14 Қаңтар, 2016

Елді елең еткізген бастама

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_5456+Кеше елордада Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров, Ирина Аронова, Владислав Косарев, Азат Перуашев, Меруерт Қазбекова және Айқын Қоңыровтың қатысуымен брифинг өтті. Басқосуда Мәжілістің жасақталуына негіз болған «Нұр Отан», «Ақ жол» және Қазақстан коммунистік халық партиясының (ҚКХП) атынан сайланған бұл депутаттар Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату туралы бас­тама көтерді. Сондай-ақ, жиында аталған партиялық үш фракцияның Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы Үндеуі жария етілді. Жиында бірінші кезекте сөз алған депутат, «Нұр Отан» пар­тиясының Мәжілістегі фрак­циясының өкілі Нұрлан Әбді­ров Парламент Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәслихат депу­тат­тарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Үндеуінің мәті­нін жария етті. Сондай-ақ, ол дағ­дарыс­қа қарсы шараларды тиімді жүзе­ге асыру үшін кең ауқымды қоғам­дық бірігу қажет екеніне тоқта­ла келіп, тек бірлік пен үйле­сімді іс-әрекеттер ғана жаңа эконо­микалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Үндеуде айтылғандай, еліміз­дегі ре­фор­маларды жүзеге асыру жө­нін­дегі іс-әрекеттерімізді бар­­лық деңгейде үйлестіру үшін Пар­ла­­мент сайлауын жергілікті мәс­ли­­хат­­тар сайлауымен қоса өткізу қажет. Сонымен қатар, Үндеуді жариялаған Н.Әбдіров: «Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзаққа созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Осы айтылған ұстанымдарды негізге ала отырып, біз Мемлекет басшысына Қазақстан Президентінің 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және Парламент Мәжілісі депу­таттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындау жөнінде Жарлығын қабылдау туралы бастамамен жүгінеміз», – деді. Үндеудің орыс тіліндегі мәтінін оқыған депутат, Қазақстан коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косарев бұл бастаманың дер кезінде көтеріліп отырғанына назар аудара келіп: «Біз барлық қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды, барша азаматтарды осы бас­таманы қолдауға үндейміз. Біз елдің жаңа әрі жауапты даму кезеңіне аяқ басып отырмыз. Сондай-ақ, тұтастық пен орнықты дамуды сақтап, нығайту арқылы ғана мемлекетімізді дамудың жаңа көкжиегіне шығарамыз. Біздің Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Біздің Отанымыз да, тағдырымыз да бір», – деді В.Косарев. Ал Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының төрағасы, депутат Азат Перуашев өз сөзінде Мәжілістегі партия фракцияларының бастамасын толық қолдайтынын мәлім етті. Сонымен қатар, ол Үндеудің маңыздылығына назар аудара келіп: «Ұлттық кәсіпкерлер партия­сы ретінде біз еліміз үшін аса маңызды әрі жауапты кезеңде жыл бойы сайлауға алаңдамай, Мәжілістің кезектен тыс сайлау­ын неғұрлым қысқа мерзімде өткізу керек деп санаймыз. Содан кейін елімізде тың жобаларды іске асыруға кезек күттірмей кіріскен абзал», – деді. Басқосуда депутаттар саяси партияларды ықтимал жаңа сайлауда әділ әрі ашық күрес жүргізуге шақырды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.