11 Қаңтар, 2016

Интернет алаяқтары астаналықтарды алдап соқты

701 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
11-01-2016-internet 01АСТАНА. 11 қаңтар. Астана қалалық ішкі істер департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына интернет арқылы алаяқтық жасайтындардың пайда болғанын ескертті. Бүгінде астаналық тергеушілер сондай алаяқтарға сеніп, ірі көлемдегі ақшаларынан айырылған бірнеше жәбірленушінің шағымы бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталған департаменттің тергеу бөлімінің бастығы, полиция майоры Алмат Ақытаевтың айтуынша, барлық жағдайда алаяқтар қарапайым қылмыстық жүйе бойынша әрекет еткен. Бұл жөнінде ол: «Жәбірленушілер интернет арқылы арзан бағаға жылжымайтын мүлік немесе басқа да тауарларды табады. Алайда, олар куәландыратын құжаттарының дұрыстығы, мемлекеттік органдарда тіркелгендігі сынды тиісті тексерістерді жүргізбестен «сатушылармен» хабарласқан. Сол кезде арнайы жоспар бойынша өздерін сатушы ретінде таныстырған алаяқтар құрбандарын шетелде жүргеніне сендірген. Осылайша істің байыбына бармаған жәбірленушілер «сатушыға» төлем қабілеттілігіне кепіл ретінде Money Gram және Western Union жүйелері арқылы келісілген соманың бір бөлігін аударған. Осы ретте көп жағдайда ірі көлемдегі ақша аударылғанын атап өткен жөн. Аударылған ақша жәбірленушілердің өз аттарына немесе бірегей кодын көрсету арқылы олардың туысқандарының атына түскен. Осыдан кейін алаяқтар банк құжаттарын бірегей кодсыз сканерлеп, электронды пошта арқылы өздеріне жіберулерін сұраған. Аз уақыттан кейін белгісіз біреулер көрсетілген қаржыны аталған шоттан алып отырған. Міне, дәл осы кезде кейбір жәбірленушілер Шотландия, Португалия, Франция сынды Еуропа елдерінде Money Gram және Western Union жүйелері арқылы аударылған ақшаны алу үшін бірегей кодтың қажет еместігін анықтаған», – дейді бөлім бастығы. Тексеріс кезінде алаяқтардың жәбірленушілермен байланысқан IP адресі жоғарыда аталған елдерге тиесілі екені белгілі болды. Сол себепті, Астана қалалық ішкі істер департаменті тұрғындарға электронды сауда жасау кезінде аса сақ болу керектігін қатаң ескертеді. Еламан Қоңыр. Дерек: Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Сурет: fishki.net.