14 Қаңтар, 2016

Мақсатты әйгілеген бастама

273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
МаксутовҚазақстанды төрткіл дүниеге танытып, қараша халқын жарқын болашаққа қажымай-талмай бастап келе жатқан Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кез келген бастамасы ел ішінде қызу қолдауға ие болып жатады. Әлбетте, мұның сырын тереңнен іздеу керек. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» деген дана халқымыз. Осы тұрғыдан келгенде, біздің көпұлтты халқымыз кешегі күнін – тоқсаныншы жылдардың топалаңындағы ішер асқа, киер киімге жарымай қалған қиын жағдайды ұмыта қойған жоқ. Және де сол тығырықтан халқын аман-есен алып шығып, бүгінгідей төрт құбыласы түгел заманға жеткізген Көшбасшысының ерен еңбегін де әрдайым құрметпен еске түсіріп отырады. Яғни, халқының сеніміне селкеу түсірмеген басшының аузынан шыққан әрбір сөзі, қаламынан туған үзік ойының өзі саналарға әп-сәтте сіңіп, жүректерге жатырқамай ұялайтыны да сондықтан. Ел экономикасының өркендеуі мен халықтың әл-ауқатының артуына игі әсерін тигізіп отырған маңызды алғышарттың бірі – Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын Жолдаулары мен заманның талабына сай дер кезінде қабылдаған ауқымды һәм аса қажетті бағдарламалар деп нық сеніммен айтуға болады. Ал енді Елбасының күні кеше «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бас мақаласы біздің бүгінгі қоғамдық өмірдің сан саласын қамтыған, нақтырақ айтар болсақ, әр саланы бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделеп, болашағын болжаған, сонымен қатар, 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының іс жүзінде орындалуына кепіл болатын аршынды қадам, тарихи құжат. Осы құнды ой, ізгі идеяның негізінде ел экономикасы мен саяси тұрақтылықты сақтау мақсатында 59 заңның күшіне енуінің өзі халық пен билік арасындағы өзара түсінушілікті арттырып, арадағы «алтын көпірдің» беріктігін нығайта түседі. Еркіндігіміздің нышаны Ата Заңымызға құрметпен қарау, жерімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдеріне жер иесі, ел иесі ретінде лайықты құрмет көрсете білу, олардың талап-тілегіне түсіністік таныту, туған еліміздің көркеюі мен кең-байтақ жеріміздің гүлденуі жолында бар күш-жігерді жұмсау – Мемлекет басшысы нақтылаған бағдарламалардың ел игілігіне қызмет етуіне оң ықпалын тигізері сөзсіз. Түптеп келгенде, мұның өзі, Елбасы айтқандай, «...өз жеріміз бен оның байлығының ұқыпты иесі болуға...» үндейді, үйретеді. «Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар», деп жазған Елбасы сөзінің астарына үңілер болсақ, алғаш егемендік алған тұста өмірге келген осы бір айшықты бағдарламаның негізінде көптеген іргелі істердің атқарылғанына және де оның мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне игі ықпалын тигізіп жатқанына көзді анық жеткіземіз. Ендігі кезең «Жаңа қазақ­стандық арманды» жүзеге асыра отырып, «Біздің Қазақстанымыз серпіндірек, лайықтырақ, сенімдірек және дәулеттірек болады» деген оймен алға қарай қарышты қадам басу. Егемен еліміздің сеніммен ілгері жылжуына жағдай жасау, оны жүзеге асыратын «Мемлекетті кәсібилендіру», еліміздің жарқын болашағы жолында қызмет ететін азаматтардың «бес қаруын» түгел сай қылып, білім-біліктілігін арттыру мәселесі де тілге тиек етілген. «Құқық тәртібі және заңдылық», «Бюрократтық шығынсыз эко­номикаға қадам басу», «Сыртқы инвестициялардың жаңа көз­дері», «Инновациялық индус­трияландыру көкжиектері», «Әлеуметтік жаңғырту ынталандырушылары», «Реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол», «Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет», «Мемлекет функцияларын бәсекелестік ортаға және жергілікті өзін-өзі басқаруға беру», «Ұлт Жоспары – Қазақстанды кең ауқымды Жаңғырту жобасы» секілді тараулар еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық жандауына басымдық бермек. Ел тілегі – бейбітшілік. Осы қастерлі де қасиетті ұғым адамзат тіршілігінің басты өлшемі. Біздің елімізде түрлі ұлт пен ұлыстардың бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, бір мақсат, бір мүдде жолында бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып келе жатқаны қандай ғанибет! Біздің ауданның халқы да Елбасы атап көрсеткен басым­дықтарды зор ықыласпен қабыл­дап, олардың орындалуына бар күшін салады деп сеніммен айта аламын. Президенттің Жол­даулары мен кемел келешекке жол нұсқаған бағдарламаларын әрдайым негізге ала отырып әрекет ететін біздің ауданның қазіргі таңдағы көрсеткіштері де көңіл көншітерліктей. Мысалы, өткен жылы қол жеткізген табыстарымыз осындай іргелі бағдарламалардың негізіндегі жұмыстардың жемісі деп айтуға болады. Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген эконо­микалық саясатты жүзеге асыру, индустрияландырудың жаңа мемлекеттік бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы өзге де шаралардың іске асырылуы – аудан экономикасының дамуында біршама оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бер­ді. Нақты айтар болсақ, өткен жылғы он бір айдың қорытындысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,5 млрд. теңгені, ауылшаруашылық өнімінің көлемі 14 млрд. тең­гені құрады. 1605 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, аталған салада тұрақты жұмыс істей­тіндердің саны 3 302 адамға жетті. Мемлекеттік бюджетке жалпы 1019,8 млн. теңге түсті, яғни жоспар 110,5 пайызға орындалды. Аудан бойынша 2015 жылдың 11 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14,3 млрд. теңгені құрап, жоспар 2014 жылдың осыған сәйкес уақытымен салыс­тырғанда, артығымен орындалып, 172, 9 пайызға жетті. Жалпы, Елбасының сындар­лы саясатынан туындаған өміршең реформалар мен өрлеуге серпін беретін бағдарламаларды жү­зеге асыру, жыл сайынғы Жолдау­лардағы нақты көрсетілген міндеттерді орындау барысында Қарқаралы сынды қасиет пен құт қатар қонған ауданның қол жеткізген табысын толайым деуге негіз мол. Елбасының қандай да болсын қабырғалы шаруалардың іске асуына қозғау салып отыратын бастамалары ел экономикасының өрлеуіне ғана емес, адамдардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына да зор ықпалын тигізіп келеді деп сеніммен айтуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің қаламынан туған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақаласын халқымыздың асыл армандарына қанат бітіретін құнарлы ой, құнды идея, қуатты сөзбен өрілген рухани құжат деп бағалаған жөн. Халел МАҚСҰТОВ, Қарқаралы ауданының әкімі. Қарағанды облысы.