14 Қаңтар, 2016

Жаңа күш, жаңаша серпін қажет

222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВПарламент Мәжілісінің жалпы отырысы аяқтала салысымен, біз Мәжіліс депутаты Шалатай МЫРЗАХМЕТОВКЕ хабарласып, депутаттардың Елбасына жолдаған Үндеуі жөнінде пікір білдіруін өтінген едік. – Парламент Мә­жі­лісінің бүгінгі жалпы отырысында палата депутаттары бесін­ші сайланған Парла­менттің төменгі палатасын тарату және жаңа сайлауды тағайындау туралы Қазақстан Рес­публикасы Пре­зи­дентінің атына жол­данған Үндеуді бірауыздан қолдады, – деді Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов бізге берген сұхбатында. – «Әр көңілде бір қиял» дегендей, менің жеке басыма Мәжілісті таратып, жаңа сайлау өткізу дұрыс мәселе ретінде көрініп отыр. Себебі, бүгінгі күні алдымызда жаһандық экономикалық дағдарысқа байланысты аса ауқымды мәселелер тұр. Сондай-ақ, Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу стратегиялық жоспарларымыз бар. Ұлы Дала елі деген атқа лайықты болу үшін және жаңа атап өткен ірі бағдарламалар мен жобаларды ойдағыдай іске асыру үшін «100 қадам» Ұлт Жоспарына байланысты тиісті заңдардың барлығын қыркүйек, қараша, желтоқсан айларында қабылдап үлгердік. Сарапшылардың пікіріне қарағанда, қабылданған сол құжаттар сапалы болып шыққан. Биылғы жылдан бастап олар қолданысқа енгізіліп, жұмыс істеп жатыр. Енді алдымызда тұрған осы аса ауқымды жұмыстарды әрі қарай алып кету үшін жаңа леп, жаңа күш қажет деп ойлаймын. Мен бұған дейін де Мәжіліске депутат болып сайланған азаматпын. Рас, әр шақырылымның депутаттары арасында өзіндік ерекшеліктері болады. Мысалы, өзім депутат болған Парламенттің төртінші шақырылымында өте сауатты, өте салиқалы халық қалаулылары болды. – Ал осы шақырылымның өзгешеліктері туралы да білгіміз келеді. – Мәжілістің осы бесінші шақырылымында депутаттық корпусқа жаңа бір леп қосылды. Өйткені, Парламентке өтіп, депутаттық мандатқа өткен саяси партиялардың саны бұрынғы шақырылымға қарағанда, көбірек болды. Сөйтіп, Мәжіліс көп партиялы жағдайда жұмыс істеді. Оның үстіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар да бар. Осылайша, Мәжіліс төрт фракция немесе төрт топ болып жұмыс істеп келеді. Мұны тіпті, бәсекелестік деп те айтуға болады. Сондықтан болар, заң шығармашылық ортада сапалылыққа ерекше ден қою үрдісі қалыптасты. Әлемдік эко­но­ми­калық дағдарыс біздің елімізге де салмағын салып отыр. Еліміз сол қиындықтарды ең­се­руіне, жан-жақты да­му жолын әрі қарай жал­­­ғастыратынына бар­­­­лығымыз сеніммен қа­­рауымыз керек. Се­бебі, дағдарыстан шы­ғуымызға бағытталған қаржы бар, мемлекеттің алдын ала түзген бағдарлама-жоспарлары бар. Сол себепті де, Мәжіліс сайлауын ұзаққа созбай, өткізген жөн сияқты. – Шалатай Мырзахметұлы, сіздердің Үндеуіңіз қазақ­стан­дықтар тарапынан қолдау тауып, оны Елбасымыз қуат­таған жағдайда, Мәжіліс құра­мының қандай болғанын қа­лар едіңіз? – Мәжіліс – заң шығарушы орган. Сондықтан, Мәжіліс депутаттарының арасында заңды өте жақсы білетін заңгерлердің жеткілікті болғаны дұрыс деп ойлаймын... – Сонда заңгер-депутат­тар­дың көбірек болғаны жөн деп отырсыз ғой? – Мәжілісте жеті комитет бар. Әр комитетте кем дегенде екі заңгер-депутат болғаны қажет деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі Мәжілістегі бірқатар комитеттерде заңгер-депутаттар жоқ десе де болады. Олардың көпшілігі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде топтасқан. Екіншіден, Мәжілісте білімді жастардың да көбірек болғанын қалар едім. Үшіншіден, депутаттар арасында елімізде гендерлік саясатқа сәйкес әйел азаматшалардың қатары жеткілікті деңгейде болса деймін. Себебі, әйелдер ер-азаматтарға қарағанда, жинақы жүреді әрі байсалды келеді. Төртіншіден, Мәжілісте кейде артық кеткендерді ақылға шақырып, мәселені ушықтырмай, кеңесе отырып шешуге үндейтін бірнеше тәжірибелі депутаттардың отырғаны да жөн. Парламент заң шығарушы орган. Ол халық пен Үкіметтің арасын байланыстырады. Сол себепті де, Мәжіліс құрамында ауыл-аймақтағы халықтың тұрмыс-жағдайын жақсы білетін азаматтардың да болғаны қажет. Екіншіден, Үкіметте жұмыс істеген тәжірибелі мамандар да депутаттыққа сайланса артықтық етпейді. Өйткені, олар қажет кезінде бір-бірін толықтырып, толыққанды заң қабылдауға мұрындық болады. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».