14 Қаңтар, 2016

Таңдауды қоғам жасайды

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кендюх«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясы облыстық филиалының жетекшісі Иван КЕНДЮХПЕН аз-кем әңгіме-дүкен құрып едік. – Иван Гаври­лович, Парламенттегі үш фракцияның Мә­жілісті мерзімінен бұрын тарату және мерзімінен ерте сайлау өткізу туралы бастамасын жұртшылық қалай қабылдар екен? Өйткені, Елбасының Ұлт Жоспарына байланысты реформаға орай 60-қа жуық заң актілерін қабылдауы қарқынды іс-қимылын танытпай ма? Енді жаңа Парламент қалыптастыру ұсынысы пайда болды... – Алдымен мына мәселені ескеру керек. Парламент сайлауын кезектен тыс болмаса мерзімінен бұрын өткізу тәжі­рибесі әлемнің көптеген ел­дерінде бар. Саяси жағдайларға, эко­но­микалық күрделі ахуалдарға бай­ланысты шешім алынып, көп­шілік тарапынан қолдау тауып жатса, оны өркениеттіліктің, зай­ыр­лылықтың белгісі, демо­кра­­­тиялық құндылықтардың ор­ны­ғуы деп түсінгеніміз абзал. Бұдан Парламент жаман жұмыс атқарғандықтан таратылып жатыр деген ой тумауы керек. Өз басым Үндеудегі бесінші шақырылымдағы Мәжіліс өзінің тарихи миссиясын орындады деген пайымға толық қосыламын. Оның Елбасының Ұлт Жоспары бағдарламасын заңдылық тұрғыдан негіздеп бергеніне ешкім дауласа қоймас. Қазір уақыт ауаны да, талабы да мүлдем басқаша. Сыртқы дағдарыс құбылыстары Қазақстанға өте-мөте әсер етіп отырғанын бәріміз сезінудеміз. Алдымызда Елбасы белгілеп берген бес институттық реформа мен дағдарысты еңсерудің серпінді стратегиясын жүзеге асыру сияқты өте ауқымды міндеттер тұр. Бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлының төңірегіне тығыз топтаса отырып, жаңа серпілістер, тың мүмкіндіктер әкелетін шараларды көпшілік болып талмай қарастыруымыз қажет. Сондықтан, ілгері басудың, саяси, экономикалық басым­дықтарды мүлтіксіз орын­даудың бірден-бір кепілі ретінде жаңа тұрпатты Парламент құрыл­са, еш оғаштығы жоқ. Бәсекеге қабі­летті, саяси деңгейі биік, күш-қуаты мол жаңа лек келіп жатса, күрделі кезеңнің биік асуларын бірігіп жеңеріміз анық. Негізгі мақсат – мүдде оза дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жұмылдырылады. – Таңдауды қоғам жасайды деген пікірдесіз ғой? – Енді ше?!. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясы ауыл тұрғындарының, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, шаруа қожалықтарының мүддесін көздейтін саяси құрылым болғандықтан, Қазақстанның әрі қарай табысты өркендеуіне ынталымыз. Ендеше, жаңа Парламент жасақтауда халық қолдауына жүгінудің, сенім мандатын алудың саяси мән-маңызы зор. – Мерзімінен бұрын сайлау­ды тағайындау туралы байлам шығып жатса, саяси додаға қатысасыздар ма? – Әрине! Бізді бірінші кезекте ауылдықтардың өмірі, тұрмысы толғандырады. Парламент мінберінен олардың мұң-мұқтаждары, өтініш-тілектері естіліп, тиісті орындарға жетіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Еліміз үшін тағдырлы кезеңде тарихи мәні бар Үндеуге қолдау жасау саяси көрегенділіктің белгісі деп есептеймін. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.