реформа мен еліміздің дағдарысқа қарсы стратегиясын жүзеге асырудың маңызды міндеттері тұрғанын айта келіп, «Көздеген мақсаттарға табысты жету жолында мақсатты түрде, алаңсыз жұмыс істеу үшін біз ертеңімізге және жүргізілетін саясаттың болжамдылығына сенімді болуымыз керек. Біз – шаруалардың, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілердің партиясы ретінде мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, жаңа Парламент жасақтау жаһандық дағдарыстан абыроймен шығу үшін және Қазақстанның әрі қарай табысты дамуы үшін жүктелген міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға қажетті халық сенімінің мандатын алуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Біз бүгін барша саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз. Біз мерзімінен бұрын сайлау өткізу қазіргі аса күрделі кезеңде еліміздің ұйыса түсуіне және Қазақстанымызды дамудың жаңа белестеріне шығаратынына сенеміз», деді. Айта кетейік, «Ауыл» халық­тық-патриоттық партиясы 2015 жылдың қыркүйегінде бұрынғы Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы мен «Қазақстан Патриоттары» партиясының еліміздің және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, біртұтас ұйымға бірігу туралы шешіміне сәйкес құрылған болатын. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».